Алматы қаласында қаламгер қауым тағылымды естеліктермен өрілген мазмұнды іс-шараларға куә болды. «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Ұлан» газетінің 95 жылдық мерейтойы «Мысль» журналының 105 жылдығымен сабақтасып, оны «Ana tili» газетінің 35 жылдығы жалғады. Осылайша, мазмұнды мерейтойлар легі «Aq jelken» журналының 100 жылдығымен түйінделді.
Ұлттық кітапханада өткен мерейтойлық жиында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов сөз алып, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрт басылымға арналған құттықтау хаттарын салтанатты түрде табыс етті. Сол қатарда «Aq jelken» журналының 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, басылымның тарихына тоқталған екен.
«1925 жылдың наурыз айында Ерғали Алдоңғаровтың редакторлығымен жарық көрген «Пионер» журналы – ХХ ғасыр басында ағартушылық жолында жасалған ірі бағыттың алғашқы қарлығашы деп бағалаймын. Содан кейінгі кезеңде де журнал қазақ балаларының айнымас серігіне айналды. Бұл дәуірде басылым әдеби-танымдық үрдісті нық ұстады. Б.Соқпақбаев, К.Тоқаев, М.Иманжанов, Ә.Нұршайықов сияқты қаламгерлер журнал мазмұнын байыта түсті. Журналды Ф.Оңғарсынова ұзақ жыл басқарып, 1989 жылы басылымның атауын «Aq jelken» деп өзгертуге бастама көтерді. Содан бергі дәуірінде «Aq jelken» журналы әдеби, рухани бағытты жалғастырып, жасөспірімдердің өзіндік көмекші құралына да айналды. Әдебиет пен мәдениет кеңістігінде балалар мен жасөспірімдерге арналған бір ғасырлық тарихы бар басылымдар кемде-кем. «Aq jelken» жүз жыл бұрынғы бағытына, аманатқа адалдық танытып, бұл күндері аға басылымдар қатарынан көрініп келеді», делінген Мемлекет кеңесшінің құттықтауында.
Бұған қоса Қанат Ысқақов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.
«Өз тарихында атауын бірнеше рет өзгертсе де, ұлттық басылым негізгі бағытынан айныған емес. Ол үлкен қаламгерлер шоғырын қалыптастырды. Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқановтардан бастап, соғыстан кейінгі кезеңде Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев, Мәриям Хакімжанова сынды көрнекті қаламгерлердің соны туындыларын үздіксіз жариялап отырды. Журнал журналистиканың озық үлгілерін тиімді пайдаланып, барлық кезеңде де оқырман ықыласына бөленіп келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында «Aq jelken» деген атауға ие болып, қазақ жастарының ұлттық санасы мен тарихи жадысын жаңғыртуға, өткен кезеңдердің маңызды оқиғаларына халық мүддесі тұрғысынан жаңаша үңілуге күш салды. «Aq jelken» жас оқырмандардың арман айдыны бола білді. Ол Тәуелсіз Қазақстанның журналистика саласындағы төл атрибутының бірі ретінде жасап, алға қадам басып келеді», делінген министрдің хатында.
Жиында Қанат Ысқақов оқитын ұлт қалыптастыруда балалар басылымдарының маңызы зор екенін атап өтіп, Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бұл бағыттағы әлеуметтік әрі қаржылық қолдау алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар газет-журналдардың бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын айта келе, баспасөздің жаңа бәсекеге бейімделуі уақыт талабы екенін атап көрсетті.
Бұдан соң басылым ұжымдарының бірқатар қызметкері министрлік атынан берілген марапаттарға ие болып, мерейі тасыды. Атап айтсақ, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленгендердің қатарында «Мысль» журналының корректоры Сахибам Имирова, «Ana tili» газетінің корректоры Мөлдір Бисенбаева мен тілшісі Элеонора Ыбырайқызы, «Ұлан» газетінің беттеуші-дизайнері Дария Талапова, сондай-ақ «Aq jelken» журналының беттеуші-дизайнері Жазира Жағыпарова мен корректоры Үміт Жұмаділова бар.
Мәдениет және ақпарат министрінің Алғысхаттары «Ana tili» газетінің SMM-маманы Ақгүл Айдарбековаға, тілшісі Бағдат Сұлтан мен корректоры Алмагүл Ұлтанбековаға табысталды. Сонымен қатар «Aq jelken» журналының жауапты хатшысы Досхан Жылқыбаев, «Ұлан» газетінің корректорлары Жазира Бекболатова мен Ділназ Шаймұратова, «Ұлан» газетінің тілшісі Нұрлыхан Жұмахан, «Мысль» журналының беттеуші-дизайнері Зумрад Абдримова министрліктің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Содан соң ғасырлық белесіне жеткен журналдың бас редакторы Есей Жеңісұлы сөз кезегін «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлына берді. Медиахолдинг басшысы бүгінгі басылымдардың тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталып, осы тарихи төрт күн – кейде таралымы төмендеген, кейде өрлеген басылымдардың өміршеңдігін айғақтайтынын атап өтті. Сонымен қатар кешегі түндерді таңға жалғап, газет-журнал шығару жолында аянбай тер төккен жас журналистердің бүгінде аға буынға айналғанын, ал сол басылымдарды басқарған редакторлар ел зиялыларының қатарын толықтырғанын ерекше атап өтті.
Дихан Қамзабекұлы серіктестік атынан әріптестеріміз – Балжан Мұратқызын, Дәурен Досболұлын, Айнұр Мұратованы, Олжас Павликті Алғысхаттармен марапаттап, мерейін тасытты.
Өз кезегінде Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы бүгінде журналистикада жүрген танымал тұлғалардың өмір жолын кешегі балалар басылымдарынан бөліп қарауға болмайтынын атап өтті. Ол өзі де бала күнінде газет-журнал таситын пошташы апайды тағатсыздана күтіп отыратынын сағынышпен еске алды. Мұндай сәт талай оқырман үшін ыстық көрініс екені сөзсіз.
Бала арманға қанат бітірген кешегі «Балдырған», «Пионер» сынды басылымдардың жарқын дәстүрі мен рухани мұрасы да әсерлі естеліктермен өрбіді. Осы ретте «Aq jelken» журналын 1996–2002 жылдары басқарған Қазақстанның құрметті жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова мен 2002–2011 жылдар аралығындағы бас редакторы, белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз өткен күндердің естелігін бүгінмен сабақтастырып, салиқалы ой өрбітті.
Осыдан кейін журналдың 100 жылдық мерейтойына арнайы әзірленген мерейтойлық кітаптың тұсаукесер рәсімі жалғасын тапты. Баяндауға жеңіл көрінгенімен, бұл туынды – ұжымдық ерен еңбектің жемісі. Кітапта басылымның бір ғасырлық тарихы тереңнен таразыланып, бұрмаланып келген кейбір тұстар ғылыми тұрғыда қайта сараланған. Ізденісі мол, мазмұны бай еңбектің басылым шежіресін шынайы әрі жүйелі түрде қамтығаны айрықша атап өтуге тұрарлық.
Айта кеткен жөн, осы күні «Aq jelken» журналы 2024 жылы ұйымдастырған «Қазақтың нар тұлғалары» атты танымдық викторинаның жеңімпаздары да марапатталды. Атаулы сыйлықты демеуші Ғазиз Құлахмет табыстады.
Салтанатты жиын ретімен жалғасып, «Aq jelken» журналының 100 жылдығы мен Ғабиден Құлахметтің 70 жылдығына арналған республикалық әдеби байқаудың ресми түрде жариялану сәті де жетті. Журналдың ғасырлық тойынан ең кішкентай оқырмандар да шет қалмады. Нұрасыл Сахи, Ақжүніс Ілгербай және Гүлбақыт Іздібай есімді бүлдіршіндерге «Жас тілші» куәліктері табысталды. Осылайша, еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге арналған тарихи басылым – «Aq jelken» журналы ғасырлық белесін абыроймен атап өтті.
АЛМАТЫ