Атаулы жобаға айналған «Музей түні» акциясының бастау алғанына биыл жиырма жыл толды. Мазмұны бай мәдени жоба алғаш қанат қаққан Алматыдағы Мемлекеттік орталық музей мыңбояулы шаһар тұрғындарына биыл да ұмытылмас мереке сыйлап, тарих пен дәстүр дәріптелген шараға 20 мыңға тарта көрермен қатысты.
Музей алаңқайына тігілген сәнді сахна тәлімді кештің салтанатын асырды. Бұл түні Алматы аспаны самаладай жарқырап, алатаудан ескен салқын самал ашық алаңда концерт тамашалаған жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде танымал мәдениет қайраткерлері өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін қойылымдар көрсетілді. Ал музейдің экспозициялық залдарында бірнеше көрменің тұсауы кесілді.
Мәселен «Жауһар жәдігер» көрмесінде музейдің негізгі экспозициясынан тыс сақталып келген, аса құнды әрі бірегей экспонаттар жұртшылыққа таныстырылды. Олардың қатарында кейінгі жылдары археологиялық қазбалардан табылған алтын бұйымдар, асатаяқтың гауһармен көмкерілген басы, гильоширлі техникамен орындалып, гаухар, рубин, гранат, інжу тастармен безендірілген Фаберженің сәнді жұмыртқалары мен басқа да сирек кездесетін жауһар жәдігерлер шетелдік туристердің қызығушылығын тудырды.
Музей қорында сақталған сирек хаттар мен құжаттар негізінде дайындалған «Хат жазып тұр...» көрмесі әр дәуірдің хат алмасу мәдениетін көрсетті. Экспозицияда пошта маркалары, ашықхаттар, конверттер, Морзе аппараты мен ескі жазу мәшіңкелері ұсынылды. Әсіресе, Б.Момышұлының Ғ.Мүсіреповке жазған хаты, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы хаттар мен тарихи құндылығы жоғары маркалар, суреттер келушілердің ықыласына ие болды.
«Шабыт жаңғырығы» атты тағылымды көрме қазақ бейнелеу және мүсін өнерінің көрнекті өкілдері – суретші М.Кенбаев пен мүсінші Х.Наурызбаевтың 100 жылдығына, суретшілер В.Антощенко-Оленевтің 125, Н.Цивчинскийдің 120, Е.Сидоркиннің 95 және мүсінші Е.Сергебаевтың 85 жылдық мерейтойларына арналды. Көрмеде М.Кенбаевтың туған жердің тарихы мен ұлттық тұрмысты бейнелеген кескіндемелері, В.Антощенко-Оленевтің графикалық және романтикалық туындылары, Н.Цивчинскийдің соғыс жылдары салған натуралық шығармалары, Е.Сидоркиннің ұлттық өнер мен эпосқа, әдебиет пен тарихқа негізделген туындылары, сондай-ақ Х.Наурызбаев пен Е.Сергебаевтың жеке заттары мен мүсіндік еңбектері ұсынылды.
Ахмет пен Ғазиза Жұбановтардың мемориалды музейі атақты композиторлар Ахмет Қуанұлы мен Ғазиза Жұбанованың, режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің шығармашылық мұрасын таныстыратын көрме ұсынды.
Іс-шара аясында Иранның Алматыдағы Бас консулдығы жанындағы Иран мәдени өкілдігі ұсынған көрмеде Есфахан қаласынан арнайы келген шеберлер Нафиса Оруджи мен Мариям Джаффари өздерінің сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын – дәстүрлі кестелер, панно, сөмкелер, әшекейлерін көрсетті. Сонымен қатар Хоссейн Хушбатен парсы каллиграфия өнерінің қыр-сыры туралы баяндады. Көрмеде күміс және мыс ыдыстар, ежелгі қалалар бейнесі, «Абай мен Фирдоуси» тақырыбындағы көркем туындылар, ортағасырлық ойшылдар бейнеленген мүсіндік шығармалар көрермен қызығушылығын тудырды.
Кеш қонақтары отандық қолөнершілердің «Өнердің сиқырлы күші» көрме-жәрмеңкесін де тамашалады. Авторлық ыдыс-аяқтар, зергерлік бұйымдар, тоқыма және басқа да сәндік бұйымдар шеберлердің жоғары деңгейін көрсетті.
Зағип жандарға арналған «Саусақ ұшындағы өнер» тактильды көрмесінде Әбілхан Қастеев, Николай Хлудов, Диана Мұхаммед сияқты белгілі қылқалам шеберлерінің картиналары қойылған. Туындыларды тактильды форматта әзірлеуге Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушылары мен студенттері үн қосқан. Жобаға арналған аудиодискрипцияны аударма ісінің кәсіби маманы Анна Лоенконың жетекшілігімен Maksut Narikbayev атындағы жоғары гуманитарлық мектеп магистранттары әзірлеген.
«Музей түні» акциясы барысында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері: текемет шебері Әлия Сауғабекова, сырмақ шебері Тамара Қапқызы, киізбен жұмыс істейтін Бахытжан Қасымжанова мен Анаргүл Нарботанова, макраме шебері Бақытжан Жұмалиева, сырғалақ техникасында жұмыс істейтін Несібелі Асылбек, құрақ көрпе шебері Эльмира Өтешова, суретші-мүсінші Юлия Пицык келушілерге ұлттық бұйымдарды жасаудың қыр-сырын үйретті. О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі студенттері мен оқытушылары да «тоқу өнері», «көркем кескіндеме», «керамика» бағыттары бойынша шеберлік сабақтар өткізді.
«Музей түні» – бұл жай ғана экскурсия емес, бұл – тарихпен тілдесудің, ұлттық құндылықпен қауышудың сәті. Бұл түні музей шамдары жарқырап, келушілерге ерекше формат ұсынылды. Мұндай акциялар әсіресе жастар үшін маңызды. Бұл – ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртудың бір жолы. Мәдениет және ақпарат министрлігі жобаның кең өріс алуына үлкен қолдау танытты», дейді Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Сержан Саров.
АЛМАТЫ