Маңғыстауда 2025 жылы тоғыз «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі, бұл оқушы саны артып, мектепке сыйымдылық мәселесі туындаған аймақ үшін үлкен жаңалық. Өткен жылы, яғни 2024 жылдың желтоқсан айында 4 500 орындық 4 мектеп пайдалануға берілген еді. Ал жаңа оқу жылында іске қосылатын «жайлы мектептер» 8 100 оқушыға құшағын айқара ашатын болады.
Нақтырақ айтсақ, аталған тоғыз «Жайлы мектептің» үшеуі – Ақтау қаласында, біреуі – Жаңаөзен қаласында, екеуі – Бейнеу ауданында, екеуі – Мұнайлы ауданында, біреуі Маңғыстау ауданында ашылады.
– Бүгінде облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8 100 оқушы орнына арналған тоғыз жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл тоғыз мектеп жаңа оқу жылында іске қосылады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс бойынша 21 мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Бұл жұмысты 2025–2027 жылдар аралығында толық аяқтау көзделіп отыр, дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбану Қызылғұлова.
Сондай-ақ басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, өңірде жыл басынан бері үш балабақша ашылған.
– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында 2025 жылы 17 жаңадан балабақша ашылып, 4 410 орынға дейін қамту мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар мемлекет-жекешелік әріптестік арқылы Ақтау қаласындағы 18 және 34-шағын аудандары мен Мұнайлы ауданында үш мектепке дейінгі ұйым құрылысын жүргізу жөнінде жеке инвесторлардан ұсыныс түсті, дейді ол.
Құзырлы орындардың берген мәліметіне сенсек, жаңа оқу жылында сегіз мыңнан астам оқушы кең де таза, биік те жарық су жаңа заманауи мектептің табалдырығын аттайды.
Маңғыстау облысы