Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізудің нәтижесі жақсарып келеді. Биылғы төрт айда әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 188,5 мың адамға SMS-хабарлама жолданды. 97,9 мың адам өтініш берусіз-ақ жәрдемақы немесе төлем алудың игілігін көрді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінде онда еліміздің 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы мәлімет сақталған.
ОЦК енгізудің басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақмерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың кез келген түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» да саналады.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әр азаматқа 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу, әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.
Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет. Қандайда бір сұрақ туындаса, осы байланыс орталығына хабарласуға болады.