Еліміз қаржы технологияларын енгізуден Орталық Азияда ғана емес, әлемде де алдыңғы қатарда тұр. Кейінгі бес жылда елдегі финтех-стартаптардың саны төрт есеге өсіп, цифрлық төлемдердің қолдану деңгейі 91%-ға жетті. Бұл көрсеткіш көптеген дамыған елдерден жоғары. Цифрлық валюталарды қанатқақты жобалар арқылы іске қосқан әлемдегі 26 елдің қатарында. Әсіресе банк жүйесі көш басында.
10 есе өскен
2023 жылы Visa, Ұлттық төлем корпорациясы мен Halyk, ЦентрКредит, Altyn Bank серіктестігімен әлемдегі алғашқы цифрлық теңгеге байланған төлем картасы іске қосылды. Бұл – осы саладағы айтулы оқиға. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдер кейінгі бес жылда 10 еседен астам өскен және бөлшек сауда айналымындағы үлесі 89%-ға жеткен. Бұл цифрлар еліміздің қаржы секторындағы цифрландырудың озық екенін дәлелдейді. Visa компаниясының Украина мен Грузиядағы, ТМД, Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі Money Movement Solutions бағытының жетекшісі Санжар Сүлеймановтың айтуынша, еліміз халықаралық әрі жергілікті нарық ойыншылары үшін инновациялық технологияларды енгізу алаңына айналған.
– Біз еліміздегі финтех экожүйесінің белсенді дамып, ынтымақтастыққа, озық шешімдерді енгізуге, жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік беретінін көріп отырмыз. Бұл тек төлем үдерістерін жақсартуға ғана емес, экономикалық өсімді ынталандыруға да ықпал етеді. Елімізді инновациялардың маңызды орталығы етеді, бүкіл индустрияның одан әрі өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді ол.
Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке банктің цифрлық экожүйесі, жасанды интеллект (AI) қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар, GovTech саласындағы жетістіктер және еншілес құрылым – Tenge Bank-тің инновациялық шешімдері туралы баяндады.
Halyk Bank цифрлық экожүйесінің ауқымы
Halyk Bank-тің цифрлық экожүйесін ай сайын 8 миллион адам пайдаланады. Тек банктің мобильді қосымшасында 66-дан астам мемлекеттік қызмет интеграцияланған, бұл отандастарымыздың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді. Қосымша арқылы көрсетілген қызметтер саны 50 миллионнан асты.
Банк цифрлық қызметтерін үздіксіз дамытып, жаңа мүмкіндіктер ұсынып жатыр. Мысалы, бизнеске арналған «Online Security» мен бұлтты бухгалтерия сервистері іске қосылды.
Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев банк қызметінде жасанды интеллектіні енгізудің нәтижелері туралы айтып берді. Оның сөзінше, кейінгі бір жыл ішінде банк AI технологияларын қолдана отырып бірнеше маңызды жобаны сәтті жүзеге асырды.
– Біз жасанды интеллектіні код жазуда, клиенттерді санаттарға бөлу әрі кредиттік талдау жүргізуде белсенді қолданамыз. Сонымен қатар оны комплаенс жүйесінде пайдаланамыз, бұл санкциялық тәуекелдерді анықтауға, болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл технологияны дамытып, қолдану аясын кеңейтуді жалғастырамыз. Біріншіден, банк кодты автоматты түрде жазу көмекшісін іске қостық. Бұл жасанды интеллект бағдарламалауды оңайлатып, жаңа өнімдер мен қызметтерді әзірлеу жылдамдығын арттырды. Енді бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу жылдамырақ, тиімдірек өтеді. Екіншіден, Halyk Bank клиенттердің өтініштерін өңдеуде жасанды интеллектіні белсенді қолданады. AI алгоритмдері клиенттерден келіп түсетін сұрауларды жылдам талдап, оларға автоматты түрде жауап береді. Үшіншіден, қағаз құжаттармен және бэк-офис үдерістерімен жұмыс істеуді оңтайландырдық. «Onlineduken» платформасында енгізілген AI технологиясы құжаттарды цифрлық форматқа ауыстыруды, оларды талдауды әрі сақтауды автоматтандырды, – деді Нариман Мұқышев.
Halyk Bank жақында жаңа өнім – Tax Advisor-ды таныстырды. Бұл жүйе Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп әзірленді, алдағы айларда қолжетімді болады.
– Бұл жүйе жеке, заңды тұлғаларға олардың қызметіне ең тиімді салық режімін таңдауға көмектеседі. Мысалы, көптеген мемлекеттік субсидиялар, гранттар мен қолдау шаралары бар, бірақ шағын кәсіпкерлер олар туралы білмеуі мүмкін. Біздің міндетіміз – оларға осы мүмкіндіктерді көрсету, бизнес жүргізудің оңтайлы жолдарын ұсыну. Жасанды интеллект бұл өнімде де маңызды рөл атқарады, ол құқықтық актілер туралы мәліметтерді жаңартып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат жинап отырады, – деп түсіндірді Нариман Мукушев.
Altyn-i: Жасанды интеллект пен блокчейннің жаңа дәуірі
Еліміздің Altyn-i (Altyn Bank) цифрлық банкі қаржылық технологияларды жаңа деңгейге көтеріп, заманауи шешімдер арқылы клиенттерге ыңғайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуде көш бастап келеді.
– Altyn-i банкінде жасанды интеллект технологиялары клиенттерге жеке қаржылық кеңестер беруге, шығындарды жоспарлауға және банктік операцияларды автоматтандыруға қолданылады. Клиенттер сұрақ қойғанда немесе кеңес сұрағанда, AI технологиясы олардың қажеттіліктерін анықтап, жекелендірілген ұсыныстар береді. Сонымен қатар банк ипотекалық кредиттерді рәсімдеу, кепіл мүлкін тіркеу үдерісін блокчейн арқылы қауіпсіз етеді. Бұл технология деректерді қорғап, оларды бұрмалаудан сақтайды. Нәтижесінде, клиенттер үшін жылдам әрі сенімді қызмет көрсетіледі. Altyn-i мобильді қосымшасы үнемі жетілдіріліп отырады. Қосымшада Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay және QR-кодтар арқылы жылдам төлемдер қолжетімді. Қарапайым интерфейс пен интуитивті дизайн пайдаланушыларға банктік операцияларды оңай орындауға мүмкіндік береді, – деген мәлімдеме берді банк баспасөз қызметі.
2024 жылы Altyn-i цифрлық банкі бірқатар маңызды қызметтерді енгізді. Клиенттер өздерінің жеке куәлігі, жүргізуші куәлігі, дипломдар, неке және бала туу туралы куәліктерді цифрлық форматта пайдалана алады. Автокөлікті онлайн қайта ресімдеу қызметі іске қосылды, бұл физикалық тұлғалар арасындағы автокөлікті оңай тіркеуге мүмкіндік береді. Клиенттер автокөліктің меншік иелері туралы ақпаратты, сондай-ақ салынған шектеулерді тексере алады. Kassa24, Paydala, Qiwi Kazakhstan терминалдары арқылы кредитті өтеу және толтыру мүмкіндігі кеңейтілді. CaspianEx серіктестігімен криптоәмиянды толтыру мүмкіндігі қосылып, клиенттерге заманауи қаржылық құралдар қолжетімді болды.
– «Алтын бөліп төлеу» бағдарламасы аясында Bazis Corporation және Sensata құрылыс компанияларымен серіктестік орнатылып, онлайн ипотека рәсімдеу жеңілдетілді. Мобильді қосымшада қауіпсіздікті күшейту және әлеуметтік инженерияға қарсы қорғаныс шаралары енгізілді. Ең үздік 5 автодилер (Orbis, Allur, Astana Motors, Doscar, Aster) арқылы автокредит беру қызметі іске қосылды. 2024 жылға қыркүйектен бастап, кепілсіз кредиттер бойынша жұбайының келісімін алу толығымен онлайн форматта жүзеге асырылады. Kaspi QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі қосылып, бұл төлемдерді жылдам әрі ыңғайлы етті. Инвестициялық серіктестікті кеңейту мақсатында Investlink платформасы арқылы клиенттерге жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ұсынылды, – деді Altyn bank.
Жасанды интеллект қаржылық алаяқтардан қорғайды
Айтпақшы, елімізде банктер қаржылық алаяқтардан қорғау үшін жасанды интеллект технологиясын енгізіп жатыр. IBA Group халықаралық IT компаниясының мәліметінше, өзін-өзі оқытатын алгоритмдер күмәнді транзакцияларды бірден анықтап, тоқтатады әрі мамандарды хабардар етеді.
– Қаржылық алаяқтық – банктер мен криптовалюта әмияндарында шоты бар кез келген адам үшін негізгі қауіп. Кейінгі екі жылда алаяқтардың шабуылдары 20%-ға өсті. Сарапшылар еліміздегі ең кең таралған схемаларды атады: криптовалюта алаяқтығы – адамдар ақшаларын алаяқтардың шотына аударады; «туысыңыз қиындықта» – жәбірленушіге қоңырау шалып, туысының жол апатына түскенін хабарлайды; «құқық қорғау органдарына көмек» – алаяқтар жәбірленушіні қылмыскерлерді әшкерелеуге көмектесуге шақырады. Банктер транзакциялық және сессиялық антифрод жүйелерін пайдаланады, бірақ олар клиенттің толық профилін немесе барлық деректі көрмейді. Бұл шектеулерді жасанды интеллект жояды. Машиналық оқыту алгоритмдері транзакциялар мен клиенттердің мінез-құлық тарихын талдап, күмәнді операцияларды уақытында анықтайды, – дейді IBA Group мамандары.
Банктеріміз AI негізіндегі жүйелерге жаппай көшіп жатыр. Оларды енгізу 6-12 айға созылуы мүмкін. Жүйелер қолданыстағы үдерістерге оңай біріктіріліп, қайта құруды қажет етпейді. IBA Group топ-менеджері екі деңгейлі AI шешімдерінің тиімділігін атап өтті. Олар клиенттің жеке мінез-құлқын және алаяқтық схемаларын бір уақытта талдайды. Егер операция екі параметр бойынша күдік тудырса, жүйе оған жоғары тәуекел деңгейін тағайындайды. Бұл алаяқтықты анықтаудың дәлдігін арттырады, жалған бұғаттаулар санын азайтады.
– Әлемде жасанды интеллект жай ғана тренд болудан қалды. Ол бизнестің стратегиялық басымдығына айналды. Қаржы секторы бұл технологияны енгізуге жоғары дайындық көрсетіп отыр. Қазақстан банктері жасанды интеллектіні клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсарту, шығындарды азайту және операцияларды жеделдету үшін пайдаланады. Жасанды интеллект банктерге клиенттерге 24/7 қолжетімділік, жылдам қызмет көрсету, шығындарды азайту мүмкіндігін береді. Бұл тек цифрландыру ғана емес, қаржы секторын қайта қалыптастыру, – дейді халықаралық IBA Group компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Иван Сукман.