Қазақ ән өнерінің қара нары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән-жырым саған, туған ел!» атты халықаралық әншілер байқауына биыл Қытай, Қырғыз Республикасы, Моңғолия елдерінен және еліміздің әр қиырынан «сен тұр, мен атайын» деуге лайықты үздік өнерпаздар қатысып, ән мерекесінің беделін арттырды.
Төртінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі байқауға қатысуға әуелі 45 үміткерден өтініш түсіпті. Онлайн іріктеу сынын жіті қадағалаған қазылар алқасы 45 әншінің ішінен 18-35 жас аралығындағы 20 мықты өнерпазды таңдап алып, финалдық кезеңге өткізді. Халықаралық өнер аламанына қатысқан өнерпаздар Алтынбек Қоразбаевтың хитке айналған туындыларын нәшіне келтіре шырқады.
Ережеге сәйкес екі кезеңді қамтыған байқауда қатысушылар әуелі композитордың екі әнін орындаса, кейіннен еркін тақырыпта ән шырқап, өздерінің вокалдық әлеуетін көрсетті. Тоқтар Серіков, Мейрамбек Беспаев бастаған қазылар алқасының айтуынша, әншілер байқауға үлкен дайындықпен келген.
Халықаралық байқау қорытындысында Алматы облысынан келген Медет Орынбаев бас жүлде иегері атанып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз Ұлбосын Кенжабайқызының таланты талайға таңдай қақтырды. Өзіндік үнімен көрермендерді тәнті еткен Ұлбосынға 1-жүлде (800 мың теңге) бұйырды. Атыраулық әнші Мержан Қабдолов жүлделі екінші, түркістандық Асыл Жомартов пен елордалық Ақбөпе Әлібекова үшінші орынға лайық деп танылды.
Өнер додасында өзіндік шеберлігімен көзге түскен бірнеше қатысушыға ынталандыру сыйлығы (200 мың теңге), жүлдеден тыс қалған таланттарға арнайы алғысхаттар (100 мың теңге) табысталды. Бір сөзбен айтқанда, халықаралық байқау көптің көңілінен шықты.
Тараз