Қызылорда қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды.
«Сыр жұлдыздары» деп аталатын орталықтың пайдалануға берілуіне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов және зиялы қауым өкілдері қатысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Өңірде сапалы білім, саналы тәрбие беруде жүйелі жұмыс бар. Кейінгі үш жылда білім саласына бөлінген қаржы көлемі 32 пайызға артып, 304 млрд 600 млн теңгеге жетті. Алдымызда тұрған бірінші міндет – балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. Осы бағытта білім ошағына сыймай, үш ауысымдық жүйемен оқытуға мәжбүр болған қаладағы 4 мектеп жанынан 2023 жылы 1 850 орындық қосымша құрылыс салып, мәселені түбегейлі шештік. Жаңа нысандардың ашылуы жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті ұландарымызға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Егемен елімізді өркендетудегі, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі бастамаларымыз табысты болсын», деді облыс басшысы.
Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов жұртшылықты құттықтап, ғимаратты салған «BI Global» ЖШС құрылысшылары марапат төрінен көрінді.
Қаладағы кең көшенің бойынан орын тепкен шығармашылық-инновациялық академия тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары бар.
Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, «FabLab», дыбыс жазу студиясы, роботтехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Өткен жылы өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыс нәтижесінде 13 ғимарат пайдалануға берілген. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектептің құрылысы жоспарланса, бүгінде 3 мың орындық 6 мектеп ашылды. Қалған төртеуі жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Қаланың сол жағалауынан бой көтеріп келе жатқан физика-математика мектеп-интернаты мен музыкалық колледж ғимараты салаға жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі деуге болады.
Кейінгі үш жылда 3 оқушылар сарайы мен 2 өнер мектебі іске қосылып, шәкірттердің жан-жақты қалыптасуына қызмет етіп келеді.
Қызылорда