1945 жылғы 9 мамыр – қарулы қақтығыстан қажыған жұрттың жүрегіне үміт отын жаққан, тыныш өмір шапағатын сыйлаған күн. Тарих бетінде бұл дата бейбітшіліктің бастауы саналады. Содан болар осынау 9 мамыр күні дүние есігін ашқан талай сәби Жеңіс есімін иеленіп келеді. Қазірдің өзінде елімізде мұндай 18 мыңнан аса отандасымыз бар.
Осыдан 26 жыл бұрын атаулы күнде отбасының қуанышын еселей түскен жанның бірі – Жеңіс Жоламанұлы. Қос мерекені бөліп жармай қатар тойлау оның бала кезгі әдеті. Бүгінде Жеңіс Атырау облысы ТЖД қалалық №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі қызметін атқарады. Өмірдегі жетістіктері, биік мақсаттары атына тікелей байланысты екенін айтады кейіпкеріміз.
– Махамбет ауданы Сарайшық ауылының тумасымын. Атам бұл есімді маған батырлықтың, табандылықтың, жігер мен рухтың белгісі ретінде аманат етті. Есейіп, ержеткен соң оның мән-маңызын тереңінен түсіне бастадым. Бұл – бір жағынан еркіндік жолында жанын қиған майдангерлерге деген мәңгілік тағзымның көрінісі. Екіншіден, атыма сай жауапкершілік жүгі. Сол себепті қай салада еңбек етсем де, қай істі қолға алсам да алдыма мақсат қойып, табандылықпен жетуге тырысамын, – деді Ж.Жоламанұлы.
Ұлттық статистика бюросы берген дерекке сүйенсек, бүгінде елімізде нақты Жеңіс есімімен 3 300 азамат тіркелген. Ал «-нұр», «-хан», «-ғали», «-келді», «-бек» сынды неше түрлі тіркесі бар барлығы 15 116 адам бар. Сондай-ақ Победа деген есіммен 21 адам өмір сүріп жатыр.
Халық қаһарманы, аты аңызға айналған баһадүр Бауыржан Момышұлының құрметіне 43 534 отандасымызға Бауыржан есімі берілген. Ал ерлігімен ел есінде қалған Рақымжан атын 1 078, Қасым атын 3 938 отандасымыз иеленген.
Қазақтың қаһарман қыздары – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімдері де ұлт жүрегінде. Бүгінде республика аумағында Әлиялардың саны 66 мыңнан асып жығылады. Ал Мәншүк атты 1 173 қыз-келіншек бар. Сол бір отты жылдардан есімі ұрпаққа аңыз боп жеткендердің қатарында Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов, Хиуаз Доспанова да бар.