• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Жәдігер 27 Мамыр, 2025

Серәлі балуанның саптама етігі

20 рет
көрсетілді

Облыстық тарихи өлкетану музейіндегі жәдігерлер қатарына бір ғасыр бұрын тігілген саптама етік қосылды. Бұл құнды дүниенің иесі кезінде белдескеннің бәрін жыққан атақты балуан Серәлі Дүйсенұлы болған деседі. ХІХ ғасыр соңында дүниеге келген балуанға етікті өз заманының айтулы қайраткері, Қаракөл-Қуаңдария болысын басқарған атақты Қара Жүргенұлы сыйлапты.

Облыстық тарихи-өлкета­ну музейінің мамандары ел ішін­де бір әулеттің ғана мүл­кі болып отырған осындай мұралар көп екенін айтады. Осыдан да музей бастама­сымен 2017 жылдан бері «Жас өлкетанушы» жобасы қолға алынды. Музей жанынан өлкетанушылар үйір­­месі жұмыс істей бастады. Музейлер күні аясында ғы­лы­ми жобаға қатысқан мек­теп оқушыларының жұ­мы­сы са­рап­қа салынып, та­был­ған жәді­гер комиссия іріктеуінен өтеді.

«Ауыл-аймақтағы құнды жәдігерлерді жинақтайтын жо­баға қатысушылар қа­та­ры жыл санап артып келе­ді. Былтыр жиналған 500-ге жуық жәдігердің 300-ін, биыл 200-ден астамын ірік­теп ал­дық. Осы жылғы табысымыз Жалағаш ауданы Т.Жүргенов ауылындағы Ә.Оңалбаев атын­дағы №117 орта мектептің 7-сы­нып оқу­шысы Еркеназ Қуаныш­бек атты оқушының ғылыми жұмысына өзек болған осы саптама етік болып отыр. Жан-жақты зерттеу жүргізген ауыл мектебінің оқушысы Серә­лі балуан туралы көп дерек жинапты. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Серәлі Дүйсенұлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің әкесі Қара Жүргенұлының балуаны болған көрінеді. Қазір ғылыми қызметкерлер етік­ті зерттеп жатыр, алда­ғы уақытта экс­позиция қатары­нан орын ала­ды», – дейді облыстық та­­ри­­хи өлкетану музейінің бө­лім меңгерушісі Еңлік Әбілқа­сымова.

Балуанға арнайы тігілген саптама етіктің қонышы тізе­ні жабатындай ұзын әрі кең тігіліпті. Ішінде матамен астар­ланған киіз байпағы бар. Табаны мен өкшесі шегеленіп бекітілген. Етіктің табаны – 44, ал биіктігі – 46 сан­тиметр.

Көненің көзін көрген қария­лар ертеде «Қараның балуаны» атанған Серәлінің ұсталығын да айтып отырады екен. Ұрпақтары қолында мәсі, етік тігіп, ер шапқан балуан жасаған асадал мен сандық та сақталыпты.

Өткен ғасыр ортасына дейін өмір сүрген Серәлінің етігі баласы Нағашыбекке қалыпты. Жауырыны жер иіскемеген балуанның талай жеңісінің куәгері енді музейдегі құнды жәдігерлер қатарын толықтырады.

 

Қызылорда