• RUB:
    6.44
  • USD:
    507.8
  • EUR:
    580.82
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Маусым, 2025

Сауда-экономикалық байланыс жайы талқыланды

70 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов пен елімізге алғашқы ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радев Мемлекет басшыларының келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.

Кездесуде Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізіл­ген келісімдерді толық іске асыруға ниетті екенін айтты. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақ­тас­тыққа айрықша назар аударды. Атап айтқанда, отандық органикалық ауыл ша­руашылығы өнімдерінің өзара сауда­сын кеңейту мен оны қайта өңдеу және экспорттау, химия, қосылған құны жоғары тауарлар бойынша бірлескен кәсіп­орын­дар құру мүмкіндіктері қаралды.

Ынтымақтастықты одан әрі арт­тырудың негізгі платформаларының бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты – «Орта дәлізді» дамыту мәсе­лесі ал­ға шықты. Сонымен қатар екі елдің биз­нес-топтарының ақпараттық технологиялар, фармацевтика, туризм, сондай-ақ жалпы тәжірибе алмасу саласындағы инвестициялық өзара іс-қимылын ілгерілету перспективалары талқыланды.

Болгария Қазақстанның Еуропалық одақтағы ең ірі 15 сауда серіктесінің қатарына кіреді. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 375 млн долларға дейін артты. Қазіргі уақытта жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жалпы құны 117 млн доллардан асатын бірлескен жобалар пысықталып жатыр.