• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Мамыр, 2025

A-WEB Бас хатшысы ресми сапармен келді

150 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комис­сиясының төраға­сы Нұрлан Әбдіровтің ша­қыруымен 2025 жыл­ғы 12–16 мамырда Сай­лау органдарының дүние­жүзілік қауымдас­ты­ғының (A-WEB) Бас хатшысы Ин-шик Чжанг елімізге алғаш рет ресми сапармен келді.

14 мамырда Түркістан қала­сында Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының (A-WEB) Бас хатшысы Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің Орта­лық сайлау органдарының кон­суль­тативтік платформасы (ОСО КП) туралы ережеге қол қою рәсіміне және «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәс­түрі, тәжірибесі және даму бола­шағы» атты халықаралық ғылы­ми-практикалық конференциясына қатысып, сөз сөйледі.

16 мамырда Астана қаласын­да Ортсайлаукомның кеңсесінде А-WEB Бас хатшысы Ин-шик Чжанг Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен кездесті. Кездесуге ОСК мүшелері, комиссия аппаратының және «ҚР ОСК Инженерлік-техникалық орталығы» РМК қызметкерлері, Астана қаласы мен елордалық аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады, сайлау өткізу, сайлау үдерістерінде цифрлық технологияларды қолдану, сондай-ақ сайлаушыларды ақпараттандыру және сайлау кезеңінде жалған ақпараттың таралу қаупі мәселелері бойынша ақпарат пен тәжірибе алмасты.

Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы шақыртуды қабыл алғаны үшін Ин-шик Чжангқа алғыс айтып, қауым­дастықпен жемісті ынтымақтастықты атап өтті. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің сайлау органдарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілігі расталды.

Өз кезегінде Чжанг мырза Қазақстанның ОСК-сіне сындарлы ынтымақтастық пен сайлау саласындағы халықаралық әріптестікті дамытуға қосқан үлесі және Қазақстанның қауымдастық жұмысындағы белсенді рөлі үшін алғысын білдіріп, еліміздің сайлауды өткізудегі ашықтық пен инклюзивтілік қағидаттарын ұстанатынын баса айтты. Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен сайлау жүйесін және де жалпы елді дамытудағы Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.

«Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясын біз үшін түркі әлеміне қақпа деп санаймыз. Табысты ынтымақтастық үшін бірінші кезекте технологиялармен алмасуымыз керек. Түркі мемлекеттері ұйымы­ның сайлау органдарының консультативтік платформасы біздің ұрпақ үшін ғана емес, келесі ұрпақ үшін де жақсы тетік болады деп сенемін. Бұл платформа Қазақстанмен, оның ішінде түркі әлемі елдері­мен ынтымақтастығымызды жүйелейді. Сондықтан біз тығыз өзара іс-қимыл үшін жақсы тетік құрғанымызға өте ризамыз», деді Cайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының басшысы.

Сонымен қатар Чжанг мырза сайлау саласындағы жаһандық трендтер, сайлау үдерісін цифрландыру туралы айта келе, бұл мәселе бойынша қоғамда консенсустың болмауына және сайлаушылардың цифрлық сайлау технологияларына сенімсіздігіне байланысты Кореяның электронды дауыс беру жүйелерін қолданбайтынына тоқталды.

Кездесу ашық, достық және кәсіби түрде өтті. Кез­десу барысында тараптар екіжақты диалогті, сайлауды ұйымдастыру, өткізу мәселелері бойынша ақпарат және тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екенін растады. Соңында Нұрлан Әбдіров Ин-шик Чжангқа Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына арналған «Конс­титуциялық реформа және сайлау жүйесі» халықаралық конференциясының материалдар жинағын табыс етті.