• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:35

Ғимараттар қашан пайдалануға беріледі?

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қарашасында Аты­рауға келген сапарында жаңа мәде­ниет орталығы­ның қажет­тігіне назар аударды. Дегенмен жаңа нысанның құрылысы бастала қойған жоқ.

Домбыра пішіндес орталық

«Облыстағы мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбі­рек болғаны жөн. Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен ­атауды ұсынамын», деді Президент.

Мұнайлы шаһардағы концерт залының құрылысы 2010 жылы бас­талған еді. Құны – 3 млрд 681 млн теңге. Бірақ қабырғасы әйнекпен көмкерілген концерт залының құры­лысы 2012 жылы күрт тоқтады. Жер­гілікті әкімдік «сақалды» құры­лыс­қа айналған нысанды қайта жаң­ғыртуға инвестор іздеді.

Атырауға шетелдік инвесторлар келіп, құрылысы тоқтап қалған нысан­мен танысты. Бірақ неге екені белгі­сіз, қалталы инвесторлар жер­гілік әкімдік­пен келісім жасаған жоқ. Кейін әкімдік өкілдері концерт залы­ның нысанын сау­да орталығына айналдыруды көздеді. Бұл қадам тағы да аяқсыз қалды.

Президент тапсырмасынан кейін құрылысы 10 жылдан астам уақыт тұ­рып қалған концерт залы бұзылды. Енді оның орнына жаңадан мәде­ниет орта­­лығын салуға ұмтылыс байқа­лып отыр. Алайда мұнайлы шаһарға көрік бе­­руі мүмкін жаңа нысан­ның құрылы­сы қа­шан басталатыны әзірге айтылған жоқ.

Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің ұсын­ған ақпаратына қарағанда, жаңа нысан­ның жобалық-сметалық құжаты сараптамада жатыр. Жобалық-смета­лық құжаттамаға сәйкес концерт залы мен тарихи-өлкетану музейін біріктіретін мәдениет орталығы үш блокке бөлінеді.

Бірінші блокте 1 200 орындық кон­церт залы мен бөлме қарасты­ры­­­лыпты. Мұнда көрермен­дерге ар­нал­­­ған үлкен вестибюль, фойе мен ку­луар­лар, буфеттер болады. Екі конференц-залы орналасады. Оның бірі – 100, екіншісі 50 орындық. Сондай-ақ 40 орынға есептелген VIP зал, оркестрге арналған сахна, өнер ұжымдарының дайындық жасайтын бірнеше залы мен дыбыс жазу студия­сы ашылады.

Екінші блокке тарихи-өлкетану му­зейін орналастыру жоспарланып отыр. Кешен құрамына сандық және ғы­­лыми кітапхана, ғылыми зертхана, ше­­бер­ханалар мен мұрағат, қор, көр­ме, экс­­позициялық және мәжіліс залы кіреді.

Мәдениет орталығының үшінші блогі өзгеше болғалы тұр. Бұл – ал­дыңғы екі блокте бір-бірімен жал­ғас­тыратын домбыра пішініндегі ба­қы­лау алаңы. Мұнда кассалық галерея, лифт пен баспалдақ алаңы бар фойе орналасады. Әр блокте әкім­шілік, қосалқы бөлмелер қарас­тырылған.

 

Резиденциядан лагерьге дейін

Президент сондай-ақ 5 өңірдегі ресми қонақтарға арналған резиденцияларды балалардың қажет­тілігіне беруді тапсырған еді. Сондай резиденцияның бірі Махамбет ауда­нындағы Аққайың ауылында орна­ласқан. Бұрын мұнда ресми қонақ­тарды қабылдауға арналған үй болған.

Жайық өзенінің оң жағалауын­дағы резиденцияға жақын маңнан «Атырау-Орал» тасжолы өтеді. Оның жанында шағын жағажай, үлкен алма бағы, тікұшақ қонатын алаң бар. Өзенге дейін асфальт жол төселген.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің мәліметінше, бұрынғы резиденцияны балалар лагеріне лайықтау көзделіп отыр. Ны­сан 200 орынға есептелген. Лагерьді «Жас дарын» деп атау ұйғарылыпты.

«Балаларға арналған лагерьді пай­­да­ла­нуға беруге дайындау, жер телімі­не қатысты құжаттарын рә­сімдеу жұмы­сы аяқталды. Нысанда газ бен су құбы­рының желісі жоқ. Соған байланысты оны пайдалану тек электр энергия­сы есебінен мүмкін болады. Бірақ бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Лагерь­ді жыл бойы, тиімді пайдалану мақса­тында одан әрі жаңғырту, оның ішінде газ, сумен қамтуға инженерлік желілер жүргізу, жатын корпустарын, асхана мен басқа да құрылыстарды кеңейту, балалардың бос уақытын өткізу­ге арналған қосымша нысан салу жолы­мен қалыпты жай-күйге келтіру жоспарланып отыр. Бұл жұмысты 2025 жылдың бірінші жартысында жүргізу, жиһаз бен басқа құрал-жабдықтарды жаңарту көзделген», деп мәлімдеді Р.Жұмағазиев.

Бұрынғы резиденцияның нысаналы мақсатын өзгерту де қолға алынып жатыр. Осы мақсатта арнайы құжат­тар топтамасы дайындалған.

 

Аққайыңда алаңдайтын мәселе көп

Бұрынғы резиденция орналас­қан Аққайың – Бейбарыс ауылдық округінің құрамындағы елді мекен. 2006 жылға дейін Сорочинко аталған еді. Кейінгі 35 жылдан бері тұрғын­дар саны едеуір азайыпты. Мәселен, 1989 жылы елді мекендегі тұрғын­дар саны 174 адам болған. 1999 жылы 130 адам, оның ішінде 60 ер, 70 әйел адам тұрған. 2009 жылы 89 адам (46 ер, 43 әйел) қалған. Еліміздегі 2021 жылғы санақ қорытындысы­мен ауыл­да 78 адамның тұратыны есеп­ке алынған екен. Бір қызығы, ерлер­дің саны әйелдерден екі есеге көп бо­лып шыққан.

Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашевтің дерегіне қарағанда, қазір Аққайыңда 80 адам тір­келіпті. Алайда нақты тұратын­дардың саны – 25 адам.

«Бұл елді мекен Атырау қаласынан шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Бейбарыс ауылынан төте жолмен жүрсе, қашықтық бес шақырымдай болады. Мұнда өткен жылы фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Әзірге пайдалануға берілген жоқ. Ауылда су, жарық, газ желілері бар. Ауызсу Жайық өзенінен алынады. Тұрғындарға берілер алдында су тазарту қондырғысында сүзгіден өткізіледі. Бірақ ауылдағы 12 отбасы ғана судың ақысын төлейді. Сол себептен жазғы су құбырын жүргізу тиімсіз болып отыр», дейді С.Зұлхашев.

Аққайың ауылына қоғамдық көлік қатынамайды. Елді мекенде мектеп пен балабақша, күнделікті тұтынатын азық-түлік, өзге де қажеттілікті сататын дүкен жоқ.

«Тұрғындардың бәрінде дерлік жеке көлік бар. Азық-түлікті, өзге де қа­жет заттарды Бейбарыс ауылынан, Аты­рау қаласынан әкеледі. Ауыл тұр­­ғын­да­ры қой мен сиыр ұстайды. Көкөніс пен бақ­ша дақылдарын екпейді», дейді округ әкімі.

Мемлекет басшысы берген тапсыр­маның мұнайлы өңірдегі жай-күйі осындай.

 

Атырау облысы