Динара Бисенова Қазақстанның музыка индустриясында қолтаңбасы айқын, биік тұлға болып саналады. Ол – әйгілі композитор, продюсер және вокал маманы, Композиторлар одағының мүшесі әрі жас орындаушыларды тани білетін музыка педагогы. Өнер иесі еліміздің алдыңғы қатарлы сахналарында айшықты ізін қалдырып, вокалды оқытудың инновациялық әдістері арқылы өнердің тұтас буынын қалыптастыруда елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл эксклюзивті сұхбатта Бисенова жүріп өткен жолы, ұлттық музыкалық білімге тигізген әсері және Қазақстандағы вокалды орындау шеберлігіндегі мызғымас ұстанымы туралы әңгімелейді. Біз Динарамен кәсіби жолы, өнерге деген көзқарасы және болашаққа жоспарлары туралы әңгімелестік.
– Сіздің шығармаларыңыз Республика сарайы мен елорданың орталық алаңдарынан бастап, КТК, Qazaqstan, Hit TV және MZ Zone телеарналарында, еліміздің ең үлкен сахналарында тыңдалады. Осындай белді сахналарда өнер көрсету нені білдіреді? Бұл сіздің шығармашылық дамуыңызға және аудиторияңыздың музыканы қабылдауына қалай әсер етеді?
– Рас, бұл оңай жол емес, өнердің жолы қашанда ауыр. Алайда, өлшеусіз еңбектің нәтижесі өзгеше шабыт береді. Сахнада мен өз басымнан өткен оқиғаларды музыка арқылы жеткізе отырып өмір сүремін. Ал мектебімде осы тәжірибелерді сабаққа айналдырып, оқушыларымның дауыстарын ашуға көмектесемін. Сахна мен оқыту арасындағы бұл тепе-теңдік мені шығармашылық тұрғыдан сергітіп қана қоймай, жинақтаған тәжірибемді шәкірттеріме жеткізуге мүмкіндік береді.
– Динара, сіздің есіміңіз Қазақстандағы көрнекті вокал мен инновациялық оқыту әдістерінің синониміне айналды. Орындаушы ретінде табысты еңбек жолыңызда вокалдық педагогикаға назар аударуға не түрткі болды?
– Мен үшін бұл екі жол – сахна мен педагогика бір-бірімен тығыз байланысты. Сахнаға шыққанда – өнерімді көрсетемін, сабақ бергенде – жылдар бойы жинаған тәжірибемді беремін. Шәкірттерімнің айтарлықтай жетістіктерге жеткенін көргенде, спектакльден кейін үлкен қошемет көрген әртіс сияқты ләззат аламын. Менің вокалды оқыту әдістемесін жасауым музыка саласының дамуына ықпал етті және еліміздің ғана емес, халықаралық сахналарда да жарқырай көрінген жаңа буынды қалыптастырды.
– Сіздің вокалды оқыту әдістемеңіз еліміздің Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы сияқты беделді оқу орындарында пайдаланылады. Сіздің бұл әдістемеңіздің ерекшелігі неде?
– Менің оқытуға деген көзқарасым әр оқушыға бағытталған. Репертуар таңдауда қателік жібермес үшін дауыс түрін анықтауға және оның ерекшеліктерін ескере отырып ән таңдауға көмектесемін. Бұл дауыс мембраналарын дұрыс пайдаланбау салдарынан туындайтын дауыс ақауларын түзетуге әсер етеді. Дауыстың саулығына, әсіресе балалармен жұмыс істегенде артық жүктеме болмас үшін ерекше мән беремін.
Сондай-ақ мен дұрыс диафрагмалық тыныс алуды үйретемін, бұл дауыстың еш кедергісіз шығуы мен тұрақтылығын сақтауға көмектеседі.
– Сіздің әдістемеңіз Мұқан Төлебаев атындағы №5 балалар музыка мектебінде де пайдаланылады. Бағдарламаны мектепте де игілікке айналдырудың маңызды неде?
– Табысты мансаптың негізі жас кезде қаланады, мен осыған сенемін. Әдістеменің мектептерге енгізілуі жас вокалшыларға болашақта түзетілуі қиын қателерден аулақ болуға көмектеседі, яғни әу бастан дұрыс әдіс-тәсілдерді меңгереді. Оның үстіне, вокалды жоғары сапалы оқытуды ірі қалаларда ғана емес, шалғай аймақтарда да қолжетімді етудің маңызы зор.
Менің миссиям – тұрғылықты жеріне қарамастан, бүкіл Қазақстан аумағында виртуозды вокалистердің жаңа буынын тәрбиелеу.
– Сіз өз брендіңізбен патенттелген, әртүрлі сахналарда белсенді орындалатын көптеген әндер мен музыкалық туындылардың авторысыз. Өзіңіздің музыкалық топтамаңызда қай шығармаңызды ерекше атап айтар едіңіз?
– Шығармашылық деген – үздіксіз ізденіс. Маған ерекше қымбат үш ән бар: «Өкпе», «Бақыт деген – өмiр суру», «Билейік, кел». Олар 2010-2013 жылдары жазылған. Бұл шығармалар музыкалық-лирикалық мазмұны жағынан маған ерекше жақын. Солар арқылы көрерменге жан-дүниемді бөлістім. Осы әндердің арқасында танылдым, тыңдармандардың шынайы махаббатына бөлендім.
– Көкшетауда вокалдық студия ашу – батыл қадам. Жас дарындарды дамытатын орта құруға не түрткі болды? Осы жобаны бастағанда алдыңызға қандай мақсаттар қойдыңыз?
– Мен ең алдымен Қазақстанның жетекші музыкалық университеттері мен колледждерінде сынақтан өтіп, мойындалған сәтті тәжірибені туған жерге әкелгім келді. Көкшетауда өзімнің жеке студиямды құру – жинақтаған білімім мен әдіс-тәсілдерімді қолдану ғана емес, талантты орындаушылардың жаңа буынын тәрбиелеу, еліміздің шалғай түкпірінде де жастардың жарқырап көрінуіне жол ашу болды. Қазақстанның музыка саласын дамытуға қосқан үлесім тек вокалдық дайындық емес, өнер адамдарын тәрбиелеуге, оның ішінде орындау техникасы, сахналық мінез-құлқы, музыкалық интерпретация мен стиль жұмысына қатысты кешенді көзқарасты қалыптастыру деп сеніммен айта аламын.
– Сіз Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі миллиондаған көрерменге таныс КТК телеарнасының әнұранын жазғаныңызды білеміз. Бұл жобаның идеясы қалай пайда болды?
– КТК телеарнасы ең үздік әнұранға байқау жариялағанда, тобыммен бірге ақылдасып, қатысамын деп шештім. Мен негізі жарыстарды жақсы көремін, шығармашылық тапсырмалар, байқаулар мен сынақтар мені шабыттандырады, ең жақсы қасиеттерімді аша түседі. Мен үшін қай кезде де бірінші болу, чемпион болу өте маңызды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде түрлі жарыстар мен байқаулар ұйымдастырылатын, біздің сынып үнемі алдыңғы қатардан көрініп жататын.
Ал жоғарыдағы КТК әнұранының мәтінін телеарнаның шығармашылық айнасы, мұраты, көңіл-күйі, үні болар деген оймен жаздым. Ал әуені әдемі және жағымды естілсе дедім, мен үшін музыканы телеарна ұжымының ұнатып, керемет әрі сенімді орындауы маңызды болды. Осылайша, әнұранның әрбір сөзі мен нотасына жанымды салдым.
Өз ойымша, барлығы сәтті шыққан сияқты. Көрермен де бұл туындыны жатқа айтып, әнді жақсы қабылдады.
– Театрмен гастрольдік сапарлар әрбір өнерпаздың шығармашылық өсуіне ықпал етеді. «Тамаша» театрының жетекші солисті ретіндегі гастрольдік сапарыңыз кәсіби шыңдалуыңызға қалай әсер етті?
– Мен «Тамаша» ойын-сауық отауымен гастрольдік сапардан үлкен рахат алатын едім, жаңа кездесулер, жаңа таныстықтар менің шығармашылығыма серпін берді. Бұл сапарлар сахна қуанышын ғана сыйлаған жоқ, көрерменімізбен шынайы қарым-қатынас сыйлады. Әсіресе, концерттерден кейін көпшілікпен тіл табысып, олардың алған әсерлері мен алғыс сөздерін естідім. Бұл да өзгеше шабыт, күш береді.
Айтпақшы, гастрольдік сапарда сіз шығармашылықта тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсінесіз, тұрақты қимыл-қозғалыстар, тығыз жұмыс кестесі, жаңа жағдайларға тез бейімделу кезінде өте ұйымшыл және жауапты болу керек, кез келген жағдайда формада болудың маңызы зор.
– Сіз бірнеше рет халықаралық байқауларда қазылар алқасының мүшесі болдыңыз. Қандай жобалар сіздің есіңізде ерекше сақталды? Халықаралық жарыстарда төреші болу үшін қандай дайындық пен тәжірибе қажет?
– Көптеген жобалар есімде, бірақ әртүрлі елдер мен мәдениеттердің қатысушылары жиналатын жарыстар қайталанбас әсер қалдырады. Өнердің әртүрлі тәсілдермен қалай көрінетінін тамашалау, сонымен бірге оның адамдарды қалай біріктіретінін сезіну мені өзгеше күйге бөлейді.
Халықаралық жарыстарда төреші болу үшін ашық, объективті болу керек, әртүрлі стильдер мен мектептерге құрмет көрсету өте маңызды, тек техниканы ғана емес, әртістікті, өнерді жеткізу мен эмоционалдылықты бағалай білу үшінде талант, білім керек. Адал әрі мұқият болу өте маңызды, өйткені орындауына бар күш-жігерін салған қатысушылардың тағдыры сіздің пікіріңізге байланысты.
– LIFE BAND «Studio 54» - жай ғана музыкалық топ емес, сізді продюсер ретінде де, солист ретінде де көрсеткен бірегей жоба. Осы жобаны жасауға не түрткі болды? Сіз өзіңізге және ұжымға қандай міндеттер қойдыңыз, қос рөліңіз сахнада және одан тыс жерде шығармашылық идеяларыңызды жүзеге асыруға қалай мүмкіндік берді?
– LIFE BAND "Studio 54" - өзі менің музыка мен шығармашылыққа деген көзқарасымды біріктіру үшін жасаған жоба. Онда мен өз шығармаларымды орындап қана қоймай, идеядан бастап соңғы дыбысқа дейінгі бүкіл процесті қадағалаймын. Бұл топ эксперименттер алаңы болды, жаңа музыкалық шешімдерді, батыл көркем идеяларды жүзеге асырдық. Сахнада мен әр әннің сезімін, мәнін көрерменге жеткізетін орындаушымын, ал сахна сыртында – қойылымдардың аранжировкасынан бастап, көрнекі сүйемелдеуіне дейін әрбір детальді қадағалайтын продюсермін.
LIFE BAND «Studio 54» тобының басты мақсаты – ұлттық сахнада ғана емес, шекарадан тыс жерде де бәсекеге түсе алатын сапалы музыкалық контент жасау. Біз қойылымдарымыздың әрбір композициясы шағын хикаяға айналатын шынайы шоу болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Ол кезде әрбір сөз, әрбір жазба маңызды. Мен үшін бұл жоба өзімді вокалист және продюсер ретінде таныту ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы музыкалық жобалардың сапасын көтеру, елімізде де, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие болатын музыкалық өнімнің жаңа деңгейін құрудың жолы болды.
– Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылығыңыз өрге жүзе берсін!
Айта кетейік, Динара Бисенованың есімі концерт залдарынан асып, музыка мектептері мен жоғары оқу орындарының аудиторияларына еніп, шәкірттерінің дауысынан көрінеді. Дәстүрлі вокалдық техника мен заманауи сахна талаптарын ұштастырған бірегей оқыту әдістерінің арқасында Бисенова дарынды вокалшылардың жаңа буынын тәрбиелеп, Қазақстанның музыка индустриясының болашағын қалыптастыруды жалғастыруда.