Торғай өңірінде Кәкімжан Кәрбозов деген ақсақал бар. Көкірегі хатқа толы қария бүгінде тоқсанға жақындаған. Көненің көзі, арғы-бергіден хабары мол осындай үлкендеріміздің аузын бағып, олардан өткеннің есті естелігін алып қалып, кейінгіге ұсынуды, аманаттауды өзімізге міндет санаймыз.
Ол кісімен бір жүздесуімізде әңгіме арқауы Өзбекәлі Жәнібеков туралы болды. «Ұлтымыздың игілігі үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, жасаған қызметін ел-жұрты жыр етіп айтатын Өзағаң жөнінде торғайлықтардың ықыласы қашанда бөлек. Өйткені тұлғалы азамат Торғай өңірінде қызмет еткенде мұндағы ағайынның жүрегінде төккен терімен, биік өресімен, қазақылығымен және басқа да игі қасиеттерімен сақталып қалды, – деп бастады әңгімесін Кәкімжан аға, – Өзекең Торғай облысына хатшы болып келгенде мұндағы көзі ашық азаматтар қатты қуанды. Ол кезде облыстың бірінші хатшысы Сақан Құсайынов еді. Өңірдің бірінші басшысының өзі кейде алқалы жиындарда, пленумдарда Өзекеңнің тәжірибесіне жүгініп жататын.
Сақаңның бірде Өзекеңе Торғайда музей ашу, оған халықтан жәдігерлер жинау мәселесіне байланысты: «Ауданда идеолог хатшылардың қолынан бұл келмейді, мұны өзің ұйымдастырсаң дұрыс болар еді. Осы мәселені шешуді облыстық партия комитеті атынан өзіңе тапсырамын», деген сөзі әлі есімде. Сол тапсырманы орындау барысында Өзекең біздің Жангелді ауданына келіп, елді аралап, ақсақалы бар әр үйге кіріп, сәлемдесіп, тарихи әңгімелерді қозғағанын өз көзіммен көрдім. Кірген үйінен көне заманнан сыр шертетін тарихи жәдігерлер көрсе, барынша сыпайы сөйлеп, жәдігердің ұлтымыз үшін маңыздылығын, оны ұрпаққа аманаттау үшін музейге өткізу қажеттігін жіті түсіндіретін. Мысал келтіре сөйлейін.
Торғай жерінде Сұлтан Ниязов деген қария болатын. Тарихқа жүйрік-тін. Сол кісінің үйінде ескі тарихтың көзіндей болған, сән-салтанатқа арналған, күміспен көмкерілген, барлық жабдығы сай қазақы ер-тоқым болатын. Ол қария отыратын бөлменің төрінде ілулі тұратын. Өзекең осы жәдігер жайында естіген болуы керек, қарияға қалауын айтуға ауылға келді. Ол кезде «Еңбек» кеңшарының ферма меңгерушісі едім. Маған: «Кәкімжан, мені Сұлтан Ниязов ақсақалдың үйіне алып бар. Мен, біріншіден, ол кісіге барып, сәлем беруім керек, екіншіден, қарияда көнеден сыр шертетін бір көрікті зат бар деп естідім, соны көруім керек», деді.
Әлгі үйге бардық. Өзекең Сұлтан ағаға сәлем берді. Сұлтекеңнің зайыбы Іңкәр деген ерке жеңгеміз жақсы қарсы алып, қонақ асын берді. Өзағамның ұстамдылығын сол кезде көрдім. Өзінің келгендегі шаруасын бірден айтпай, құдды бір алтын тақтың бетін ашқандай болып, шыдамдылық танытты. Сол кезде мен шыдай алмай, Сұлтекеңе Өзекеңді таныстырып, оның жаңадан құрылған Торғай облысында музей ашу мақсатында тарихи жәдігерлер жинап жүргенін жеткіздім. Сонда Сұлтан қария «Иә, қарағым, дұрыс... Балам шаруасын өзі айтсын», деді Өзекеңе қарап. Сол кезде Өзекең бұрыннан таныс кісідей, қоян-қолтық араласып жүрген адамдай сөз бастады: «Сұлтеке, қазақ келген кезде «Не бұйымтайың бар?» деп сұрайды екен. Бұйымтайдан бұрын сізге сәлем беруге келдім, үйіңізде еркелетіп ұстайтын, «ақ шабақтай ақ жеңгем» бар екен, сол жеңгемді көруге келдім, оны қалай еркелететініңізді сұрағалы келдім. Біз де отбасы ұстап отырмыз ғой. Үйдегі келініңізді сіз сияқты еркелетсек деп өзіңізден тәжірибе алуға келдім», дегенде үйдің іші қыран-топан күлкіге толды.
Шынында да Сұлтекенің жұбайы ерке адам еді. Адам еркелеу үшін де онда бір қасиет, ақыл, келбет болу керек қой. Осының бәрі біздің Іңкәр жеңгеміздің бойында бар-тұғын. Сол қасиетіне қызыққан Сұлтан ағамыз жеңгемізді қатты еркелететін. Ағамыздың сол сенімінен Іңкәр жеңгеміз шықты. Жеңгеміздің қазаны асулы, көрпесі төсеулі, келген кісіге есігі ашық, үй іші берекелі болатын. Бұдан Өзекең алдын ала хабардар болған болуы керек. Сондықтан да әңгімесін осылайша бастап отыр. Дастарқан басында бұдан өзге де қазақи көптеген әңгіме айтылды. Бірақ өзінің келген шаруасын көпке дейін қозғамады. Елдің жағдайын сұрап, Сұлтекең мен жеңгеміздің өмір жолдарымен танысты.
Ас ішіліп болған соң мен: «Сұлтеке, біз сіздің ең қымбат затыңызды сұрайын деп отырмыз. Қазір сексенге келіп қалдыңыз. Сол сексенге келген бақытты өміріңізді армандап, қызықтап, білім іздеген ғалымдай болып, обком хатшысы өзі арнайы іздеп келді. Егер мен дұрыс жеткізе алмасам, әңгімені Өзекең өзі жалғастырар», дедім.
Сонда Сұлтекең жымиып, «иә, айта бер» дегендей Өзекеңе қарады. Сонда Өзекең аса байыппен, салмақпен әңгімесін бастады: «Аға, менің әкемнен кіші боларсыз, сондықтан «аға» дейін. Торғай облысын ұйымдастыру пленумына қатысып едім. Сонда Қонаев жолдас «Арқалық алдағы екі-үш жылда адам танымастай өзгереді», деген еді. Республика бірінші хатшысы сол Арқалыққа біз сияқты жігіттерді жіберіп, «Сендер осы Арқалықты көтеріңдер, оның әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, білім саласын көтеріңдер!» деп тапсырма беріп еді. Сол тапсырма аясында жанымызды салып, аянбай қызмет жасап жатырмыз».
Әңгіме төркінін түсінген қария: «Шырағым, Өзбекәлі, барлық айтқаныңды ұқтым. Мен де елге сендер сияқты қызмет жасағанмын. Амангелді ауданының прокуроры болып қызмет істедім. Сөйтіп, жүріп мына жеңгеңді «алдап-сулап алғам ғой». Осы жеңгеңді өте жақсы көргеннен соң өзіне тарихи ескерткіш болсын деп, бір ұстаға арнайы тапсырыс беріп, барлық сайманымен күмістен ер-тоқым істетіп едім. Іңкәр кеткенде артында қалатын дүние еді. Бірақ сенен кім артық, кім әулие, Өзбекәлі қарағым? Сондықтан сенің келген шаруаңды білдік, бердік ер-тоқымды», деді.
Сол кезде Өзекең қалтасынан бір бума ақшаны алып, ақсақалдың алдына қойды. Сұлтан ағамыздың шешіміне қарсы келмеген Іңкәр жеңгеміз Өзекеңнің алдына өзі ер-тоқымды көтеріп алып келді.
«Өзбекәлі шырағым, бұл күміспен көмкерілген ер-тоқым барлық сайманымен жақсы істелген, үзеңгісі жезден, тартпалары сары қайыстан. Әр тартпасы 4 сары доғадан тұрады. Мұндай ер-тоқымды екінің бірі жасай алмайды. Қазақта бір сөз бар «Атаң өлсе де атамайтын дүние», деген. Мынау сондай зат. Бірақ шаңырағыма келіп, сәлем беріп, төріме шығып, адал асымды ішкен соң беріп отырмын. Мына жеңгеңді алмайтын шығарсың, басқасынан қолыңды қақпаймын, қарағым. Мұны сен ел үшін, халық үшін істеп отырсың. Оны жақсы түсініп отырмын, шырағым. Оңтүстіктің ауасы да, адамы да жылы болады екен, өзің сияқты. Ел үшін жасап жатқан еңбегің жана берсін», деп Сұлтекең батасын берді.
Өзекең бұл таптырмас жәдігерді көргенде қатты риза болды. Астан соң қымыз ішілді. Қымыз үстінде Өзекең: «Аға, көп рахмет. Мені әсерлі сөзіңізбен көкке көтеріп тастадыңыз. Барған соң облыстық партия комитетіне есеп беремін. Кімге бардым? Не көрдім? Не жинадым? Кіммен қандай әңгіме жасадым? Бәрін баяндаймын», деді.
Бұл сөзі Сұлтан ағамызға ұнады. Сол кезде жеңгеміз ер-тоқымды ақ матаға орап, жіппен байлап, алдымызға қойды. Бұл жәдігерді талайлар сұраған ғой кезінде. Бермеген... Өзекеңнің адамды тартатын қасиеті, сөйлеген сөз мәнері, оның маңыздылығы бәрімізге керемет әсер қалдырды.
Сонымен барған жерімізден олжалы қайттық. Өзекең сонан соң біздің үйге ат басын бұрып, қонды. Кешке дастарқан басында қатты масаттанып, әңгіме айтып, көңілді отырды. Таңертең әйелім екеумізге: «Мұнда келгенде айдалаға тап болғандай, көңілім құлазыған. Бастапқыда «Адамдары қалай өзі? Сөзге түсінбейтін халық па?» дегендей жаман ойда болғанымыз рас. Жоқ, олай емес екен. Мен бәрін көрдім, жақсы түсіндім, түйсігіме түйдім. Сіздер шын көңілдеріңмен, қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасап жатырсыздар. Үлкен рахмет! Өзіміздің ұлттық дәстүрімізді дамыта беруіміз керек», деді де қош айтысып, көлігіне мініп, жүріп кетті.
Өзекеңмен бірге болған сәтті, ол кісінің саналы да сапалы, тәрбиелік маңызы зор, көнеден сыр шертетін тарихи әңгімелерін еске алып, көпке дейін көңілім марқайып жүрді. Одан кейін де жақсы сыйластық. Ол кісінің қабылдауында бірнеше рет болдым.
Өзекеңнің қызметіне қанбай қалдық. Облыстан көп өтпей ол кісіні алып кетті. Көкірегімізде Өзекеңнің істеген ісі, жасаған еңбегі, қалдырған ізі қалды». Міне, көз көрген Кәкімжан ағаның Өзаға туралы естелігі осындай.
Кәкімжан Кәрбозов туралы бірер сөз. Ол кісі Қостанай облысының, Арқалық қаласының және Жангелді ауданының құрметті азаматы, ауылшаруашылық саласының құрметті ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Осынау құрмет қарияға бостан бос көрсетілген жоқ. Кәкімжан Кәрбозов өткен ғасырдың 90-жылдарының басында, әсіресе қиырда жатқан қазақ ауылдары үшін күнкөріс қиындай бастаған, жұрт атақонысын артқа тастап, күнкөріс қамымен қалаға бет түзеген, өрісте малы шұрқырап, ошақта қазаны бұрқырап жататын елдің көлеңкесі ғана қалған тұста табанды еңбегі, парасаты арқасында туған жеріне тұтқа, еліне ес бола білді. Сол кезде Кәкімжан аға шалғайдағы шағын ауылының шаңырағын қайта тікті, ағайынның ауылда тұрақтап қалуына ықпал етті.
Қиын-қыстау кезеңде К.Кәрбозов ауылда қалып, елдің жағдайын жақсарту бағытындағы ісін «Көлқамыс» ауылында мектеп пен медпункт ашудан бастады. Ауылдың көркін келтіріп, ағаш ектіріп, көгалдандырды. Ауыл ортасынан мәдениет үйі мен кітапхана салдырды. Елдегі малдың басын көбейтіп, ауыл халқы сол мал арқылы нәпақасын айырып, әлеуметтік қиын жағдайдан аман-есен өтті.
Қазіргі таңда Көлқамыста әр үйде ыстық-салқын су бар, дәретханасы ішінде, барлық тұрмыстық жағдайы жасалған, қала типтес ауылға айналды. Нәтижесінде, халықтың қалаға көшуі тоқтады, көшкен ел өскен еліне қайта шоғырлана бастады. Осылайша, Кәкімжан ағаның арманы орындалды.
Кеңестік кезеңде ағамыздың ауылшаруашылық саласындағы еңбегін бір мақаламен айтып тауыса алмаймыз. Ағамыз мал қыстату, мал өнімдерін өндіру, мемлекетке ет өткізу саласында Бүкілодақтық социалистік жарыстардың тұрақты жеңімпазы атанып, есімі бүкіл КСРО-ға мәшһүр болған. Ел ішінде «ауыл қайраткері», «өңірдің алтын қазығы» атанған оның еткен еңбегін ерлік деп бағалауымыз қажет.
Бақытжан БИІМБЕТ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор