• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:23

ЖИТС-тен қалай қорғанамыз

50 рет
көрсетілді

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясаты жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен осы айдың 12-16 күндеріне ұйымдастырылған республикалық репродуктивті денсаулық апталығында қоғам үшін өзекті әрі маңызды мағлұматтар кеңінен беріліп жатқаны мәлім. Сол орайда Ұлытау облыстық ЖИТС-тың алдын алу орталығының психологы Гүлнұр Беспаевамен әңгімелескен едік, деп жазады Egemen.kz.

Айта кетелік, «Репродуктивтік денсаулық» – өмірдің кез келген өсімпаздық жүйенің ауру-сырқаттары болмаған жағдайдағы толық физикалық, ақыл-ой және әлеуметтік саулығы. «Репродуктивтік денсаулық» ұғымына – жыныстық даму, жеке гигиена, жыныстық қатынас жатады.

«Репродуктивті денсаулықты қорғау, отбасын жоспарлауға көмек, ерлі-зайыптыларға немесе болашақ ата-аналарға (жастарға) маңызды болатын түрлі ақпарат беру, осылардың барлығы – іргелі адам құқықтары болып табылады. Әр адам өз отбасын жоспарлау үшін мамандардың көмегіне жүгінуге және ғылыми прогресті қолдануға құқылы. Жыныстық қатынастан бұрын, оған қаншалықты дайын екеніңді ойлап көр. Жыныстық қатынас туралы неғұрлым көп білсең (жүктілік, әртүрлі аурулар, сақтанудың түрлері және т.б.) келешек өмірің де соғұрлым тыныш және қауіпсіз болады», дейді психолог Г.Беспаева.

Психологтың сөзінше, бұл ауру адамның қорғаныс жүйесі (иммунитет) вируспен зақымданғанда басталады. Бұл АИТВ-жұқпасының соңғы сатысы, бұл – созылмалы ауруға жатады.

«Бастапқы кезеңде ауру жасырын өтеді, сондықтан адам өзін сау сезінеді және оны білмей басқа адамға жұқтыруы мүмкін. АИТВ-жұқпасының клиникалық белгілері әртүрлі, ауру әрі қарай адамның иммунитеті мен денсаулығына байланысты өрбиді. Бастапқыда, вирусты жұқтырғаннан кейін 2-4 аптада, жедел жұқпалы аурудың белгілері – дене қызуы көтеріледі, бездер үлкейіп, іштің  өтуі, денеде бөртпелер пайда болады, бас ауырып, құсады. Одан кейінгі кезең бірнеше айдан 3-5-10 жылға дейін созылып, аурудың  жедел белгілері болмайды, бірақ бездердің үлкеюі тұрақты болып, созылмалы аурулары жиі асқынады. Соңында себепсіз дене қызуы аракідік көтеріліп, әлсіздік, тершеңдік, дене салмағы азайып, жедел респираторлық тыныс жолдары жұқпаларын тез қабылдап, одан кейін пневмониямен асқынады. Дене терісінде, сіріңді қабаттарда іріңді бөртпелер, ұшық пайда болады. Бірте-бірте иммунитет төмендеуіне байланысты аурудың барлық белгілері ауырлап, аурудың  соңғы сатысы - ЖИТС-ке  ауысып, бірнеше айдан 5 жыл және одан көп жылдан кейін науқастың өлімімен аяқталады», дейді Гүлнұр Есмұратқызы. 

АИТВ-жұқпасын жұқтырып таратушы адам – аурудың барлық сатысында қауіпті саналады. Әр адам өзін жә­не туыстарын, достарын аталған індеттен қорғағысы келсе, АИТВ туралы білгені жөн.

АИТВ қандай жолдармен жұғады

Мамандардың айтуы бойынша  татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасатқан кезде неғұрлым сақ болып, инелердің залалсыздандырылуына айрықша мән беру қажет. Шприцтерді, татуировка салатын, қырынатын, маникюрлік және басқа да жеке басының тазалығын сақтауға арналған құралдарды ортақ пайдалануды болдырмау керек, яғни, бір рет қана қолданатын щприц және аспаптарды пайдалану қажет. Есірткіні тұтыну мен енгізуден аулақ болған жөн. Тату, құлақ тесу сияқты процедуралар арнайы кабинетте жасалу керек.

Егер анасында вирус болса, жүктілік және босанған кезде  анадан балаға жұғатыны белгілі. Сол орайда анадан балаға тік жолмен берілуінің алдын алу мақсатында, республикада жүкті әйелдерді АИТВ-жұқпасына  уақытылы тексеруден өткізу ұйымдастырылған.

Айта кетейік, АИТВ жұқпасы ауа арқылы (жөтелгенде, түшкіргенде), бассейнде және табиғи суда шомылғанда, ортақ әжетхананы және жуынатын бөлмені пайдаланғанда, ортақ ыдысты, асхана, төсек-орын жабдықтарын қолданғанда, құшақтасқанда, қол алысқанда, сүйіскенде, маса және басқа жәндіктер шаққанда, АИТВ жұқпасын жұқтырған адаммен бір үйде тұрғанда жұқпайды.

Сырқаттың жыныстық жол­мен берілу үлесі артып отыр

Соңғы жыл­дары аталған сырқаттың жыныстық жол­мен берілу үлесі артқан. Өкінішке қарай, жұқпаның жыныстық жолмен таралуының көбею себебі – кездейсоқ жыныстық қатынас туралы ақпараттың аз болуынан әрі адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауынан болып отыр. АИТВ-ның бұлай таралуының алдын алудың жалғыз жолы – қауіпсіз мінез құлықты ұстану және жыныстық серіктестікпен өзара адалдықты сақтау. Ойланбай жасалған мінез-құлық әрекеттері күтпеген зардаптарға әкеледі.

Медицина науқастарды толық емдей алмайды

Қазіргі уақытта медицинаның мұндай науқастарды толық емдеуге мүмкіндігі жоқ. Бірақ  ЖИТС-тің өрбуін тежеп, науқастың өмірін ұзартып, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін емдеу тәсілдері бар. Емнің мақсаты – АИТВ жұқпасы бар науқастардың ағзасындағы вирустардың көбеюін тежеп, иммундық жүйені қалпына келтіру, бұл үшін антиретровирустық препараттар қолданылады.

«АИТВ/ЖИТС эпидемиясын тежеудің ең басты жолы – аурудың алдын алу. Ал, алдын алу шаралары өте қарапайым – ол салауатты өмір салтын ұстану, есірткіні тұтынудан бас тарту, жауапты әрі қауіпсіз жыныстық мінез-құлықты ұстану, жеке басының гигиена құралдарын өзіне ғана пайдалану. Сонымен қатар, әр адам күдіксіз өмір сүру үшін АИТВ-ға тексеруден (тестілеуден) өтіп, өз денсаулығыңа бақылау жасау қажет. Жалпы әр адам өз денсаулығына саналы қарап, ең бастысы, аурудың алдын алған жөн. Дене тәрбиесімен, спортпен айналысу және дұрыс тамақтану сырқат түрлерінің алдын алып, емдеуге септігін тигізеді», дейді Ұлытау облыстық ЖИТС-тың алдын алу орталығының психологы Гүлнұр Беспаева.