Елімізде «Батырларға тағзым» атты портал үздіксіз жұмыс істеп тұр. Онда Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан отандастарымыздың ерлігі мен жанкештілігі туралы құнды ақпараттар жинақталып жатыр. Бір ерекшелігі, веб-порталға кез келген пайдаланушы өз туысқандары туралы деректерді енгізе алады.
Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарын ұлықтауға арналған бірегей бастама Ұлттық архивте өткен көрме барысында көпшілікке таныстырылды. Іс-шара аясында порталдың мақсаты мен міндеті, оның құрылымдық ерекшеліктері кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ қатысушылар назарына сайтта жинақталған құжаттар мен майдан даласынан жазылған хаттардың түпнұсқасы ұсынылды. Арасында соғыс ардагерлері Кәри Абитов, Тәңірберген Қалилаханов, Хамит Ерғалиев, Мәлік Ғабдуллин және Ермекқали Серікбаевқа қатысты тың мұрағаттық материалдар да бар.
– Сайтты әзірлеу кезінде оның қолжетімділігі мен қолдануға ыңғайлылығына ерекше мән бердік. Кейде басқа сайттарға кірсеңіз, алдымен тіркелу керек, сосын түрлі қосымша сұраныстар, тіпті несие ұсыныстары шығып кетеді. Біз ондай қиындықтарды болдырмауға тырыстық – сайт қарапайым, түсінікті әрі тез жұмыс істейді. Онда әрбір пайдаланушы өзіне қажет ақпаратты оңай таба алады және қажет болса, оны толықтырып, өзгеріс енгізе алады. Бұл өзгерістер тексерістен өткен соң жарияланады. Порталда ардагердің аты-жөні арқылы, пошта немесе әскери комиссариаттан, сондай-ақ шақырылған уақытына қарай да іздеуге болады. Өтініштерге арналған Telegram ботты да іске қостық. Мұнда күн сайын орта есеппен 100-150 анкета түседі. Оны қарайтын сараптамалық комиссия бар. Олар келіп түскен мәліметтерді мұқият қарап, ақпараттың дұрыстығын тексереді, грамматикалық қателерді түзетеді. Содан кейін ғана ол мәліметтер сайтқа жарияланады. Жалпы, бұл жоба – барша отандық ардагерлерге көрсетілген құрмет әрі болашақ ұрпақтың жадында тарихи шындықтың мәңгі сақталуына жасалған маңызды қадам, – дейді Ұлттық архив Архивтік технологиялар мен цифрландыру бөлімінің басшысы Айдар Булашев.
Веб-портал – Мәдениет және ақпарат министрлігінің жобасы. Сайтта ардагерлерге және жобаға қатысты жаңалықтар мен оқиғалар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Қазірдің өзінде мұнда 678 мыңнан аса соғыс ардагері, оның ішінде 365 Кеңес Одағының батыры, 4 екі мәрте Кеңес Одағының батыры және 19 «Даңқ» орденінің толық кавалері және басқа да ержүрек жауынгерлер туралы кең көлемді ақпарат жинақталған.
Құжаттық көрмеге соғыс ардагерлерінің ұл-қыздары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – тарихи дата қарсаңында ел тағдырын өз тағдырынан биік қоя білген, ел тұғырын биік ету жолында ерлікпен қаза тапқан батыр бабаларымыздың қаһармандықтарына тағзым ету әрі олардың есімін тағы бір мәрте жаңғырту.
– Ұлттық архив қорына әкемнің құжаттарын тапсырдым. Мұралардың арасында әкемнің өмір мен өлім арасындағы жүрген дәптері бар. Мұны бала кезімізде көргеніміз есімде. Латынша жазылғандықтан оқи алмадық. Ертеңгі ұрпаққа мұра болсын деген ниетте, әкем қайтыс болған соң жазбаларын оқытып, кітап ретінде шығарғанбыз. Жалпы, әр жаңа буын өз санасында, жүрегінде батырлардың есімін ұмытпай, қадірлей білуге тиіс. Бұл – біздің бүгінгі бейбіт күнімізге жол ашқан, тәуелсіз еліміздің іргесін қалаған ерлердің алдында борышымыз. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы мәңгі ұмытылмауы үшін біз оны насихаттап, келер ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз, – дейді соғыс ардагері Әнуарбек Сүйіндіковтің баласы Қанат Сүйіндіков.