Астанада Орталық Азияның ІІ эндоскопиялық форумы басталды. Іс-шараны Қазақстан эндоскопиялық қоғамы мен Ұлттық ғылыми онкология орталығы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.
Екі күнде форумға елімізбен қатар Ресей, Беларусь, Украина, Моңғолия, Үндістаннан келген шамамен 400 қатысушы мен 40 спикер қазіргі диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Бірегей эндоскопиялық араласу әдістерін көрсетіп, онкология, эндоскопия, гастроэнтерология, пульмонология және осы салаларға жақын бағыттар бойынша озық технологияларды енгізу тәжірибесін бөлісті.
Форумның ашылуында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев эндоскопиялық диагностикалау мен емдеу әдістерін дамытудың маңызын атап өтті. Ол былтыр онкологиялық қызмет мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінде облыстық онкодиспансерлер базасында мамандандырылған жоғары технологиялық эндоскопиялық орталықтар құру туралы стратегиялық шешім қабылданғанын еске салды.
«Конференцияның басты мақсаты – күшті біріктіріп, жоғары білікті мамандарды тарту. Дәл осы орталықтарда клиникалық тәжірибе жинақталып, инвазивті диагностика мен емдеу әдістері дамиды. Бүгінде мұндай эндоскопиялық орталықтар тек онкодиспансерлерде ғана емес, сондай-ақ бейінді стационарлар базасында да еліміздің барлық өңірлерінде дерлік ашылды. Жоғары технологиялы, аз инвазивті диагностика әдістері ең алдымен халқымыздың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Форум үздік тәжірибелер алмасуға арналған маңызды алаңға айналатынына сенімдімін. Мұндай кәсіби кездесулердің құндылығын асыра бағалау қиын – олар кәсіби байланыстарды нығайтып, эндоскопиялық медицинаның болашағына әсер ете алатын жаңа идеялардың көзіне айналады», деді вице-министр.
Форумның басты спикерлерінің қатарында эндоскопия саласының әлемге әйгілі сарапшылары бар. Өңештің заманауи эндоскопиялық хирургиясының негізін қалаушылардың бірі, профессор Харухиро Иное (Жапония), асқазан обырын ерте диагностикалау жөніндегі маман, профессор Томохико Морияма (Жапония), тоқ ішек диссекциясы саласының сарапшысы, профессор Чон Сон У (Оңтүстік Корея), интервенциялық бронхолог доктор Хари Кишан Гонугунтла (Үндістан), асқазан-ішек жолының төменгі бөлімдеріндегі эндоскопия бойынша әлемдік деңгейдегі сарапшы профессор Хироши Кашида (Жапония) сынды білгірлер бас қосты.
Форум аясында заманауи эндоскопиялық жабдықтар, оның ішінде жасанды интеллекті бар жүйелер, аз инвазивті араласуларға арналған құрылғылар, ерте кезеңдегі обырды диагностикалау мен емдеуге арналған арнайы құралдар ұсынылған көрме де жұмыс істеп тұр.
«Онкологиядағы эндоскопияның орны ерекше: ол қатерлі де, қатерсіз де ісіктердің бар-жоғын анықтап қана қоймай, ісіктерді аз инвазивті тәсілмен алып тастауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бастапқы кезеңдегі қатерлі ісіктерді олар терең инвазияға жетпей тұрып алып тастау бойынша жоғары технологиялық операциялар жүргізілуде. Біз эндоскопияның бүкіл мүмкіндіктерін көрсеткіміз келеді»,– деді Қазақстан эндоскопиялық қоғамының төрағасы, ҰҒОО эксперттік эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Қанат Батырбеков.
Форумның практикалық бөлігі бүгін, 16 мамырда жалғасты. Бағдарламада халықаралық менторлардың қатысуымен симуляциялық станциялардағы тренингтер және live-сессиялар, операция залдарынан тікелей трансляциялар ұйымдастырылды.