• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Бокс 27 Мамыр, 2025

Алтын жауған аламан

70 рет
көрсетілді

Шри-Ланканың астанасы Коломбо қаласында бокстан жас­тар арасында Азия чем­пионаты аяқталды. Бокс­шыла­рымыз, әсіресе қыздар құра­масы 12 салмақтың барлы­ғында алтын алып, құрлық үздігі атанды. Ерлер командасы да жалпы есепте топ бастап, елімізде ұлттық құраманың ізбасарлары қарымды екенін көрсетті.

19 жасқа дейінгі қыздар командасын баптайтын аға бапкер Жангелді Ахметовтің еңбегін баса айтқан ләзім. 12 салмақ дәрежесі бойынша сынға түс­кен қыздарымыздың барлығы да елге алтын медальмен оралды. 48 кг сал­мақта Айым Таңқыбаева үздік шық­ты. Сила Биболсынқызы (50 кг), Рах­ми­на Әбдімежитова (52 кг), Жанел Иман­таева (54 кг), Ақнұр Тұрсынғали (57 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг), Али­на Құ­дайгенова (63 кг), Ақбота Есім­бекова (66 кг), Мария Сидоренко (70 кг), Құралай Егінбайқызы (81 кг), Сабина Жақсылық (81 кг салмақтан жоғары) құрлық үздігі атанды.

Шри-Ланкада өткен додаға Мақсат Бақтыбазар баптап барған 19 жасқа дейінгі жастарымыз (ерлер) 10 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль еншіледі. Нұр­хан Құмарбеков (48 кг), Досымжан Таңа­­тар (51 кг), Алдияр Бахадүр (54 кг), Нығ­ман Нығмет (57 кг), Әділет Тар­тубек (60 кг), Мұхит Нұрқабылұлы (63,5 кг), Сұлтан Тұрдалы (67 кг), Игорь Соловьёв (80 кг), Расул Асанханов (92 кг), Бексұлтан Қайратұлы (+ 92 кг) Азия чем­пионатының алтынын олжа­лады. 75 кг салмақта сынға түскен Жа­с­ұлан Бердалы финалда сүрініп, күміс медальды місе тұтты. 86 кг салмақ дәреже­сінде Нұрсұлтан Қыстаубайға қола медаль бұйырды.

Азия чемпионатын 22 жасқа дейінгі жастар жалғастырып, жеңіс­тің жүлдесін жақсарта түсті. Бейжің Олим­­пиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев баптап әкелген өрендер сенімді ақтай білді. Тілеуберді Сүлеймен (48 кг), Диас Берікбай (51 кг), Жасурбек Анорбаев (57 кг), Нұрислам Қалдыбаев (60 кг), Бақтияр Анарбаев (67 кг), Ағажан Қадыр (71 кг), Аман Қонысбеков (75 кг), Бақберген Әлиасқаров (80 кг), Ибрагим Бетаев (86 кг), Азатбек Жолдасхан (92 кг) алтын алса, Сералы Жолмағанбет (63,5 кг) мен Ерсұлтан Сапар (+92 кг) күміс жүлде иеленді.

22 жасқа дейінгі боксшы қызда­ры­мыз да Шри-Ланкадан олжамен оралды. Элина Базарова (54 кг), Вик­тория Байдукова (57 кг), Анар Тұр­сынбек (60 кг), Аружан Жаңабаева (63 кг), Ұлдана Таубай (66 кг), Бақыт Сейдіш (70 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг), Жібек Жарасқызы (81 кг), Әсел Тоқтасын (+81 кг) әнұрамызды шырқатты. Финал­дық тартыста есе жіберген Ақбота Болат, Гүлнар Тұрапбай, Томирис Мырза­құл күміс медальды місе тұтты. 22 жасқа де­йінгі боксшы қыздарды білікті бапкер Елдос Сайдалин бастаған бапкерлер ұжымы бастап әкелді.