• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Әдебиет 23 Мамыр, 2025

Орасан ойдың Олжасы немесе бір дана кітап туралы

40 рет
көрсетілді

Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, алдаспан ақын Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығына, қайраткерлігіне қатысты ертелі-кеш жазылған дүниелер, телерадио хабарлары шоғыр-шоғыр. Шетелдік белгілі ақын-жазушылардың, әдебиет зерттеушілерінің Олжастың түркі таңбалы шығармашылығына назар аудармағандары кемде-кем. Сол жазбаларда қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар ақынның өнегелі өмірбаяны барынша жазылды, айтылды.

Әдебиетсүйгіш қал­пымыздан қанға сіңген қасиет – сондай жауһар дүниелерді жинап, мұралап жүретін жақсы дағ­дымыз бар. Газет-журнал, бас­па ісіне де біршама қанықпыз – өлке­тануға қатысты, түрлі бағыттағы тақы­рыптық жинақ­тар, жекелеген белгілі адам­дардың өмірі мен қызмет жолына, шығармашылығына ар­налған кітаптар құрастырумен де жүйелі түрде шұғылданып келеміз.

Қайсыбір жылы сол үрдіс­пен О.Сүлейменов туралы жа­зылған та­нымдық, зерттеу, ме­рейтойлық материалдарды жинап, арнайы кітап дайындаған едік. Жинаққа абыз Әбіш Ке­кілбаевтың сонау 1964 жылы жарық көрген мақаласынан бастап, күні бүгінге дейін үзбей жарияланып келе жатқан эсселер, сұхбаттар, танымдық ма­териалдар топтастырылған. Жаз­баларда ақынның бекзат болмысы, азаматтық асқақ тұлғасы жан-жақты көрсетілген. Жинақ ішінде берілген сирек суреттер шоғыры кітап мазмұнын байыта түскен.

Эссе, мақалалар тақыры­бы­ның өзі оқырман назарын еріксіз аудар­ғандай еді: «Халқын асқақтатқан ақын» (С.Мұратбеков), «Елінің елшісі, ұлтының ұяты» (М.Жолдасбеков), «Мәңгілік демі – тәңірдің лебі» (Мұ­рат Әуезов), «Прометейтекті тұлға» (Н.Оразалин), «Ұлтының көксемсері» (Т.Жұртбай), «Ға­рыш поэзиясы» (А.Егеу­баев), «Ер» (С.Абдрахманов), «Әлем таныған Олжас» (Б.Қанапиянов), «Аса танымал тұлғаның беймәлім қыры мен сыры» (З.Қоңырова), «Олжас феномені немесе рух құйыны» (С.Құттықадам), «За­мана заңғары» (Т.Есполов), «Ұйық­таған ойды түрткен тұл­ға» (Н.Жүсіп), «Түркінің текті ақыны» (Ә.Балқыбек), «Ғарыш перзенті» (Д.Амантай), «Аз и Я» ақиқаты» (А.Кеңшілікұлы), «Білге ақын» (Д.Қыдырәлі), та­ғысын тағылар. Көріп отырғанымыздай, авторлар арасында әдебиет, мәдениет мар­қас­қаларымен қатар, кейінгі жас буын өкілдері, ақын-жазушы, зерттеуші ғалымдар да бар.

Сондай-ақ Е.Евтушенко, Анар, В.Бондаренко, Б.Лайпанов, С.Марков сынды басқа ұлт өкіл­дерінің жазбалары да аударма күйінде қамтылған. Сол ой-толғамдардан ілкі үзінділер кел­тіре кетсек те артық емес:

«Арманда кетіп барам... Бірақ менің арманым жетінші ұрпағымда бір қайталанады. Бір әулетім өзім тәрізді батыр және асқан жырау болады», деді де көзін жұмды... Олжа­бай батырдың айтқаны келді. Жетінші ұрпағында тағы бір ұл туды. Халық оған арғы бабасының атын берді. Ол жас еді, бірақ асқан дарынды, тамаша ақын болды...» (Ілияс Есенберлин).

«Олжас Сүлейменов – құді­ретті рухтың көңілінен шығып, өз замандастарын Ақиқат пен Сұлулыққа жақындата түсу үшін әділеттілікті аңсау мен соған деген ұмтылысты бүкіл болмысына енгізіп қойған ақындардың бірі. О.Сүлейменов – маңызды әрі теңдесі жоқ құбылыс. Біз жаңаша өлең жазуды Олжастан үйрендік...» (Сергей Марков).

«Олжас біздің рухани көш­бас­шымыз болды. Ол бізге жаңа тақы­рыптарды ашты, олар­ды қалай иге­рудің жолдарын көр­сетті. Егер алпы­сыншы жыл­ғылар өнерде немесе әде­биетте қандай да бір табыстарға қол жеткізе алған болса, бұл жетістіктерде Олжас ойы мен парасатының да үлесі бар» (Қалихан Ысқақ).

Мұндай үзінділерді тоқтамай тізе беруге болар. Жоғарыда атал­ған туын­дылардың біразы әр жылдары мерзімді басылымдарда жарияланған, жекелеген авторлық жинақтарға енген, дегенмен көпшілігі уақыт қойнауында, шаң басқан архивтерде ұмыт қалған дүниелер.

Міне, осындай толымды том­дықты жинап, құрастырып шыққан соң, бірқатар есті-басты азаматтарға, ақын-жазушы аға­ларымызға көрсетіп, батасын алған едік. Сол кісілердің ақылымен түрлі баспаға ұсынып та көрдік. Бірақ, өкі­нішке қарай, талабымызды құп­тағанмен, басып шы­ғаруға ынталы, жанашыр азаматтар табыла қоймады. Содан да орынсыз тықпалап, сұрамсақтануды жөн деп таппадық. Дегенмен осынша тер төгіп, қаншама архив ақтарып, тір­нектеп жинаған еңбегіміз еш кет­песін деп дайын кітапты ерекше үл­гі­мен қаттап (ондай да өнеріміз бар), әсем безендіріп, жергілікті баспалардың біріне өті­ніш жасап, бір дана етіп бастырып шығарып алдым. «Орасан ойдың Ол­жасы» атты тамаша томдық бүгінде бас жағымдағы сөреден түспейтін «киіз кітаптардың» қатарында тұр. Жиі парақтап, ішіндегі ілкімді ойлар мен та­ғылымды толғамдарды оқып, тұщынып, тәнті болып отырамын. Әлі де болса аз таралыммен болсын бастырып шығарса кәні деп қиялдап та қоямын іштей...

Олжас Сү­лейменов поэзиясы – тамырын ғасырлар қойнауынан алатын терең ой мен асқақ рухтың тоғысы. Сол тұрғыда ақын шығармалары мен еңбектері – ұлттық болмыс пен азаматтық жа­уапкершілікті ұғынуға жол ашатын тағылымды мұра, бүгінгі және өскелең ұр­паққа рухани бағдар, елдік пен адам­гершіліктің үлгісі болып қала береді.