Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2025» халықаралық робототехника фестивалі өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің жиырма облысынан, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан елінен келген екі жүзден астам мектеп оқушысы қатысты. Жас өнертапқыштар алты санатқа сәйкес бақ сынап, өз жобаларын таныстырды, деп жазады Egemen.kz.
Фестиваль тек техникалық жарыс емес, рухани мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор жиын ретінде есте қалды. Өйткені бұл байқау – физика мен роботтехника саласында биік белестерге жеткен, өмірден ерте озған дарынды жас Әлихан Мақсұттың рухына арналды. Оның жасындай ғұмырындағы жарқын жетістігі бүгінгі жастар үшін үлгі ретінде ұсынылды. Фестиваль қатысушыларына Мұрат Есжанның режиссерлігімен түсірілген «Әлиханның арманы» атты деректі фильм көрсетілді.
Білім байқауының ашылу салтанатында университет проректоры Ардақ Бейсенбай робототехника саласының жасөспірімдердің қызығушылығы арқасында дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазір робототехниканы ғалымдар ғана емес, мектеп оқушылары да игеруде. Болашақ жасанды интеллектте, робототехникада және шығармашылықта. Біз Қазақстанда жаңа технологиялардың құрылуына басты назар аударуымыз керек. Роботтехника – Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан сала, ал бүгінгі мектеп оқушылары болашақта сұранысқа ие мамандық иелері болады және болашақ ЕҰУ студенттері атанады деген сенімдемін», деді Ардақ Бейсенбай қатысушыларға арнаған сөзінде.
Ал университеттің филология факультетінің деканы, Әлиханның әкесі Серікзат Дүйсенғазы ұлтқа біліммен қызмет ету – білегіңмен қызмет етуден өнімдірек екенін жеткізді. Бүгінгі қоғам спортшылар мен мәдениет қызметкерлерін төбесіне көтергендей, еленбей қалып жататын техника саласының мамандарына дәл сондай, бәлкім одан да артық құрмет көрсетуі керектігін атап өтті. Сонымен қатар Серікзат Дүйсенғазы баласы Әлиханның арманын бүгінгі қазақ балалары орындай алса, әке ретінде қуанышы шексіз болатынын айтты.
Расында да жас Әлиханның арманы асқақ болған еді. Ол қазақтың роботтехника ғылымының өркендеуін, ал өзінің Никола Тесла сынды ғалым болуын жан-ділімен қалады. Оның бұл аңсары жеке күнделігінде жазылған екен. Фестиваль кезінде Әлиханға арналған көрме орналастырылды. Қатысушылар Әлиханның суреттерін, қолданған заттарын, қалдырған жазбаларын көріп, танысты. Сондай оқушылардың бірі Жамбыл облысының Меркі ауданынан келген 5-сынып оқушысы фестиваль себепкерінің аттасы Әлихан Есжан.
Ол осындай үлкен жарысқа алғаш қатысып, сызық бойымен қозғалатын интеллектуалды робот жобасын алып келген. Оның айтуынша, мектептегі үйірмеде бірнеше оқушы роботтехникамен айналысады.
«Фестивальге қатысарда көңілде алаң болды. Бірақ роботты құрастырып, оның өздігінен жол тауып жүргенін көргенде шабыттанасың. Содан соң техникамен дос болуға болатынына көзім жетті. Бұл тек ойыншық емес, нағыз ғылым», дейді жас өнертапқыш. Оқушыға байқаудың кімнің құрметіне ұйымдастырылып жатқанын да сұрап көрдік. «Әлихан менің аттасым екен. Өте білімді, тәртіпті бала болғанға ұқсайды. Ата-анасын тыңдайтын, достарын ренжітпейтін, мұғалімдерін сыйлайтын оқушы болыпты». Ізінше 11 жастағы Әлиханнан еліміздіге құрдастарына не тілейтінін білгіміз келді. Ол жылы жымиып «Сабақты жақсы оқыңдар!» деді.
Фестиваль бағдарламасы жыл өткен сайын жаңарып келеді. Биылғы ерекшелік — үш жаңа бағыттың қосылуы. Фестиваль ұйымдастырушысы, ЕҰУ кәсіби бағдар бөлімінің жетекшісі Ләззат Үйгебаева атап өткендей, дрон-футбол, мұғалімдерге арналған «Ликтория» алаңы және «Робот кейс» секілді бағыттар балалар мен ұстаздардың таным көкжиегін кеңейтіп отыр.
«Бүгінгі бала – ертеңгі маман. Сондықтан олардың логикалық ойлауын, жобалау қабілетін дамыту – біздің басты мақсатымыз. «Робот кейсте» балалар нақты мәселеге шешім ұсыну арқылы ғылыми жоба қорғау дағдысын үйренеді. Ал дрон-футбол – тапқырлық пен ептілікті ұштастыратын тартысты бағыт, қазіргі замандағы кең өріс алып келе жатқан киберспорт. Сондай-ақ ұстаздар үшін ашылған «Ликтория» алаңында жасанды интеллекттің білім беру саласына ықпалы сарапталды», деді Ләззат Үйгебаева. Сонымен қатар ол ауылдық мектептердің техникалық бағытқа бет бұруы — бүгінгі білім беру саясатының нәтижесі екенін жеткізді. «Біз үшін ауыл мектебінен келіп қатысып жатқан балалардың көптігі – үлкен қуаныш. Өкінішке қарай, қазір ауыл мектептерінде бала саны азайып барады. Бірақ соған қарамастан, Қызылорда, Жамбыл, Абай облыстарынан, Шығыс Қазақстаннан келген командалардың белсенділігі жоғары. Бұл – ауыл мектебі кенжелеп қалмай, үлкен жобаларға араласуға дайын екенін көрсетеді. Болашақта гранттар мен қолдау осы өңірлерге көбірек берілуі керек деп есептеймін», дейді фестиваль ұйымдастырушы.
Фестиваль қорытындысына сәйкес жеңімпаздар анықталып, оларға диплом, ақшалай сыйлық, медаль мен арнаулы кубок тапсырылды. Сонымен «Басқару симуляторы» санатында бірінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Әлихан Нысанбаев жеңіп алды. Ал «My Extra Case Competition» шығармашылық санатында жоғары жүлдені астаналық «Codi Science» командасы еншіледі. «Инверсті сызық бойымен жарысында» Елорда намысын қорғаған «Robo Com» командасы, «Мерген» байқауында көкшетаулық «Aloft» командасы үздік атанды. Ал «Micro-FPV» санатынан қарағандылық Тимофей Муравьев, «Дрон футболынан» Батыс Қазақстандық «ОБТШО» командасы жеңімпаз атанды.