Атырау облысында есірткіге тәуелді 530-ға жуық адам тіркелген. Оның ішінде 17 нашақор Мақат ауданында тұрады.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспардағы 16 тармақтың 4-еуі толық орындалмай отыр.
«Біріншіден, түнгі клубтардағы рейдтік шаралар жүйесіз жүргізілген. Екіншіден, CADCA әдіснамасы негізіндегі жергілікті модель қалыптастырылмай отыр. Үшіншіден, облыстық психикалық денсаулық орталығында емделушілердің тігін шеберханаларында жасаған түрлі бұйымдары сатылмай қалған», деді Жасұлан Бисембиев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің дерегіне қарағанда, 4 айда психикаға әсер ететін белсенді заттарды қолданған 2500-ден астам адам динамикалық бақылауға алынған.
«Қазір Атырау облысында есірткіге тәуелділікпен 530-ға жуық адам тіркеуде тұр. Оның ішінде 76 адам стационарлық ем қабылдады. Мәжбүрлеп емдеу бөліміне 18 адам жатқызылды. Арнайы ОАҚТ бағдарламасымен сәйкес 8 науқас емделіп жатыр. Ал 13 адам есірткіден бас тартты», дейді Қайсар Абдалиев.
«Басты мақсатымыз – жастарды есірткіге тәуелділіктен арашалау. Бұл күреске қоғам болып жұмылуымыз қажет. Әр ведомство, әр адам өз үлесін қосқанда ғана нәтиже болады. Бірақ, осы кезге дейін жоспарланған жұмыс өз деңгейінде атқарылмағандықтан, бұл мәселені бақылауда ұстайтын боламыз. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жүйелі іс-шаралар атқарылуы қажет», дейді Жасұлан Бисембиев.