• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Сұхбат Кеше

Иран-Ғайып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Қазақтар көп болса екен жер бетінде...

40 рет
көрсетілді

Елімізге белгілі ақын Иран-Ғайып шығармашылығы көбімізге таныс әрі жақын. Айбарлы ағамыз соншалық мейірбан, ақеділ жүрек деп ойламаған едік. Мұны өзімен жолыққанда аңғардық. Жақсы көріп, жанына еріп, талай-талай естелік тыңдадық.Бүгін де ақынның үні асқақ, көңілі жарқын. Кәтепті қара нардай тұлғамен ә дегеннен әңгімеміз жарасып сала берді.

– Жақында ғана Махамбет атын­дағы сыйлықтың лауреаты атандыңыз, құтты болсын! «Иран-Ғайып» деген есім кездесе бермейді. Ерекше есі­міңізге тоқталсақ.

– Әкем 44 жасында көрген тұңғы­шына ерекше атты лайық көрген екен. Дос­тарының баласы отау құрып жатқанда, мен әкемнің Құдайдан ұзақ күткен, тілеп алған баласы болдым. Әу баста азан шақырып қойған есімім – Иран-Ғайып. Алайда метркеме (туу туралы куәлік) ауылдағы бір құлағы мүкіс еститін кісі Иранбек деп жазып жіберген. Кәмелеттік аттестат алатын кезде туу туралы куәлігімде аты-жөнім Иранбек Әбітайұлы Оразбаев екені белгілі. Сөйтіп, институтта оқыған кезден бас­тап әдебиетте осы атпен жүрдім. Кейін ілкі есіміме оралдым. Ерен ғайып қырық шілтен, қоңыр аңдар мен төрт түліктің желеп-жебеушісі ерен көрініп, ғайып болатын қырық әулие (шілтен – парсыша 40) бейнесінде Ғайып пен Ерендi қазақ егіз періште дейді. Кішкентай кезімде әкем жұмыстан қажып келіп, алдыма «Мың бір түн» кітабын қойып, «оқы» дейтін. Солай жүріп көптеген эпосты тауыстым. Қазір бір жырды бастасаңыз, соңына дейін айта беремін.

– Қайбір сөзіңізде биылғы Жеңіс күнгі шерудің ерекше әсер еткенін айтып едіңіз.

– 7 мамыр күнгі шеруді арнайы көрдім. Осы жаңа ғасыр басталғалы бері, менің кеудемді мұндай қуаныш кернеген емес. Біз де үлкен ел екенбіз ғой, оның арнайы қарулы күштері бар екенін және бәрі бүгінгі талапқа сай келетінін көріп қатты қуандым. Сарбаздарымыз қандай тұлғалы, денелі, сымбатты. Осының бәрін көзбен көріп, ең соңында Көк туымыздың суреті аспанға салынғанда өзімді-өзім тоқтата алмадым. Көк бізді жарылқап, Туымыз төбеге шықты ғой деп азаматтық сезімім атойлап сала берді. Біз тәуелсіздіктен бері неше түрлі жайтты көрдік. Айтайын дегенім, бүгінгі Президентіміз Мәскеуде оқып, үлкен қызметтер атқарды. Президент бола салысымен отқа да түсті, суға да түсті, апатқа да ұрынды. Міне, бәрінен елін аман алып шықты. Жасымыз еңкейіп, басымыз жерге жетіп тұрғанмен көрер жарығымыз болса, жақсылықты біз көрейік, біз көрмегенді ел көрсін, ұрпағымыз көрсін.

– Мәскеуде Әдебиет институтында оқыдыңыз. Бұл оқу орны сізге не берді?

– Александр Петрович деген ұстазы­мыз поэзиядан дәріс оқыды. Бірінші күні Пушкиннің «Моцарт пен Сальериін» екі аудармасында да қойды, екеуін екі түрлі адам оқыған. Әр ай сайын бір ақынды талқылатып, өлең оқытатын. Өте білікті, білімді ұстаз еді. Алдынан Мұқағали Ма­қа­таев, Жұмекен Нәжімеденов, Са­быр­хан Асанов ағалары­мыз оқыған. Бірақ бұл кісі аудармашы болса да қазақ ақын­дарын көп аударған жоқ, ең бірінші аударған ақыны мен едім. «Қорқыттың көрі» атты драмалық шығармам орыс тілінде «Жазушы» баспасынан кітап болып басылды.

– Мұқағалимен хат алыстыңыз, жақын жүрдіңіз. Аз-кем естелік айта кетсеңіз.

– Мұқағали екеуміз мұңдас едік, күн сайын қауышқан кезіміз болды, жылап-еңіреп қоштасатынбыз. Кейін Мәскеуге кетіп, ол жақтан тез қайтып келді. Солай жүргенде Мұқағалиға арнап өлең жаздым. «Жеті атаңның жерік ас қорегі ме, Пайдасы жоқ өміріңе, өлеңіңе, Абыройдан алаңсыз ада қылар, Осы арағы түскірдің керегі не?!» деп бас­талатын. Осы өлеңіме жауап жазғанда маған қатты ренжіп жазды. Біреулер Лашын жеңгеміз туралы анау-мынау деп жатады, мен ол кісі туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі ақынның азабын, мехнатын өзімен бірге бұл кісі де көтерді. Балаларын асырап, аман-есен өсіріп шықты. Кейіннен ақынын ел бағалап, алақанына салды, жеңгеміз де жақсы болды, көрген бейнетінің зейнеті ғой деп ойлаймын. Мұқағалидың бір шоқтығы, өмірінің соңында Нұрғиса Тілендиевпен бірге біршама ән жазды, сол да оның елге есімінің жетуіне әсер етті. Ақын ағаның өлімін маған Ерлан Бағаев хабарлады. Бір аптадан соң Қызылордадан Алматыға жеттім. Өмірден өткен кезде ұзақ уақыт жыр жазып, жоқтап жүрдім.

– «Қорқыттың көрі» секілді бірша­ма пьесаларыңыз сахналанды. Драма­тургияға қалай келдіңіз?

– Мәскеуде ұстаздар лекция оқитын. Сол уақыттан қызығушылығым оянып, қолыма түскен классиктердің барлығына жуығын оқыдым. Өзім де жаза бастадым, ең алғаш «Тоғызыншы балл» деген пьеса жаздым. Мәскеуде Нұр­тас Исабаев деген ақын інім оқыды, «көке» деп келіп тұратын. Бірде бөлмесіне шақыр­­ды, қарасам қабырғасында Айва­зовский­дің әйгілі суреті ілініп тұр екен. Сұрап алып, өз бөлмеме іліп қойдым. Кейін Ай­вазовскийдің сол «Тоғызыншы балл» деген картинасына қарап пьесамды жа­зып шықтым. Ол орыс тіліне аударылып, жақында «Простор» журналына шықты.

– Сіздегі мұң неге зарлы?

– Бұл менің есіміме де байланысты болуы керек. Алдында туған ағаларым шетіней беріпті, одан соң «осы аман болсын» деп тілеуімді тілеген ғой. Сондықтан мен зілдің астынан шыққан олжа бала секілді болғам. Сол әкенің маған жұққан қасіретінен болу керек, зарлы болғаным.

– Өміріңіздегі ең тосын, ең күрделі кезең есіңізде ме?

– 1990 жылы «Ей, ақ бас тау, кеп тұрмын астанаға, құрбандыққа тағы ақын керек пе?» деп Алматыға келгенбіз. Сол жылы менің орныма құрбан боп Мұнар деген балам қайтыс болды. Сол өлім маған өте ауыр тиді. Содан кейінгі өмірімді еміс-еміс қана білемін. Он шақты жыл есім бірде бар, бірде жоқ күйі өмір сүрдім. Көзімнің жасын тыя алмай көшеге шығып кететінмін. Сексенге таяғанда енді аяғыма тұрған сияқтымын, енді-енді тәй басып, ақырын қаз тұрып келе жатқандаймын.

– Кімнен көп жақсылық көрдіңіз?

– Маған көп жақсылық жасаған екі адам болса, бірі – Иманғали Тасмағам­бетов, бірі – Заманбек Нұр­қаділов. 50 жасымда Ғ.Мүсірепов атын­дағы театрда Досхан Жолжақсынов мерейлі жасымды атап өтейік деп, дүркіретіп кеш жасады. Соның алдында Мұнар қайтыс болып, араға біршама уақыт салып Жайын-Шах деген ұлым дүниеге келген. Сахнаға Досхан сол ұлымды көтеріп шығып, «міне, Мұнардың орнына Жайын-Шах келді» деді. Бүкіл халық кеш бастал­ғаннан аяғына дейін жылап отырды. Сол кешке Заманбек Нұрқаділов пен Зейнолла Қабдолов қатысып, тамашалады. Зейнолла Қабдолов «Бұл Иран-Ғайып емес, Иран-Ғажайып қой!» деп 45 минуттық сұхбат берді. Ал Заманбек сол кештен соң жағдайымды сұрап, қамқорлық көрсетіп тұрды.

– Қазақ несімен ұлы халық?

– Қазақтың ұлылығын айту керек емес, сезіну керек. Сол үшін де мен «Қазақтар көп болса екен жер бетінде» деп өлең жазғанмын. Ескі грек бар, Дантеден бас­тап оқып келгенде, жақсы дүниенің бәрі қазақша ұғымнан шығатын сияқты маған. Неге десеңіз, біздің Қазақстандай жер жоқ қой! Бүкіл көл де, өзен де, теңіз де, тау да, дала да, шөл де, жан-жануар да қазақ жерінде бар.

– Орыс ақыны Николай Забо­лоцкий «поэзия толық болуы үшін ең қажеттісі әуен, образ, ой деп еді. Ал сіз үшін поэзияға ең алдымен не керек?

– Поэзияға қолдан келгеннің бәрі керек. Этика, эстетика, математика, геомет­рия, әр қырынан көре білу керек. Бүкіл ғылым атаулының бәрі керек, әсіресе физика қажет.

– Неден қорқасыз?

– Әбіл мен Қабылдың кебін құшқан, Ресей мен Украина қырғынына байланыс­ты жазыл­ған өлеңіммен жауап берейін. «Уақыт – құрсан кемиек, көк – зұлмат жер­ге емінед, Бұ дүниемнен о дүнием, бол­сашы жарық, кеңірек...»

– 18 жастағы Иран-Ғайып пен 80-ге таяған Иран-Ғайыптың айырмасы қандай?

– 18 жастағы Иран-Ғайып қазіргі Иран-Ғайыптан айнымайды. Ортасындағылар олай емес. Мен кішкентай кезімде жылай бере­­тінмін. Біреу «ассалаумағалейкүм!» десе де, «айналайын» десе де, сабақ үстін­де кейде жылап тұрып жауап бере­­­тін­­мін. Ал енді қазір 78 жасымда да дәл солай жылай беремін. Сені көрсем де, бас­қаны көр­сем де жылағым келіп тұра­ды.

– Біршама әндердің өлеңін жазға­ныңыздан хабардармыз.

– 2000 жылы Заманбек Нұрқаділов «Жаңа ғасырға жаңа ән» деген байқау ашып, 5 әнге номинация жариялады. Конкурста 25 мүше қазылық етіп, 1500-ге жуық ән қатысты. Сол бәйгеде Бибігүл Төлегенова жүлдегерлердің атын жариялап, өзі айтып отырды. Гран-приді кім алды дегенде, «Өмір» әні, «музыкасы Иран-Ғайып, сөзі Иран-Ғайып» деді. Сонда бірінші орынды Еркеғали Рахмадиев ағамыз алды, екінші орынды Секен Тұрысбек иеленді, үшінші орынды Алтынбек Қоразбаев қанжығасына байлады. Менің одан басқа қазір халық айтып жүрген көптеген әндерім бар. Бір күні үйге әнші Роза Рымбаева келді. Содан Розаның қайғысы мен бақытын түсініп, тұтас өмірбаянын жасап шықтым десем болады. 40-50 әніне сөз жазып шықтым.

– Жаратушыдан не тілегіңіз бар?

Адамзат, жан-жарасын емдетуге,

қазақтар көп болса екен жер бетінде.

Табиғат – айналуда кер кетуге,

Қазақтар көп болса екен жер бетінде.

Көзінің жасын кей елдер көлдетуде,

Қазақтар көп болса екен жер бетінде.

Жетімменен жесірді еңіретуде,

Қазақтар көп болса екен жер бетінде.

Еркекті – еркек, әйелді – әйел «жерік» етуде,

Қазақтар көп болса екен жер бетінде.

Бар ғалам

Күллі әлемді

Тербетуге,

Қазақтар көп болса екен жер бетінде.

Екі бірдей дүние келбетінде,

Қазақтар көп болса екен жер бетінде...

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Батырхан Сәрсенхан,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар