Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасында бірнеше бағытта мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, жұртшылық білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары мен дене шынықтыру салаларындағы бірнеше мемлекеттік қызмет түрінің игілігін көреді. Қанатқақты жоба 6 орталық мемлекеттік органның бірлескен бұйрығы жарияланған соң, алдымен Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында басталады.
Қанатқақты жобаны іске асыру қолданыстағы шараларды жүйелеп, тиімсіз төлемдерді азайтады, мұқтаж азаматтардың мемлекеттік қолдаудың игілігін көруіне жол ашады, оларды қамтамасыз ету жөніндегі бизнес-үдерістің ашықтығын арттырады. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Шымкент қаласында мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру бойынша ілкімді жобаны іске қосу бағытында жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобы 11 мемлекеттік қызмет түрін нақтылады:
1) «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету»;
2) «Азаматтардың жекелеген санаттарын, сондай-ақ қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы) және патронаттағы, жоғары оқу орындарының студенттері мен білім алушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету»;
3) «Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу»;
4) «Жалпы білім беретін мектептердегі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдетілген тамақтандырумен қамтамасыз ету»;
5) «Мемлекеттік білім беру ұйымдары студенттері мен тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттарына саяжай және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуды қамтамасыз етуге құжаттарды қабылдау және жолдамалар беру»;
6)«Білім беру ұйымдарының студенттері мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету»;
7) «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету»;
8) «Азаматтардың жекелеген санаттарын, сондай-ақ қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы) және патронаттағы адамдарды, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін тегін тамақпен қамтамасыз ету»;
9) «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды тағайындау және жүзеге асыру»;
10) «Тұрғын үй көмегін көрсету»;
11) «Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық көмек төлеу».
Игі бастаманы іске асыру бизнес-үдерістерді автоматтандыруға, қайталанатын функцияларды анықтап, жоюға, көмек көрсету мониторингін жақсартуға мүмкіндік береді.
Жобаның тағы бір артықшылығы – отбасыларды 6 санатқа – төтенше қажеттіліктен (азық-түлікке қаражаттың жетіспеушілігі) жоғары әл-ауқатқа (қаржылық қиындықтардың болмауы) дейін бөлетін үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық осалдығы мен тұрақтылығын бағалаудың балдық үлгісі қолданылады. Негізгі мақсат – ресурстарды шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қарай негіздеу, оның ішінде 6-санатқа (әл-ауқатының деңгейі жоғары болған жағдайда) жататын азаматтарға көмек көрсетуден бас тартылады.
Балдық модель 23 әлеуметтік-демографиялық һәм экономикалық критерийлер негізінде қалыптасады. Бұл ретте екі немесе одан да көп тұрғын үй бірлігінің, бір немесе бірнеше көлік құралының, тіркелген заңды тұлғалардың (жеке кәсіпкерлер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) болуы, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне орташа жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4-тен асуы сияқты факторлардың жиынтығы бар отбасылар әл-ауқат деңгейі жоғары үй шаруашылықтары саналады.
Мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау азаматтарды сол немесе басқа санатқа жатқызу нәтижелері бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады.
Осы тәсілдерді іс жүзінде жүзеге асыру үшін «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық платформасында білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары, дене шынықтыру салаларында кейбір мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қанатқақты жобаны іске асыру туралы» бірлескен бұйрық әзірленді. Әрі барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. Құжат нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілмек.