13 қыркүйекте ашылған Ұлытау облысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті қазақ режиссері Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театр фестивалі өз мәрісіне жетті, деп жазады Egemen.kz.
Жезқазған қаласында өткен Ж. Хаджиев атындағы IV халықаралық театр фестивалінде өнер сүйер қауымға ерекше әсер сыйлаған Абай облыстық «Дариға-ай» жастар театры бас жүлде, «Үздік спектакль» номинациясын иеленді.
Театр ұжымы көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» драмасын сахналап, терең философиялық тартысқа толы туында қазылар алқасын таңғалдырып, көрерменін тәнті ете білді. Қойылымның режиссері – Мейрам Хабибуллин. Осылайша режиссердің ізденісі, кейіпкерлердің жан-дүниесін ашудағы шеберлігі мен сахналық шешімдерінің ерекшелігі үздік бағаланып отыр.
Облыстағы Абай атындағы театрдың құрамындағы «Дариға-ай» жастар театры профессор Дариға Тұранқұлқызы және белгілі қоғам қайраткері, абайтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Төкен Ибрагимовтың бастамасымен 1999 жылы 14 қарашада ашылды. Сонымен қатар театрдың ірге тасын қалауға профессор Майра Омарбаева, аға оқытушы Мейрамгүл Алепарова және театрдың режиссері һәм көркемдік жетекшісі болған Ақбарәлі Айтыбаев сынды азаматтар ат салысқанын айта кеткеніміз жөн. Бүгінде театр қоржынында қазақ қаламгерлерімен қоса шет ел драматургтерінің сүбелі шығармалары бар.
Абай облысы