• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Медицина 21 Мамыр, 2025

Ауылға барған дәрігерлерге көтермеақы неге төленбеген

70 рет
көрсетілді

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов ауылға жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 8,5 миллион теңге біржолғы төлемнің төленбей отырғанын сынға алды. Ол бұл мәселе бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды egemen.kz

Депутаттың айтуынша, заң бойынша кемінде бес жылға ауылға барған дәрігерлерге ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде көтермеақы төленуі тиіс. Алайда 2024 жылы 17 облыстың 6-ында бұл төлем берілмеген. Оның басты себебі – жергілікті әкімдіктер аса тапшы медициналық мамандықтар тізімін уақытында бекітпеген.

«Мысалы, Абай облысы, Аягөз ауданының Өркен ауылына жұмыс істеуге барған жалпы тәжірибелік дәрігер Айжан Алпысбайқызы заң бойынша 8,5 миллион теңге алуы керек еді. Бірақ бұл мамандық өңірде аса тапшы деп танылмағандықтан, оған төлем берілмеді», дейді депутат.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің стандарттарына сәйкес, бір жалпы тәжірибелік дәрігерге – 1700, ал бір терапевтке – 2200 адамнан келуі керек. Бірақ халық саны аз ауылдарда бір ғана дәрігер барлық тұрғынға қызмет көрсетіп отыр.

«Егер жалпы тәжірибелік дәрігер мен терапевт мамандықтары аса тапшы тізіміне енгізілмесе, ауылдағы дәрігер тапшылығы шешілмейді», дейді Сабильянов.

Аталған мәселе бойынша депутат Үкіметке үш нақты ұсыныс жолдады:

1. Аса тапшы мамандықтар тізіміне жалпы тәжірибелік дәрігер мен терапевтті қосу;

2. Абай облысы бойынша бұл тізімді шұғыл бекіту;

3. Ауылға барған дәрігерлерге 8,5 млн теңге көтермеақыны толық төлеу.

«Сізден осы сауалды заңнамада белгіленген мерзімде қарастырып, тиісті шараларды қабылдауды сұраймын», деді депутат.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ 2 курс студенті