• RUB:
    6.33
  • USD:
    511.59
  • EUR:
    575.28
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 09:40

Денсаулық – баға жетпес байлық

30 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйытқы болып, елімізде репродуктивті денсаулық апталығы өтті. Апталық аясында Астанада дөңгелек үстел отырысы болып, бірқатар күрмеулі мәселенің тиегі ағытылды.

Басқосуда Парламент Мәжілісінің депутаттары, дәрігерлер, бел­сенді азаматтар әйелдердің репродуктивті денсаулығына қатысты сын-қатерлер, ерте жүктілік, отбасын жоспарлау мәселесімен қатар ерлер денсаулығы тақырыбын қауза­ды. Баяндамашылар репродук­тивті денсаулық бағытында аурудың алдын алуға, заманауи­ медициналық қызметтердің қол­жетімділігіне назар аударды. Оның ішінде әлеуметтік факторлардың әсері мен ақ­параттандыру мәселесі кеңінен қамтылды. Барлық жастағы әйел­дердің денсаулығына бағыт­тал­ған кешенді стратегия әзірлеу қажеттілігі айтылды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов әйелдер ден­сау­лығымен қатар ерлер ден­сау­лы­ғы­на көп көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.

– Кей адамдарға репро­дук­тив­­ті денсаулық тақы­рыбы әйел­дер тақырыбы секілді көрінеді. Бірақ бұл біздіңше, ерлерден де алыс тақырып емес. Мәселе күрделі, ушығып тұр. Сондық­тан апталық тек ақпараттық-түсін­діру жұмысымен шектелмеуге тиіс. Бұл – саладағы бірнеше жыл айтылып келе жатқан күрделі мәселелерді шешудің бір мүмкіндігі. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дерек бойынша, кейінгі бес жылда кәмелетке толмаған 11 мыңнан астам қыз бала жүкті болған. Дегенмен бұл статис­тика 2000 жылдан бері 43%-ға төмендегенін ескерген дұрыс. Әр ерте жүкті болған қыздың артында тағдыр бар. Оның білім алмағанын былай қойғанда, әлеуметтік жағдайы қалай болады? Елде қыздарымыз түгел дерлік АПВ-ға қарсы вакцина алдырады. Оған қарсы бо­лып, салдырмай жатқандар да бар. Осы тұрғыда ұлдар­дың да АПВ-ға қарсы вакцина алуын ұлттық күнтізбеге енгізу керек, деген ұсыныс айтты А.Аймағамбетов.

Ұлттық комиссия төраға­сының орынбасары, Пар­ла­мент Сенаты төрағасының кеңес­шісі Жұлдызай Ысқақова апталықтың мән-ма­ңы­зы туралы жан-жақты баяндады.

Репродуктивті денсаулық апталығының әр күні белгілі бір тақырыпқа арналған. Жасөспі­рімдер арасындағы жүк­тіліктің аз емесін, инфек­ция­лардың көп екенін біле­міз. Әйелдер істері және отба­сы­лық-де­могра­фиялық саясат жө­нін­дегі ұлттық комиссия мүше­лері былтыр өңірлерге мониторинг жүргізді. Мектептегі мұғалімдер, жасөспірімдер та­қы­рыпты тереңірек білгісі ке­ле­ді. Репродуктивті ден­саулық тақырыбын білуге жас­өспірімдер барынша ынталы. Осыны тиімді пайдаланып, ақпараттандыру жұмыстарын ұтымды жүргізу керек. Ресми ақпарат бойынша, елдегі шамамен әр алтыншы отбасы бедеулік салдарынан ажырасады. Бұл ұлттық қауіп­сіз­дікке қатер төн­діреді. Осы апталық аясында мектептегі ұл-қыздарымыз жаман-жақсыны таныса, репро­­­дук­тивті денсаулық туралы білсе, соның өзі бізге үлкен олжа, – деді Ж.Ысқақова.

Ашық пікір алмасу барысында жасөспірімдердің жы­ныстық жетілуі, ерте жүк­­тілік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, сондай-ақ ерлердің репродуктивті денсаулықты сақтау жолындағы рөлі мен жауапкершілігі туралы мәсе­лелер қозғалды. Саламатты өмір салтын қалыптастыруды оқушылардың бойына сіңіру керек деген ұсыныс айтылды.  Астана медицина университеті жанындағы Е.Даленов атындағы ғы­лыми зерттеу институтының аға оқыту­­шысы Бағай Назарбайұлы: «Саламатты өмір сал­­­тын қалыптастыру үшін алдымен қоғам сауатты болуы керек. Репродуктивті денсаулық тақырыбы алдымен мектепте айтылғаны жөн. Төменгі сыныптарда дұрыс тамақтануды баланың бойына сіңіруге болады. Өсе келе биорежімді сақтау, генетикалық аурулардың қалай пайда болатынын, жыныстық жолмен берілетін ауруларды да білгені дұрыс. Бала аурулардың салдарын білсе, алдын алады. Репродуктивті денсаулық мәсе­лесіне қатысты көп мәселені осы­лай ағартушылық жұмыстар арқылы оңалтуға әбден болады», деген пікір білдірді.

Дөңгелек үстел қоры­тын­ды­­сында дәрігерлер, реп­ро­ду­к­­­тивті денсаулық мәселесіне алаң­дайтын белсенді азаматтар әйел­дер денсаулығына қатысты бас­тамаларды жүйелі ілгерілету үшін мемлекеттік, қоғамдық, биз­­нес құрылымдардың күш-жі­ге­рін біріктіру қажет деген ор­тақ келісімге келді. Сонда ғана жү­йелі жұмыс оң нәтиже беруге тиіс.