• RUB:
    6.46
  • USD:
    511.37
  • EUR:
    583.73
Басты сайтқа өту
Медицина 01 Маусым, 2025

Бала денсаулығы - басты назарда

170 рет
көрсетілді

Ел ертеңі балалардың есен- сау болуы, болашақтың саламаттылығы. Балдырғандардың амандығына ата- анамен қатар мемлекет те мүдделі. Сондықтан ішкі саясаттың басым бағытының бірі балалардың денсаулығын бақылау, медициналық қолдау көрсету, қауіпсіз қоғамда қалыптасуына жағдай жасау. 1-маусым - халықаралық балаларды қорғау күніне орай өмірдің өзегі болған бүлдіршіндердің саулығының кепілі - бала денсаулығы тақырыбын тарқатпақпыз, деп жазады Egemen.kz.

Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 7 миллион бала тұрады. Әрбір бала туған күнінен бастап медициналық бақылаумен қамтылған. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған сандерекке сүйенсек, жыл сайын 2 миллионнан астам бала туғаннан бастап 6 жасқа дейінгі аралықта скринингтен өтсе, 4,5 миллионнан астам бала профилактикалық тексеруден өтеді, ал 1,5 миллионнан астам бала Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес иммундаудан өтеді.

Балаларға көрсетілетін медициналық көмек мемлекеттік кепілдік берілген көлемнің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін ұсынылады.

«Керуен-медикус» көп салалы клиникасының инфекционист-педиатры Амангүл Изимова 1- маусым тек мереке  емес, сондай-ақ балалардың денсаулығын, қауіпсіздігін және болашағын қорғау мәселелеріне назар аударатын маңызды дата екенін атап өтіп, денсаулық сақтау саласында балалармен жұмыс істеудің қызық-қиын тұсын сөз етті.

«Балалармен жұмыс жүрекпен еңсеріледі. Жұмыс барысында әр салаға тән құбылыс қиындық пен қуаныш сәттері тең өріліп жатады. Күрделі кезеңдерге ата-аналардың медициналық ақпаратты дұрыс түсінбеуі, яғни көп жағдайда екпеден үзілді кесілді бас тартуы, дәрігерге кеш, яғни инфекция асқынған кезде ғана қаралу, жұқпалы аурулармен күресте профилактикалық шаралардың маңызын жеткізудің қиындығы сынды жағдаяттар кездеседі. Десе де бұл мамандықтың өзіне тән қуанышы бар бала жазылып, күліп жадырап тұрса, бізге одан асқан бақыт жоқ. Балалар - еліміздің болашағы. Олардың дені сау, бақытты болып өсуі үшін дәрігерлер, ата-аналар, ұстаздар және мемлекет бірлесіп әрекет етуі керек», деді Амангүл Изимова.

Кейіпкеріміз айрықша назар аударғандай балабақша, мектеп жасындағы балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуда білім беру мекемелері де ерекше рөл атқарады. Сондықтан әр мектепке емхана бекітіліп, білім беру ұйымдарында медициналық пункттер жұмыс істейді.

Осы орайда Түркістан облысы,Жетісай ауданындағы «Қызғалдақ» балабақшасының медбикесі Күләнда Әжібекова ата-ана аманатын балабақша уақытында кірпік қақпай қадағалаудың маңызына тоқталды.

«Қазақстандағы балабақшаның баршасында медицина маманы қызмет көрсетеді. Себебі кішкентай балалардың балабақша жасында иммунитеті толық қалыптасып үлгермейді. Сондықтан олар жаңа ортаға түскенде вирустармен күресу кезінде ауырып жатады. Мұндай жағдай бақшада болса дер кезінде көмекті медбике көрсетіп, бала жағдайынан ата-ананы да хабардар етуі тиіс. Тиісінше алғашқы көмекті көрсету біздің құзырымызда. Балабақша жасындағы балалардың барлығы бірдей қай жерінің ауырып тұрғанын дөп айта алмайды. Сондықтан мектепке дейінгі мекемелердің медбикесі әрдайым біліктілігін арттырып отырғаны жөн. Әр шаңырақтың әріне айналған балалардың амандығы бәрінен маңызды», деді Күләнда Әжібекова.

Елімізде балаларға медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында тиімді перинаталдық технологиялар, бала жасындағы ауруларды біріктіріп басқару тәсілдері және ерте шақтағы балаларды патронаждық қадағалаудың әмбебап-прогрессивті моделі халықаралық ұсынымдарға сай енгізіліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігнің мәліметінше, ана мен бала денсаулығы саласына бағытталған жүйелі стратегия мен елеулі инвестициялардың арқасында елде бала өлімінің көрсеткіштері тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түскен. Сандарды сөйлетсек, неонаталдық өлім – мың тірі туғанға шаққанда 3,37, нәресте өлімі – 6,80, балалар өлімі – 9,30 пайызға азайған.

Сондай- ақ, перинаталдық орталықтар базасында неонаталдық хирургия бөлімшелерінің төсек қоры 20%-ға ұлғайтылған. Бұл жыл сайын туа біткен кемістігі бар шамамен 1500 жаңа туған сәбиге операциялық ем жүргізуге мүмкіндік беріп отыр, оның 40%-ы эндобейнехирургиялық әдіспен жасалады. Соның нәтижесінде операциядан кейінгі сәбилердің өмір сүруі 88%-дан 93%-ға артып, өлім 15%-ға төмендеген.