Қазақстанда жұмыс істейтін барлық 120 белсенді ұзақ өмір сүру орталығының (БҰӨО) 57-сі қалаларда болса, 63-і ауылдарда орналасқан, деп жазады Egemen.kz.
2017 жылдан бастап Қазақстан ресми түрде халқы қартайып жатқан елдердің қатарына кірген. Бүгінде 65-тен асқан шамамен 1,87 миллион адам – халықтың 9,2%-ын құрап отыр. Салыстырғанда 2020 жылы 6,8% болған екен.
Айта кетсек, 2020 жылы республикада алғашқы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылса, 2021 жылы «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспары (2025 жылға дейінгі) қабылданып, оның аясында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ведомствоаралық комиссия құрылды және белсенді ұзақ өмір сүру индексі есептелді.
Аталған орталықтардың жұмысы басталғаннан бері 20 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 3,8 мыңнан астам қызмет көрсетілген – олардың қатарында медициналық, психологиялық, мәдени және білім беру қызметтері бар. Мұның бәрі егде адамдардың белсенді болуына және денсаулығы мен көңіл-күйінің жақсартуына септесті.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. БҰӨО-ның қызметі – егде адамдарды белсенді ұзақ өмір сүруге ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, т.б.), қоғам өміріне қатысуға бағытталған», деп хабарланды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.