• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 13:12

Жетім балаларды қолдау күшейтілді

20 рет
көрсетілді

Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жүйесі күшейтіліп жатыр. Қазіргі таңда өңірлерде 330-дан аса тәлімгер жұмыс істейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшыларымен кездесу кезінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрліктің мәлімдеуінше, жиында балалардың құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілдері, отбасылық құндылықтарды дамыту, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және баланы орналастырудың баламалы түрлерін кеңейту мәселелері талқыланды. Жыл қорытындысы бойынша енгізілген маңызды жаңалықтардың бірі баланы тәрбиелеудің жаңа түрі ретінде кәсіби қабылдаушы отбасылар институтының іске қосылуы болды. Бұл әдіс балалардың қолайлы әрі қауіпсіз ортада өсуіне мүмкіндік беріп, олардың ең осал кезеңінде тұрақтылық пен қамқорлықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Кездесуде сөз алған министр Ғ.Бейсембаев: «Кәсіби қабылдаушы отбасы – бұл ерте кезеңде қолдау көрсетудің маңызды тетігі. Мұндай отбасы қиын жағдайда қалған баланың алғашқы күндерден-ақ отбасы жылуын сезініп, тұрақты қолдау алуына мүмкіндік береді. Өңірлер бұл бағытта белсенділік танытып, кәсіби жауапкершілікпен жұмыс істеуі қажет. Өйткені баланың өзін қауіпсіз сезінуі жергілікті жерлердегі қолдаушы ортаға байланысты. Біз әр басшының, әр маманның бастамашылдығы мен жауапкершілігіне сенім артамыз», деді.

Заң шеңберінде алғаш рет қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санына қатысты нақты норматив бекітілді – әрбір 5 мың балаға бір маманнан. Қазірдің өзінде өңірлерде 900 қосымша штат бірлігі құрылған. Бұл отбасыларды қолдау мен алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізуге жол ашады. Сонымен қатар, тәлімгерлік институты да белсенді дамып келеді. Бүгінде 330-дан астам тәлімгер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс жүргізіп, олардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесіп жатыр.

Бүгінде елімізде 110-нан аса балаларды қолдау орталығы, балалар ауылдары, медициналық-әлеуметтік және арнайы мекемелер жұмыс істейді.