Елімізде туризм жыл сайын қарқынды дамып келеді. Әр өңірде әртүрлі туристік нысандар салынып жатыр. Солардың бірі – Алматы облысының Кеген ауданындағы Көртоғайда салынып жатқан аспакөпір.
Осы құрылыстың атауын әркім әрқалай атай бастады. Соған орай алуан пікірталас та көбейді. Көбі инвесторлардың «Черный каньон» деген атауына қарсы. Кейбір қазақ «Көртоғай» деген тарихи атаудың орысшаға тура аудармасынан қашқақтайды. Кейбірі жаңадан «Қара шатқал» деген жасанды аударма атауды ұсынбақ болады.
Осы ауданның перзенті әрі журналист-ғалым ретінде мынадай ұсынысым бар: ХХ ғасырдың басына дейін Көртоғайдың қысаң-қыпсағайларында «Бәйтіктің аспакөпірі», «Қоржынбайдың аспакөпірі» деген көпірлер болған. Бұл көпірлер ел жайлаудан қыстауға немесе қыстаудан жайлауға көшіп бара жатқанда уақытша пайдаланылған. Кеңес өкіметі келіп жаппай ұжымдастыру және байларды кәмпескелеу науқанында ол көпірлер де, көпірді жасағандар да тарих сахнасынан ысырылды. Уақыт өте келе «аспакөпір» деген атаулар ұмытылды да, «Көртоғай» атауы халық жадында қалды.
«Көр» деген сөз біз ойлап жүргендей тек «мола» деген мағынада қолданбаған. Оның түрк тілдерінде осыған мәндес «зағип», «соқыр», «қараңғы» деген де нұсқалары бар. Демек біз айтып, қолданып жүрген «көр» деген сөз «ештеңе көрінбейтін жер» деген де ұғым білдіреді. Олай болса «Көртоғай» деген топонимді «мола тоғай» деген мағынада емес, «ештеңе көрінбейтін қараңғы қалың тоғай» деген мағынада қолдануымыз және өзгелерге де осылай түсіндіруіміз қажет.
Сөйтіп, байырғы тарихи жер атауын негізге алып, «Көртоғай аспакөпірі» деген атауды жергілікті халықтың қалауы ретінде қолданысқа енгізгеніміз жөн деп білемін.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ