• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Басылым Кеше

ҚХР Төрағасының кітабы таныстырылды

90 рет
көрсетілді

Кеше Астана қала­сын­дағы Назарбаев уни­верситетінің Senate Hall залында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты төрт томдық кітабы­ қазақша басы­лы­мы­ның тұсау­кесері өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комите­ті үгіт-насихат бөлімі мең­герушісінің орынбасары Ху Хэпин, ҚХР Ұлт істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Го Вэйпин, ҚХР Шетел әдебиетін басып шығару және тарату жөніндегі бас басқармасының жетекшісі Ду Чжаньюань, сондай-ақ ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хан Чуньлинь қатысты.

Алғаш болып сөз алған ҚКП Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ху Хэпин қазақ тілінде жарық көрген Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты кітабы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды тереңдете түсетініне, Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығын одан әрі арттырып, өзара тәжі­рибе алмасуға септігін ти­гізе­­тініне, мемлекеттердің бір­лес­­кен стратегияларына тың серпіліс беретініне тоқталды.

Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің ел бас­­қару философиясы, ішкі және сыртқы саясатқа көз­­қа­расы, сондай-ақ Қытайдың экономикалық және әлеуметтік даму стра­­тегияларын қамтитын «Ел басқару жөнінде» атты көлем­ді еңбегінің мән-маңызына кеңірек тоқталды.

«Бұл кітап – Қытай мемле­кетінің саяси бағыт-бағ­дарын, ұлттық бірлік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етудегі ұста­нымдарын, сондай-ақ ұзақмерзімді стратегиялық мақ­саттарын түсінуге ұмты­латын қазақ оқырмандары үшін құнды дереккөз болмақ. Сонымен қатар туынды – Қытайдың халық­аралық аре­на­дағы ұста­нымдары мен рөлін саралауға мүмкіндік бе­ретін маңызды еңбек», деді А.Балаева.

Сондай-ақ министр Қытай Қазақстан үшін сенімді дос, одақтас әрі стратегиялық серік­тес екеніне, екі ел арасын­дағы ғасырлар бойғы достық, өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастық алдағы уақытта табысты дами беретініне тоқталды.

«Мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы өзара түсіністік пен жоғары деңгейдегі сенім – екіжақты қарым-қатынастардың нығаюына зор ықпал етіп келеді. Сондықтан да Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестігіміз – экономикалық даму, өңірлік қауіпсіздік пен мәдени-гуманитарлық саладағы тығыз байланыстардың берік іргетасы боларына сенеміз», деді министр.

Тұсаукесерде сөз сөйлеген дипломаттар Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабының саясаттанушылар, халықаралық қатынастар саласының мамандары, қытай тілін, мәдениеті мен қоғамдық құрылымын зерттеушілер үшін аса маңызды еңбек екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл кітап сарапшылар мен зерттеушілер, іскер орта мен кәсіпкерлер қауымдастығы үшін Қытай экономикасының тетіктерін, оның жұмыс істеу қағидатын білуге, инвестиция үшін жаңа идеялар мен жаңа бизнес-жоспарларды тудыруға көмектесетіні айтылды.