• RUB:
    6.33
  • USD:
    511.59
  • EUR:
    575.28
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:12

Әуе компаниялары отбасы мүшелерінің жүгін біріктіруі қажет - депутат

30 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ауыл партиясы» фракциясының мүшелері әуе тасымалы кезінде бір отбасының жүгін біріктіру мәселесін оңтайлы шешуді сұрады, деп жазады Egemen.kz.

Мәселен, бір отбасынан 4 адам әр қайсысына 23 келіге дейін жүк алуға рұқсат етілетін билетті сатып алады. Іс жүзінде олар 30 келілік екі чемоданды тапсырады. Әуе компаниялары осы тұста чемодан салмағының белгіленген нормадан асып кеткенін айтып, 40 мың теңге қосымша ақы талап етеді. Бұл ұшу құнын тағы да 15-20 пайызға қымбаттатып жібереді. Фракция сауалын жолдаған депутат Николай Арсютин мұндай жағдайда отбасыға тиесілі жалпы жүкті біріктіруді, оған қосымша қаржы алмау тетігін қарауды ұсынды. 

Депутат ҚР Бас көлік прокуратурасы бірге саяхаттайтын отбасы мүшелерінің жол жүгін біріктіру нормасына тыйым салмағанмен, әуе компаниялары бұл норманы  ескермей отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, ЕО елдеріндегі жолаушылардың құқын қорғау бойынша директивалар жолаушылардың жүгін біріктіруде олар үшін қолайлы жағдай жасайтынын қаперге салды. 

Осыған байланысты депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.Скляр атына бірнеше ұсыныс жолдап, қайта қарауды сұрады.  

«Бірінші – нормативтік құқықтық актілерде (оның ішінде жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларында) жолаушылардың, егер олар бір билетпен жүретін болса, багаж нормаларын өзара біріктіру құқығын белгілеу. Бұл тәжірибе ішкі және халықаралық рейстерді орындайтын барлық авиакомпаниялар үшін міндетті болуы керек;Екіншісі – осы талаптарды орындамау, әуе компаниялары тарапынан теріс пайдалану және жосықсыз әрекеттер үшін жауапкершілік (санкциялар) енгізу арқылы осы стандарттарды орындауға бақылау орнату;Үшіншіден, тасымалдау ережелеріне авиакомпанияларға билеттерді брондау кезінде жолаушыларға багажды біріктіру мүмкіндігі туралы ақпарат беруді талап ететін ережені енгізу. Әуе тасымалдаушылары билеттерді сатып алу сатысында, сондай-ақ тіркеу кассаларында және ресми сайтында клиенттерді багажды біріктіру құқығы туралы хабардар етуге міндеттеу;Төртіншіден, бірқатар елде, соның ішінде Еуропалық Одақ пен АҚШ-та бәсекеге қабілеттілік деңгейін және жолаушылардың сұранысын орындау деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін мұндай тәжірибелер сәтті енгізілгенін ескере отырып, халықаралық тәжірибе мен заңнаманы бағалау керек», деді Н. Арсютин.

Ол сауалының соңында мұндай шаралар азаматтар үшін багажды тасымалдау жағдайларын жақсартуға, олардың құқығын қорғауға, азаматтардың қазақстандық авиакомпанияларға сенім деңгейін арттыруға және халықаралық стандарттарға сай әділ қызмет көрсету жүйесін құруға ықпал ететініне сенім білдірді.