• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:49

Ұлттық өнім өндірушілер қолдауды қажет етеді

20 рет
көрсетілді

Бір топ Мәжіліс депутаты отандық тауар өндірушіге мемлекеттік қолдау көрсету форматын реттейтін республикалық заңнамаға бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша бастама көтерді. Заң жобасы Үкімет қарауына жіберілді. Бірақ оның ең маңызды тұстары мақұлданбай қалама деген күдік бар, деп жазады Egemen.kz.

Саудадағы теңсіздік пен әділетсіздік

Бастамашы топ мемлекеттік орган өкілдерімен заң жобасы бойынша кездескен соң ұсыныстың ең маңызды тұстары мақұлданбай қалама деген күмән туды. Жауапты органдар тарапынан айтылған түрлі уәж осындай ойға итермелейді. Ондағы  мүдде қайшылығының мәні неде, сондай-ақ отандық азық-түлік өндіруші нарықтағы орнын неліктен шетелдік бәсекелесіне беріп қойған? Оны сала мамандары түсіндірді.

Азық-түлік қауіпсіздігі мен ұлттық экономиканың өсу мәселесі ішкі азық-түлік өндірісін арттыру арқылы шешіледі. Өнеркәсіптік сегмент үшін бұл салада біртіндеп қолайлы жағдай жасалып жатқандықтан, оның өсу әлеуеті жоғары. Алайда, отандық өнімнің тұтынушыға жету жолында, әсіресе соңғы кезеңде, сауда желілерінде сатылуында еңсерілмейтін кедергілер туады. Себебі отандық өндіруші ішкі нарықта өнімін еркін сату мүмкіндігінен шектелген. Оның мүддесі ритейл мүддесімен сәйкес келмейді.

«Жергілікті саудадағы әділетсіздік пен теңсіздік туралы айтып жүрміз. Ірі сауда желілеріне импорт өнімін сату тиімді. Өйткені импорт жоғары маржаға ие. Сондықтан оларға ресейлік, беларустық және басқа да импорттық өнімдер қызық. Ал отандық өнім қалдық принципімен сатылады. Соның салдарынан кәсіпорындар бар қуатының жартысына дейін ғана жүктеліп, жарым-жартылай жұмыс істейтіндіктен отандық өндірушінің кірісі төмендеп, мемлекеттік бюджетке түсетін салық азаяды», дейді «Қазақстан сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.  

Мемлекетке отандық бөлшек сауданың біржақтылығын әкімшілік реттеу құралының көмегімен түзету ұсынылды. Бұл позиция еркін нарықтық бәсекелестік жағдайында қолайлы болып көрінбеуі мүмкін. Әйтсе де, заң жобасының авторлары өндіріс пен сауда секторы арасындағы қарым-қатынастың осы кезеңінде мемлекет араласпаса үлкен шығындарға ұрыну қауіпі төнетініне сенімді.

«Отандық өнімді нарықта тең құқылы негізде сатуды жолға қою – ұлттық экономиканың да, азаматтардың да мүддесіне сай. Бұл заң жобасы дәл осы мақсатты көздейді», деді В.Кожевников.

 

Сөрелердегі монополия

Елдің барлық аймағында, әрбір қалада өзіндік сауда монополиясы бар. Әдетте ол бәсекелесі жоқ бір-екі ірі сауда желісі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дайындаған есепте нарықтың шоғырлану деңгейі өте жоғары екені айтылған. Бұл факт жергілікті жеткізушінің жағдайын одан әрі қиындатады. Мұндай «тар» сауда арнасында олардың өнімін ілгерілететін баламасы жоқ. Бұған қоса, кез келген сауда желісі өз шартын қойып, тауарды төмен бағамен, кейде өзіндік құнынан да арзан сатуға мәжбүрлейді.

«Сауда желілерімен жасалған келісімдер тек солардың мүддесіне бағытталған. Өз өнімін әділ бағамен сатуға мүмкіндігі жоқ өндірушіде даму түгіл, ағымдағы қажетін қамтамасыз етуге қаржы қалмайды. Нәтижесінде, жергілікті өндіріс өз қуатының тек төрттен бір бөлігін пайдаланады, өндіріс көлемі азаяды, бизнес жабылады, жұмыс орындары жойылады, ақыры салықтық түсім қысқарады», деп проблемамен бөлісті Азық-түлік секторы салалық одақтар альянсы.

Мамандардың айтуынша, отандық супермаркеттердің сөрелері импорттық өнімдерге толы. Көрші елдердің ірі кәсіпорындарына желілік сауда ережесіне бейімделу оңай. Сондықтан отандық азық-түлік өндірушінің жағдайы әу бастан-ақ әлсіз позицияда қалыптасады.

«Ішкі сауданы ірі ойыншылар өз қарамағына түгел алған. Олар өз ережесін бекітіп, басымдықтарды да өздері белгілейді. Мәселен, ресейлік жеткізуші біздегі сауда желісіне оңай еніп, еркін сауда жасайды. Тіпті өз үлесін арттыру қажет болғанда демпингке барудан тайынбайды. Ал Ресей нарығы Қазақстан өнімдері үшін жабық», дейді Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Жібек Әжібаева.

Елдің ішкі нарығындағы импорттаушылардың манипуляциясына қатысты көп оқиға жиналған. Демпинг, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері саласында, қазақстандық тауар өндірушілерді банкроттыққа жақын жағдайға жеткізеді. Алайда бұл мәселеге қарсы нақты әрекет ету мүмкіндігі жоқтың қасы.

Жібек Әжібаева шағын бөлшек сауда орындарының тағдырына да алаңдаушылық білдірді. Оларды желілік алпауыттар жүйелі түрде сіміруде. Ал шағын дүкендер мен жергілікті базарлар отандық өндірушілерді қолдайды. Олар фермер өнімін аз мөлшерде қабылдап, сатылымға шығарады. Ал ірі желілер импорттық өнімдерді үлкен көлемде әрі төмен бағамен сатып алуға басымдық береді.

 

Заңсыз ретро-бонустар

Сауда желісінің монополиялық жағдайы тек өндірушіге ғана емес, тұтынушыға да кері әсер етеді. «Қазақстан Құс өсірушілер одағының» президенті Руслан Шәріповтің айтуынша, сауда желісінде жергілікті өнімнің өндіруші бағасы мен сөре бағасының айырмашылығы 40-50%-ға дейін жетеді. Бұл ретте ресми түрде тек ретро-бонус деп аталатын қосымша төлем мойындалады.

Шын мәнінде, ел заңнамасында сауда саласындағы сыйақыларды белгілеу мәселесі нарықтың өзіне тапсырылған. Бұл сауда желілері мен ірі дүкендерге өндірушіге өз шартын таңуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік маңызы бар өнімге сауда үстемесіне заң тыйым салғанымен, басқа санаттағы тауарларға тек 5%-дық шектеу қойылған.

Алайда, азық-түлік өндірушілерінің айтуынша, ретро-бонус іс жүзінде кез келген ритейлерде бар және ол ойдан шығарылған «қызметтер» үшін төленеді. Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің соңғы есебі де растайды. Анығы сауда желілері табысының 70%-ы түрлі сыйақыдан, ал тек 30%-ы сауда үстемесінен құралады. Сонымен қатар, жеткізуші көзге көрінетін сөреге өнімін қою үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр. Соның салдарынан отандық өнім дүкеннің ең алыс сөресіне орналасады, бұл оның сатылымына кері әсер етеді.

«Өндіруші өз елінде тауарын сата алмай жатса, ал мемлекет еркін бәсекелестікті қорғау келісімін сылтауратып, жағдайды түзетуге тырыспаса – бұл дұрыс қабылдауға болмайтын жағдай. Сондықтан мемлекеттік органдар біздің пікірімізді ескеріп, заң қабылданады деп үміттенеміз», дейді Руслан Шәріпов.

Ретро-бонус заң жобасын әзірлеушілердің назарынан тыс қалмады. Олар «Сауда қызметін реттеу туралы» заңынан «сыйақы» ұғымын мүлдем алып тастап, азық-түлік жеткізушілеріне қатысты мұндай сыйақы белгілеуге тыйым салуды ұсынады.

 

Сан бар, сапа жоқ

Отандық ритейлдегі теңсіздікті түзету үшін заң жобасында азық-түлік секторының қазіргі қиын жағдайына сәйкес әкімшілік шара енгізуді ұсынады. Нақты қадам ретінде сауда желілерін отандық өнімді сөрелерде басым орындармен қамтамасыз етуге міндеттеу, қазақстандық тауарға сауда сөрелерінің кемінде 60%-ын беруге кепілдік беру, отандық өнімнің сауда желілеріне қолжетімдігін шектеуге заң жүзінде тыйым салу қарастырылған.

Ірі шетелдік жеткізушілердің азық-түлік импортының үстемдігін жою үшін сауда желілеріне төленетін түрлі төлемді ретке келтіру маңызды. Сонымен қатар, Қазақстан шекарасын азық-түлік қауіпсіздігі мен ұлттық заңнама талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің кіруінен сенімді қорғау қажет. Сала одақтарының алдын ала бағалауына қарасақ, азық-түлік өнімінің әртүрлі санаты бойынша Қазақстан нарығының 40%-ға дейінгі үлесі «сұр» схема жолымен енгізілген сапасы күмәнді импортқа тиесілі.

Азық-түлік саласының одақтары өзінің біртұтас ұстанымын қалыптастырып, депутаттық заң жобасын қолдады. Олардың пікірінше, бұл заң қабылданған жағдайда отандық өндірушіге деген көзқарас өзгереді әрі олар өз елінде өндірілген өнімдерді теңдей әрі тиімді сатуға мүмкіндік алады.

Қазіргі жағдайды сақтап қалу – ұлттық нарықтың болашағын күмәнді ету деген сөз. Отандық өнімдердің жергілікті саудадағы үлесі төмендей береді. Өндіріс құлдырайды, отандық тауар өндірушілерден түсетін салық азаяды. Ал тұтынушы ол үшін таңдауды ритейл жасайтынына көніп жүре бермек.