Осы жылдың басынан бастап Қазақстанда кене энцефалитінің 17 жағдайы тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігі бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 жағдайға көп екенін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Ведомство кене шағу дерегінің артуын күн райының ерте ысуымен байланыстырып отыр. Кене энцефалиті дерегінің ең көбі, 6 жағдай Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Сондай-ақ, Ақмола облысында 4 адам зардап шеккен, Шығыс Қазақстан облысында – 3, Алматы облысында – 2 адам, Павлодар облысында және Алматы қаласында бір-бірден инфекция жағдайы анықталған.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандары кенеге қарсы өңдеудің көктемгі турын өткізген. Ал 279 қолайсыз елді мекендердің айналасында санитариялық қорғау аймақтары құрылған.
Кене шағуынан сақтану үшін мынадай ережелерді сақтаңыз: ● дененің және киімнің ашық жерлерін өңдеу үшін репелленттерді қолданыңыз;● жабық киім киіңіз: ұзын жеңді жейделер, шалбарды шұлыққа салыңыз, басыңызға орамал байлаңыз немесе бас киім киіңіз;● киім мен денені үнемі тексеріп отырыңыз;● егер кене табылса, дереу медициналық ұйымға хабарласыңыз;● өз бетінше алып тастаған кезде абай болыңыз: кенені бірден тартпаңыз, тұмсығын жұлып алғанда - оны тікен сияқты алып тастаңыз, кене шаққан жерді йодпен өңдеңіз, ал қолыңызды мұқият жуыңыз.