«Журналиске диплом емес, сезгіш жүрек, көргіш көз керек!» Бұл аты аңызға айналған қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының жүрек түбінен шыққан ашу-ызасы. Бұл сөздер Рейхстагқа алғаш болып жеңіс туын тіккен лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың есімі ел ішінде ұмыт бола бастаған тұста, ешбір журналистің бұл ерлікке үн қатпағанын көріп, төзімі таусылған сәтте айтылған, деп жазады Egemen.kz.
Кәкімжан Қазыбаевтың «Өнегелі өмір» сериясындағы естелік кітабында 1958 жылы, Бауыржан Момышұлының Қазақстанның жоғарғы басшылығына хат жазып, Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа алғаш ту тіккенін қайтадан дәлелдеу қажеттілігін алға тартқаны жазылған. Бұл хаттың артынша, тарихта алғаш рет шындыққа көз жұмуға болмайтынын түсінген Момышұлы Кәкімжан Қазыбаев бөлмесіне бас сұққанда, оны қатаң сұрақпен қарсы алған:
– Мен сені неге шақырдым? – деді Бауыржан Момышұлы.
– Білмедім, Бауке.
Темекісін сорып-сорып жіберді де, отты көзін қадай қалды.
– Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты – Рақымжан (Қошқарбаев – ред.). Міне, сол жігіт… Баукең сөзін аяқтамай қайта жүріп кетті.
– Міне, сол жігіт Рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь? Сен ұғып тұрсың ба өзің? – деді.
– Ұғып тұрмын, Бауке!
– Өтірік айтасың! Ұққан жоқсың. Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар, неге жазбағансыңдар? Сен кімсің өзі? Бұл сұраққа мен таңырқап қалдым.
– Мамандығымды айтасыз ба?
– Иә, иә, мамандығым, мамандығым дейді ғой. Мамандығың-ақ болсын. Кім мамандығың? Мен күлдім. Оны өзіңіз білесіз ғой дегендеймін.
– Не до смеха. Я тебя серьезно спрашиваю, кто ты такой? – деп айқай салды Баукең.
– Мен журналиспін. Дипломым бар. Баукең даусын сәл бәсеңдетті де:
– Сендер журналист емессіңдер, қайдағы журналист? Соғыс біткелі он үш жыл. Ана Рақымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер? «Дипломым бар». Журналиске диплом емес, сезгіш жүрек, көргіш көз керек. Жоқ, сол сендерде жоқ!
– Знаешь, ты, кто такой Рақымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Сәлем бере келіпті. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек!
Бауыржан Момышұлы Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа алғаш болып ту тіккенін дәлелдейтін архивтік құжаттарды ұзақ ізденістен кейін тауып, 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеновке арнайы хат жолдаған. Ол хатында:
«Мен Рейхстагқа шабуыл жасау кезінде лейтенант Рахымжан Қошқарбаевтың жасаған ерлігінің дұрыстығын растайтын кейбір құжаттарды таба алдым», деп жазады.
Он жылдан соң, 1970 жылы 13 ақпанда, ол Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевқа арнайы хат жазып, Рахымжан мен Григорий Булатовқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс білдіреді. Ол хатта:
«Қолда бар 30-дан астам нақты құжат Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтың Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккенін дәлелдейді… Біз оларды марапаттауды ұсынамыз», делінген.
Хат соңында қазақ зиялылары Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Шухов және Асқар Тоқмағамбетов өз қолдарын қойған.
Сол ұрыстан кейін, Кәкімжан Қазыбаев Бауыржан Момышұлының аманатын орындап, 1958 жылы 20 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаласын жариялады. Бұл мақала Рақымжан Қошқарбаевтың есімін халыққа алғаш жеткізген тарихи еңбек болды. Ол оқырманды дүр сілкіндіріп, ақиқаттың шетін ашқан алғашқы баспасөз материалына айналған.
Бауыржан Момышұлының Д.А.Қонаев пен Ж.А.Тәшеновке жазған хаттарының түпнұсқалары ҚР Орталық мемлекеттік архивінің №1432 қорында сақтаулы.