Заманында Орта жүзді отыз жылдан астам билеген Әбілмәмбет ханның данагөй кеңесшісі, аталығы, қолбасшысы Сайдалы-Барқы Нияз батырдың есімі кейінгі кезеңде кеңінен танымал бола бастады.
Нияз Барқыұлы – Арғынның атақты батыры, биі. Абылайдың Бұқара, Хиуа хандарымен, қырғыз манаптарымен болған соғыстарына белсене қатысып, ержүрек батырлығымен, азаматтық парасат-пайымымен аты шыққан. Осы соғыстардан кейін Абылай хан Нияз Барқыұлына Ташкент қаласының төңірегіндегі біраз аймақты билеуге береді. Сөйтіп, Нияз батыр Ташкентті 20 жыл (1728–1748) билеген. Қартайған шағында қазіргі Жаңаарқа ауданындағы Ортау, Ақтау деген жерге көшіп келген.
Маньчжур тіліндегі Қазақ тайпаларындағы отбасы саны туралы тізім дәптерінде (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. ІІІ том. – Алматы, «Дайк-Пресс», 2006. 38-б.) 1758 жылы Нияз батырдың билігінде Алтай-Арғынның 3000 отбасы, Абақ-Керейдің 500 отбасы болғаны жазылған. Басқа рубасылардың қоластындағы шаңырақтардың саны анағұрлым аз. Аталған жылы Бөгембай батырдың билігінде Қанжығалы Арғынның 2000, Наймантай батырдың билігінде Тарақты тайпасының 400-ге жуық, Қазыбек бидің билігінде Қаракесектің 2000, Барақ батырдың билігінде Көкжарлы Найманның 1000 отбасылары ғана болған.
Нияз батыр қыс айларын хан ордасында, Түркістанда өткізгенімен, жаз жайлауға Ақтау, Ортау, Қызылтауға, Есіл, Нұра, Сарысу өзендерінің бойына, Қорғалжын көліне, Қарқаралыға, Қазылыққа, Аюлы мен Қаракөлдің аумағына көшіп келіп, қоныстап жүрген. Жоғарыда аталған Маньчжур тіліндегі Қазақ тайпаларындағы отбасы саны туралы тізім дәптерінде: «Биыл Алтай-Арғындардың Қазыбек би, Нияз батыр сынды адамдары Қарқаралы, Қазылық жерлеріне қоныстанған», деген жазбалар кездеседі.
Жоңғармен соғыста елдің басын біріктіруге Нияз батыр зор күш жұмсады. 1734 жылы Сәмеке хан өлген соң, кемі 3-4 жылдай Орта жүзді Нияз батыр биледі деген болжам бар. Өйткені тарихи құжаттар бойынша Әбілмәмбет хан тағына 1737–1738 жылдар аралығында ғана отырған. Ресейдің ірі тарихшысы А.И. Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» атты зерттеуінде: «После кончины Самеке в Туркестане некоторое время правил батыр Нияз, активно поддержавший притязание султана Абулмамбета на ханский трон в Среднем жузе», деген жолдар бар.
Орыс архиві құжаттарындағы Нияз батыр туралы деректер негізінен 1740–1742 жылдар аралығын қамтиды. 1740 жылы Орта жүз бен Кіші жүз өкілдерінің Орынбор қаласында орыс патшалығының елшісі, Орынбор комиссиясының бастығы В.Урусовпен жүргізген келіссөзінің барысында Нияздың есімі жиі аталады. Бұл жолы Орта жүз өкілдігін Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Нияз батыр бастап барды. 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыдан» да асып түскен, ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарының аяғында қайта басталған жоңғар шапқыншылығы Орта жүздің игі-жақсыларын осылайша орыстан пана іздеуге мәжбүр еткен еді.
Орыс патшалығы Орта жүзді бодандыққа қабылдауға мейлінше ынталы болып, келіссөзге қатты мән берді. Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Нияз батыр бастаған топты 1740 жылы 28 тамызда Орынборда ерекше салтанатпен қарсы алып, қабылдау рәсімін өткізді. Бұл оқиғаны егжей-тегжей қағазға түсіріп, хаттамалаған, кейіннен Орынбор өлкесінің тарихын зерттеумен атағы шыққан капитан П.И.Рычковтың жазбалары архивте сақтаулы.
Әбілмәмбет бастаған топ генерал-лейтенант В.Урусовтың сарайына таянғанда елшілікті Орынбор комиссиясының бастығы, генерал-лейтенант В.Урусов қарсы алған. Әбімәмбет пен Абылай хат ұсынып, оны елшіліктің хатшысы П.Рычков оқып болғаннан кейін, В.Урусов жауап ретінде сөз сөйлеген.
Орынбордағы келіссөздің барысында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Ресейге адалдықтары жөнінде басына құран көтеріп, ант берді. Осыдан кейін Орынбор басшылары дастарқан жайып, хан мен сұлтан бастаған қазақтың би-батырлары мен рубасыларына сый көрсетті. Ақ патшаның, қазақ елшілігінің құрметіне зеңбіректер атылып, салют берілді. Әбілмәмбет ханға, Абылай сұлтанға, Нияз батырға өз дәрежелеріне сай сыйлықтар ұсынылды. Әбілмәмбет пен Абылайға қымбат маталар мен қара түлкінің терілері берілсе, Нияз батырға ою-өрнекпен безендірілген қылыш және қызыл шұғадан шекпендік мата тарту етілді. Осы жиын кезінде генерал-лейтенант В.Урусовпен көп әңгімелескен Нияз батыр туралы орыс тарихшысы П.Рычков өте жоғары пікірде болған.
Орынборда Нияз батыр өзінің бұрынғы танысы, Пенза гарнизоны жаяу әскері полкінің секунд-майоры К.Миллерді кезіктіреді. П.Рычков К.Миллердің Нияз батыр қатысқан бір үлкен тойда Ниязға арақ ішіп, көңілденіп отыруды ұсынғанын жазады. Оған Нияз арақ-шарапқа қызып, масайрап отырған бір батырды көрсетіп, ондай болғанымша, өлгенім жақсы деп жауап берген. Бұл жерде Нияздың саламаттылығын, әрі ел тағдыры қыл үстінде тұрған шақтағы асқан жауапкершілікті сезініп, ат жалын тартып мінген ел азаматтарының ақыл-есі түзу болуын тілегенін аңғаруға болады.
Поручик Карл Миллер подпоручик геодезист Алексей Кушелевпен бірге 1738 жылдың 29 тамызынан 1739 жылдың 5 маусымына дейін Орынбордан Ташкентке шеккен сапары туралы жазбасында 13 наурыз күні Нияз, Жәнібек батырлардың Жиын, Баян батырлар арқылы хат жіберіп, өзін Түркістанға шақырғанын баяндайды. Иісі қазаққа мәлім Баян сияқты батырға сөзі өтіп, шабарман ретінде жұмсауы Нияз батырдың дәрежесінің өте жоғары болғанының айғағы. Қазақ тарихынан ойып алған орыны бар Жәнібек батырға баласын жоңғар қоңтайшысына аманатқа неге бергені туралы қойылған сауалға: «Нияз батыр айтқан соң беріп едім», деген жауабы да Нияздың беделінің биіктігін дәлелдейді.
Нияз батыр қазақ жерінің тарихын алғашқылардың бірі болып хатқа түсірген П.И.Рычковқа көптеген мәлімет берген адам. Қазақ хандарының шежіресін Әбілмәмбетке дейін таратып берген де, қазақ руларының ара-қатынасын айтып түсіндірген де, оңтүстіктегі қазақ қалаларының жағдайы туралы әңгімелеп берген де Нияз батыр. Бұл мәліметтер кейіннен П.И.Рычковтың «Топография Оренбургской губернии» атты еңбегіне арқау болды.
1740 жылғы тамыздың аяғы, қыркүйектің басында өткен Орынбор келіссөзінде Нияз батырдың белсенді араласуымен көптеген мәселе талқыланды. Бұл мәжілістерде қазақ қолындағы орыс тұтқындарын босату, Санкт-Петербордағы ақ патшаға елшілік жіберу, Ресей керуендерін тонауды тоқтату, оларды салық салмай, аман-есен өткізу, 1733 жылы Ташкентке жақын жерде тоналған керуеннің тауарларын қайтару, ел ішіндегі ұры-қарыны тыю мәселелері жан-жақты сөз болды.
Орынбордағы кездесуге, қазақ жерінде орыстан жасырынып жүрген башқұрт көтерілісінің көсемі Қарасақалға байланысты 1740–1743 жылдардағы келіссөздерге де Нияз батыр түгелдей қатысты. 1741 жылы Құба қалмақпен жасалған келісім кезінде де Нияз батыр белсенді қызмет атқарды.
1740 жылы қытайдың Цин патшалығымен бітім жасасып, ту сыртын қауіпсіздендіріп, әрі орыс патшалығының Орта жүз халқына жасаған опасыздығына масайраған қалмақ қолы бұрын-соңды болмаған жойқын шабуылға шықты. 1741 жылы қазақ жерін қапсыра, үш жақтан «Сүзекенің қолы» атанған Септен ноян, Сары Мәнжі, Жалбы батыр бастаған жоңғар әскері шабуылдағанда, Ресейден еш көмек болмағандығы былай тұрсын, пана іздеп, қашқан бала-шағаға дейін қуалап, қамалдарына жолатпады. 30 мың жоңғар әскері әсіресе, түйелерге артқан 3 мыңдай зеңбіректерімен қазақ ауылдарын қан қақсатып, тоз-тоз қылып жіберді. Есілдің бойындағы Шілікті, Шідерті деген жерлерде 200 сарбазбен ғана қарсы тұрып, ұрыс ашқан Абылай ханды, сәл кейінірек Барақ сұлтанды, уақ Өтеген батырды, Тұрғын сұлтанды, Қаптуған батырды тұтқындады.
Осындай ел басына күн туған аса күрделі жағдайда қазақ халқының қанды қырғынға ұшырап, тарих сахнасынан жойылып кетпеуін мұрат тұтқан Нияз батыр сынды тұлғалар қазақ-қалмақ арасында мәмілегерлік жұмыстар жүргізіп, бейбіт келісімге келіп, кепіл ретінде өз балаларына дейін қалмақ қонтайшысына аманатқа берді.
Әбілмәмбет хан Абылайды тұтқыннан құтқаруға үш рет әрекет жасаған. Алғашқы болып 30 адамды бастап Ақшора батыр барған. Бұл елшілікті Қалдан Серен менсінбей, алты адамын ғана қайтарып, қалғандарын аманатқа алып қалған. Қазыбек би бастап барған екінші елшілік те нәтижесіз болған. Тек Әбілмәмбеттің баласы Әбілпейізді аманатқа алып барған Нияз батырдың сапары ғана сәтті аяқталып, 1743 жылы наурызда Абылай сұлтан баласымен және жолдастарымен тұтқыннан босатылған. Нияз батыр бел ортасында жүрген осы бір дипломатиялық шаралардың нәтижесінде Ташкент пен Түркістанда, Сарыарқада тыныштық орнады.
Көпшіліктің есіне салатын тағы бір мәселе бар. Халқымыз тарихында Нияз есімді бірнеше адам болған. Олардың бірі – Әбілқайыр ханның жақын туысы Нияз сұлтан. Екінші Нияз – Қыпшақ руының беделді биі, Нияз батырдан бір ғасырдай уақыт кейін өмір сүрген адам. Нияз бидің Жанбосын деген баласынан қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті көсемі, қарадан хан сайланған атақты Әбдіғаппар (1870–1919) туады.
Сайдалы Барқы Нияз батырдың Әлдеберлі, Байназар, Жаназар, Жұмай, Тоқсан, Рақпанғұл, Қарағұл деген балаларынан ұрпақ бар. Батырдың сүйегі қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген.
Батырдың есімін қайта жаңғырту, ұлықтау ісі кейінгі жылдары қатты қолға алына бастады. Бірнеше рет ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы орталығындағы мемориалдық кешенде, Осакаров аудандық музейінде батырдың бюсті орнатылған. Жаңаарқа ауданының орталық көшелерінің бірі Нияз батыр есімімен аталады, алдағы уақытта осы көше бойына еңселі ескерткішін орнату жоспарда бар.
Нияз батырдың өмір жолы әлі де болса жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Екатеринбургтегі, Орынбордағы, Омбыдағы, Ташкенттегі, Қытайдағы мұрағаттарға ұлт зиялылары, тарихшылары арнайы барып, сонда сақталған жазбаларды көтеріп, батырдың халқына сіңірген орасан зор еңбегін түбегейлі зерттесе құба-құп болар еді. Қалай дегенде де бір тайпа елдің ұранына айналған аңыз тұлғаның есімі ұмытылмай, ұрпақ жадында жаңғыра берері хақ.
Шәйзада ӘБІЛДИН,
зейнеткер
Ұлытау облысы,
Жаңаарқа ауданы