30 мамырда Алматы облысы мен Алматы қаласында Батан (Түрген өзені), Алматы-Арасан шатқалындағы Құмбелсу бақылау гидробекеттерінде (Үлкен Алматы өзені) тарихта алғаш рет биік таулы жағдайларға арнайы әзірленген инновациялық капсула үйлері енгізілді, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Бұл бірегей жоба Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бастамасымен жүзеге асырылды, ол сел қауіпсіздігінің ұлттық жүйесін жаңғырту бағытындағы маңызды қадам болды.
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» бас басқармасына жаңа тұрғын үй модульдерін беру рәсімі Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтің, «Қазселденқорғау» басшысы, «Қазақстандық құтқарушылар қоры» жеке қорының директоры, Алматы қаласы және Алматы облысы ТЖД бастықтарының қатысуымен өтті. Бірегей жобаны «Қазақстандық құтқарушылар қоры» жеке қоры қолдады, бұл қауіпсіздік жүйесін нығайтудағы қоғамдық қатысудың маңыздылығын көрсетеді.
«Біз ең қиын жағдайларда қызметкерлерімізге жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа бастама ашудамыз. Бұл капсула үйлері тек заманауи технологиялар ғана емес, бұл табиғи қауіптерге қарсы тұрақтылықты арттыруға нақты үлес. Дәл осындай шешімдер болашақ ТЖМ тұлғасын анықтайды. Мұндай заманауи тәсілдер еліміздің дайындығын арттыру жолындағы маңызды қадам екеніне сенімдімін», - деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Жаңа капсула үйлері су тасқыны мен сел белсенділігінің жоғарылауы кезеңінде тәулік бойы мониторинг жүргізу ерекше маңызды болып табылатын қол жетімділігі қиын және биік таулы аудандардағы бақылаушылардың еңбек жағдайларын түбегейлі жақсартуға арналған.
Әрбір тұрғын модуль ауданы 24 шаршы метр үш функционалдық сектордан тұрады: жұмыс аймағы, базалық жиһазы бар санитарлық-тұрмыстық және жатын бөлмелер. Модуль автономды жылытумен, жарықтандырумен және энергиямен жарақталған, сондай-ақ биік таулы пайдалану талаптарына сәйкес жылытылып қымталған. Сонымен қатар бақылау бекеттерінің аумағында жас ағаш көшеттері отырғызылды.
Инновациялық модульдерді енгізу пилоттық форматта жүзеге асырылуда, бүгінгі күні ол өзінің тиімділігін көрсетті. Болашақта бастаманы кеңейту және басқа стратегиялық маңызды биік таулы гидробекеттерге осындай капсула үйлер орнату жоспарлануда. Бұл еліміздің барлық аумағында бірыңғай жаңғыртылған мониторинг желісін құруға мүмкіндік береді.