Кез келген саяси қозғалыстар бізге утопияны уәде етеді. Утопия дегеніміз, «көгілдір арман, көгертер кез ғой көңілді қалған». Ант-су ішетіндердің бағдарламасын қабылдасаңыз, идеалды қоғамға жетемін деп ойлайсыз.
Бірақ әркімнің утопиясы әртүрлі. Біреуге тыныш ауыл – жұмақ, басқасына шулы мегаполис – бақыт. Біздің қоғам мұндай популисттіктен әлдеқашан шаршады. Осы тұста Аргентинаның ең қиын кезінде президент болып сайланған Хавьер Милейдің ұстынын ұстаным қылсақ қой деп өзіміз де бір утопияға берілдік. Хавьер өзін «либертариандық бағыттың адамымын» дейді. Либертариандықтың мәні – утопияны емес, еркіндікті уәде ету. Әркім өз өмірін өз қалауы бойынша құруға құқылы. Яғни, мемлекеттік капитализмді мойындамайды. Мемлекет экономикаға мүлде араласпауы керек. Мемлекет сіздің өміріңізге араласпайды, тек сіздің құқықтарыңызды қорғайды. Әр қауымдастық өз ережелерін орната алады. Бір жерде дәстүрлер маңызды болса, басқа жерде еркіндік пен инновация үстемдік етеді. Бұл децентрализация – әртараптылықтың кепілі.
Жаңағы мақтап отырған Аргентина президенті Милейіміз келе сала елде ауқымды өзгерістерді бастаған еді. Халық түсінбей дал болды. Ол электр энергиясына субсидияларды алып тастап, коммуналдық төлемдерді 4 есе қымбаттатты. 18 министрліктің жартысын жауып, 25 мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан шығарды. Салық қызметін жауып, оның орнына жаңа ARCA органын құрды. Салықтық амнистия жариялап, азаматтарға заңсыз активтерін заңдастыруға мүмкіндік берді, нәтижесінде банктердегі депозиттер 19,3 миллиард долларға өсті. Ұлттық валютаны – песоны құнсыздандырып, оны еркін айналымға жіберді. Енді не істе дейсіз, еркіндікке жету үшін де ерік-жігер керек...Бірақ бұл саяси бұзақылықтың нәтижесі де керемет болды. Жаңашыл президент «Өтінемін, сәл шыдай тұрыңыздаршы» деп шыңға жетеледі.
– Үкіметке кейінгі 5 жылда батыл реформалар жетіспей отырғаны тайға таңба басқандай анық көрінеді. Реформа – еш компромиссіз, белгілі бір қалыптасқан жүйені сындыруға арналған қадам. Ал біздегі өзгерістердің барлығы компромистік, кейде косметикалық болып жатады. Біздің басты проблемамыз – бюджет дефицитінің жыл санап ұлғаюы. Дефицитті 3 триллион теңге коридорына қайта апарып тыға алсақ, Ұлттық Қор сынды резервтерді тез толтырып алып, артынан дефицитті инвестициялық табыс есебінен жауып отыруға мүмкіндік алар едік. Қазақстанның ең басты жауы – экономикалық популизм. Халыққа ұнайтын нәрсе айту оңай. Ақша басатын станокты қосып қойып, барлық кредитті кешіріп, барлығына ақша тарату да қиын емес. Бірақ экономиканы алдай алмайсыз. Аргентина, Венесуэла, басқа да Латын Америкасының елдері популистер билікте отырған кезеңнің зардабын әлі күнге дейін тартып келеді, – деп түсіндіреді мұны Айбар Олжаев.