27 мамырда Ақтөбеге шұғыл қонған ресейлік Boeing-777 ұшағындағы жолаушының жүрегі ұшу кезінде тоқтап қалған. Әйел адам ұшақ қонғанға дейін көз жұмған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақтөбе қалалық әуежайы әкімшілігі растағандай Nordwind Airlines компаниясына тиесілі Екатеринбург – Сочи бағытындағы рейс жексенбі күні Ақтөбе әуежайына шұғыл түрде қонған. Себеп – борттағы 42 жастағы әйел жолаушының кенеттен жағдайының нашарлауы болған. Ол күйеуі мен балаларының қасында отырған. Өкінішке қарай, медициналық көмек көрсетілгенге дейін жолаушы қайтыс болған.
Марқұмның денесі Ақтөбеде қалды. Отбасы мүшелерінің қазіргі уақытта қайда екені нақты хабарланған жоқ. Әуе компаниясы мен медициналық мекемелер әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Актөбе станциясындағы Линейлік полиция бөлімінің мәліметінше, оқиға орны тексеріліп, куәгерлерден жауап алынуда. Бірқатар сараптамалар тағайындалады. Барлық мән-жай анықталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетейік, оқиға болған рейсте 564 жолаушы болған. Шұғыл қонуға байланысты уақытша кідіріс болғанымен, ұшақ сағат 14:30-да бағытын жалғастырған.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті