• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Экология Бүгін, 19:00

Метан шығарындылары рекордтық деңгейге жетті

30 рет
көрсетілді

Соңғы он жылдықта климаттың өзгеруіне, жаһандық жылынуға қатысты өткен жүздеген саммит пен саяси мәлімдемелер нәтижесіз қалып отыр. Қазір  қазба отын өндірісінен шығатын метан шығарындылары жыл сайын рекордтық көрсеткішін жаңартып келеді. Эколог-ғалымдар COP30 климаттық саммиті қарсаңында дабыл қағып, әлем көшбасшыларын мәселеге бей-жай қарамауға шақырды, деп жазады Egemen.kz.

Метанның басты көзі - энергетика секторы

Халықаралық энергетика агенттігі (IEA) жарияланған Global Metan Tracker 2025 есебінде 2024 жылы ауаға таралған метан мөлшері 120 млн тоннадан асқанын айтады. Ғалымдардың мәлімдеуінше метаннан таралатын атмосферадағы парниктік газ көмірқышқыл газының әсерінен шамамен 80 есе жоғары. Осылайша ол жаһандық жылынудың шамамен үштен бірін тудырып отыр.

Метан шығарындыларының басты көзі энергетика секторы. IEA мәліметтеріне сүйенсек өткен жылы атмосфераға мұнай өнеркәсібінен - 45 млн, көмір өнеркәсібінен - ​​40 млн, газ өнеркәсібінен - ​​35 млн тонна метан шығарындылары таралған. Улы газ энергетика секторында тасымалдау немесе тарату кезінде емес, өндіру сатысында бөлінетінін айтады ғалымдар. Мәселен, биоэнергия өндіру кезінде 20 млн тонна метан шығарылады. Ал ол негізінен дамушы елдердегі үй пештерінде отын жағу нәтижесінде түзіледі. IEA сарапшылары ағаш, көмірді және басқа да органикалық материалдарды ашық отта және тамақ әзірлеуге, сондай-ақ жылытуға арналған қарапайым құрылғыларды пайдаланған кезде метанның шығарылуына ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар халықтың денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Халық тығыз орналасқан аудандарда ауаның сапасын нашарлатады. Сонымен қатар, бірқатар дамушы елдерде метан шығарындыларының деңгейі отын өндірісінің өсуіне қарамастан, 2019 жылдан бері тұрақты жоғары болып қалып отыр.

Global Metan Tracker 2025 есебінде қараусыз қалған ұңғымалар мен шахталардың шығарындылары да қамтылған, бұл 2024 жылы шамамен 8 миллион тонна метанды құрады.

 

Жалған мәлімет мәселені ушықтырады

IEA сонымен қатар мемлекеттер беретін есептің жүйелі емес екенін айтады.  Агенттіктің бағалауынша нақты шығарындылар БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясында жарияланғаннан 80 пайызға жоғары. Себебі, елдердің көпшілігі спутниктік деректер немесе тікелей өлшемдер арқылы емес, есептелген үлгілерді пайдаланып бұрыс мәлімет береді. Мәселен 2024 жылы спутниктік бақылаулар 2023 жылмен салыстырғанда шығарындылардың 50 пайызға артқанын тіркеген, бұл есептегіден 50 тоннаға артық. Олардың ішінде еліміздегі мұнай өндіру ұңғымасында орын алған апаттың салдары да көрсетілген.

 

Қазақстан жетекші елдер қатарында

Көмір метанын ең көп бөлетін Қытай, АҚШ пен Ресей. Америка Құрама Штаттары мұнай-газ секторының шығарындылары бойынша әлемдік көшбасшы болып қала береді, ал Ресей көмір өнеркәсібіне қатысты шығарындыларға жауапты.

Global Metan Tracker 2025 баяндамасында Норвегия мен Нидерланды қатаң ережелер мен заманауи технологияның арқасында әлемдегі ең төмен көрсеткіштерге ие екені айтылған. Сонымен қатар Түркіменстанда, Қазақстанда және Иранда, әсіресе мұнай-газ секторында метан шығарындылары ең жоғары деңгейде қалып отыр.

 

COP30 Бразилияда өтеді

Осы жылдың 10-21 қараша аралығында Бразилияның Белем қаласында COP30 климаттық саммиті өтеді. Бұл әлемдегі ең үлкен көміртегі ошағы және климаттық дағдарысқа ең осал аймақ болып отырған Амазонкада өтетін алғашқы жиын.

Саммитте метан шығарындыларын азайту бойынша қосымша шаралар, соның ішінде мониторинг, келеңсіздіктерді жою және тұрақты энергия көздеріне көшу бойынша міндеттемелер талқыланады деп жоспарланып отыр. Қатысушы елдерден жаңартылған климаттық міндеттемелерді ұсыну талап етіледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сәуір айында Қытай, Франция, Бразилия және Оңтүстік Африка секілді 17 елмен онлайн саммит өткізді. Ол өз сөзінде жаңартылатын энергия өндірісін «ғасырдың экономикалық мүмкіндігі» және «климат тозағынан шығу» деп атады.

Белемдегі COP30 жаһандық климаттық күш-жігердің шешуші кезеңі болады дейді сарапшылар. IEA деректері метан шығарындыларын азайтуға арналған технологиялық шешімдер бұрыннан бар дейді. Сарапшылардың айтуынша саяси ерік-жігер мен қабылданған шешімдерді жүзеге асыру мәселесі басты кедергі болып отыр.