• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Бүгін, 08:55

Күтумен өткен ғұмыр

50 рет
көрсетілді

Ол әкесін ұзақ күтті. 1945 жылы ауылына насихатшылар келіп, соғыстың аяқталғанын хабарлады. Ел қуанған сәт... Соғысқа кеткен солдаттар елге орала бастаған. Жаралан­ған жауынгерлерді бала-шаға­сы шулап күтіп алатын. Бала Борис те вокзал бойын кезіп, майдангерлер арасынан әкесін іздеп зыр жүгіретін.

Жауынгерлер «келесі эшелонмен келіп қалар» деп үміттендірсе, соғыстан қайтқан таныстары «ол Шалқар жаққа өтіп кетті» деп жұбататын. Осылай көк­тем­де соғыс аяқталғалы перрон кезген бала күзге дейін күнде келген вагон­дардың есігіне жармасып, әкесін іздеп әлек болатын. Анасы екеуі жолын тосып, келіп қалар деген үмітін үзген жоқ. Көп ұзамай «қара қағаз» келді. Бірақ бұл әкесін бір көрсем деген бала арманына кедергі бола алмады. Себебі ол қағазда «қаза тапты» деп емес, «хабар-ошарсыз кетті» деп жазылған еді. Талай қиындыққа мойымаған жандарға бұл да медеу еді. Өйткені көрші ауылдарда «қара қағаз» келіп, жоғалғандар тізіміне іліккендер біртіндеп тұтқыннан, гос­питальдан отбасына оралып жатты.

1936 жылы әкесі Нұрдәулет пен анасы Зәкия теміржолда еңбек жолдарын бастайды. 1941 жылы соғыс басталғанда Нұрдәулет алғаш­қылардың бірі болып майданға аттанады. Жоқшылық пен тұрмыстың тауқыметі төрт жасар баланы ерте есейтті. Үйіндегі хал үстіндегі шеше­сіне базар аралап, тапқан-таянғанын апарып береді.

Соғысқа аттанған әкесі хаттарында Кавказ маңайында минометші екенін жазған. Анасы Зәкияның айтуынша, күйеуі Нұрдәулет соғыста екі рет жарақаттанып, госпитальда емделгеннен кейін майдан даласына қайта оралған. Соңғы хат 1942 жылы наурызда келген. Нұрдәулет Әділшеұлы соғысқа аттанғанда артында әйелі төрт баламен қалады. Үлкені Медғат 12-13 жаста, қызы Мәруара  10 жас­та, Борис 4-те, кенжесі Махмуд 2-де еді. Борис Нұрдәулетұлы балалық шағын еске алғанда «ол кездегі біздің ит өмірді ешкімнің басына бермесін» деп отыратын.

1941 жылдың күзінде майданға аттанар алдында әкесі отбасын Миялы­көлге көшіреді. 1942 жылы шешесі Зәкия ұжымшардың сиыр қорасында кезекші болды. Үйдің үлкені 14 жасар Медғат көктемде жаңадан ашылған Фабрика-зауыт училищесіне оқуға түспек болып Ембіге кетеді. 70 шақырымдық жерге жаяу аттанған ағасы сол кеткеннен оралмаған. Осыдан кейін олардың отбасын қайғы бір айналдырғанда шыр айналдырады. Отбасын асырап отырған жалғыз сиыры ұрланды. Анасы «теміржолға жақын, жұмыс табылып қалар» деген үмітпен Жұрынға көшпек болады. Түнімен үйіндегі барын буып-түйіп есік алдына шығарып, таң ата аттанамыз деп отырғанда түнде үйіне ұры түсіп, шиттей бала-шаға астарына жайған бір көрпемен қалады. Ыдыс-аяқ, киім-кешек, жеке құжаттар. Ең өкініштісі, отбасылық суреттер мен майдандағы әкесінен келген хаттар да сол ұрланған заттардың ішінде кетті...

Таң қылаң бере қалаға баратын көлік келіп, анасы Зәкия кішкен­тай балаларымен көлікке тиелген малдың дымқыл терілерін жамылып, үсіп-тоңып Жұрынға жетеді. Жаурағандары сонша, балалары сырқаттана бастайды. Стансаға келген соң, шешелері теміржолшылар тұратын барақтан бір бөлме алып, жан бағуға көшеді. Соғыстың алғашқы жылдары ақша түгіл ас та тапшы еді. Теміржолда жұмыс істейтін анасы еңбекақысына күніне бір таба нан алатын. Кешке ол жұмыстан келер уақытта балалары шешелерінің жолын тосып, шаңдата жүгіріп шығып, үйге жеткенше нанды таласып жеп, тауысып қоятын. 10 жастағы әпкесі мен үш жасар інісі төсек тартады. Ауруы асқынған кішкентай інісі көп ұзамай қайтыс болады. Анасы Бористі ертіп №49 разъезге аттанады. Бір түнеп, ертеңіне айран, сүтін арқалап Жұрынға келсе, қызы да о дүниеге аттанып кеткен. 1943 жылы Борис Нұрдәулетұлы екі бауы­рынан – 1939 жылы туған інісі мен 1932 жылғы апасынан айырылады. Балалар Жұрындағы орыс моласына теміржолшылардың көмегімен жерленген.

Екі-үш айдың ішінде үш баласынан айырылып, күйеуінен хабар-ошарсыз қалған шешесі де көп ұзамай дертке шалдығыпты. Жалғыз ұлына қарауға да шамасы келмеді. Басын көтере алмай жатқан анасына кішкентай баласы ғана демеу болды. Бұтында түрі кеткен ескі шалбардан басқа киімі жоқ бала Борис күндегі әдетімен вокзал бойын шарлайды. Қолында консервінің қалайысы. Жағалай отырған сатушылар бірі аяп, қалайы ыдысқа бір-бір қасық сүт, айран құйып берсе, кейбіреуі қуып жіберетін. Осылай қасықтап жинаған олжасын өзі ішпей, үйінде басын көтеруге шамасы жоқ, аш жатқан анасының аузына тосатын.  

Бірде күндегі әдетімен көше кезіп жүргенде бір әйел ұстап алып, «Сен неге сұрамсақтанып жүрсің?» деп жағасына жармасқанда, бар жағдайын айтып береді. Бұл аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің инспекторы Гүлсім апай еді. Ол баланы ертіп, олар тұратын мекенжайға келіп, дәптеріне бірдеңелерді түртіп алып кетеді. Көп кешікпей бөлім отбасына май, аз да болса қант, жарма жеткізіп берді. Ал өз ісіне адал Гүлсім апай тоз-тоз болған баланы ертіп апарып, теміржолшылардың арнайы киімін үлкен болса да алып береді. Хал үстінде жатқан анасына дәрігер шақыртты. Ол кезде құралдар тапшы, келген дәрігер қимылсыз жатқан сырқаттың тірі екенін құстың қауырсынын мұрнына тақап білген. Ас ішіп, бойына қан жүгірген анасы Зәкияның да беті бері қарайды.

Борис Нұрдәулетұлы ұжымшарда алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бірақ қу жоқшылықтан мектепке бара алмай қатарынан қалып қояды. Сабаққа баратын аяқкиімі де жоқ. Сол жылғы қыс ана мен баланың есінде мәңгіге қалды. Түнейтін үйлері жоқ, жездесі берген тонға оранып, сиыр қорада қыстап шықты. Тағы да азапты күндер басталды. Көктемге қарай өзі әрең жүрген балаға безгек ауруы жабысып, сырқаты асқынып, шешесінің қазақы емінің арқасында бір өлімнен қалады. Осылайша, әбден азып-тозып жазға да жетеді.

1947 жылы анасы екеуі жаяулатып Орқаш арқылы Жұрынға жолға шығады. Орта жолда Орқаш маңын­дағы Ащықұдық деген жерде аз уақыт сиыр бағып, ауыздары аққа тиген. Сөйтіп, төрт жыл тұрып Көкбұлаққа кеткен Борис 1947 жылы Жұрынға оралып, он жасында мектеп партасына отырып, оқуын қайта бастайды. Ауыл адамдарымен араласып, әкесінің зейнетақысын алу үшін құжат жинайды. 1947–1957 жылдар аралығында мектеп бітіргенге дейін бұл қаражат үлкен көмек болды.

Соғыстан кейін де ел жағдайы бірден жақсара қоймағаны белгілі. Тамақ тапшы. Өзі қатарлы балалармен далаға барып, тышқан, борсық аулап жеген кездері де аз емес. Бірақ анасы бұл күндер өткенмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы деп айтатын. Шешесі 30-жылдары ашаршылықта көргенін айтып, осы күндеріне де шүкіршілік ететін. «Ертең бұдан да жақсы болады» деген үміттерінен қол үзбей, бір-біріне демеу болған аналы-балалы екеуі қиындықты еңбекпен, сеніммен жеңді.

Кейіпкеріміз ержеткен соң бала­лы-шағалы болып, Ақтөбеде кәсіп жүргізіп, қайырымдылықпен айналысады. 1999 жылы Ақтөбе қаласында әкесінің есімімен Нұрдәулет мешітін салды. Әкесі соңғы хатын Шешенстан астанасы Грозныйда госпитальда жатқан кезінде жіберген екен. Кейін хабар-ошарсыз кетіп, Борис Нұрдәулетұлы оның қайда қаза тапқа­нын қанша іздестірсе де, таппады. Сөйтіп, әкесінен соңғы хабар жеткен Грозныйда да үлкен мешіт тұрғызды.

Борис Байжарқынов (шын есімі Мақсат, бірақ оны Борис деп атап кеткендіктен өңірге осы есіммен танылды) «Тың және тыңайған жерлерді игерудегі еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 50 жыл» медальдарымен марапатталған. Аудандық партия комитетінің мүше­лігіне, Мұғалжар аудандық кеңе­сі­нің депутаттығына сайланған. «Нұр­дәулет мешіті» діни бірлестігінің төрағасы, жеке қайрымдылық қорын құрушы. 2008 жылы Ақтөбе облысы мәслихатының шешімімен «Облыс экономикасына және өскелең ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Ақтөбе облысының еңбегі сіңген қайраткері» атағына ие болды. Қаланы көркейтуге қосқан еңбе­гін ескере отырып, Ақтөбе қалалық мәслихатының  XXVII сессиясы №351 шешімімен 1999 жылы 27 сәуірде «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.   

Ол өмірінің соңына дейін соғыста хабар-ошарсыз кеткен асқар та­уын табудан күдерін үзген жоқ. Осы жылдың басында әкесін күтумен өткен ғұмыр мәңгілікке тоқтады. 

Соңғы жаңалықтар