Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин бокстан өзінің алғашқы бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Виктор Дмитриевтің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпидалық комитеті ұжымының атынан және жеке өз атымнан орны толмас ауыр қайғыға байланысты шын жүректен көңіл айтамын.
Бұл – бүкіл спорт қауымдастығы үшін ғана емес, оның шәкірті ретінде мен үшін де ауыр қаза. Виктор Константинович тек үздік жаттықтырушы ғана емес, нағыз тәлімгер, ұстаз, үлгі болатын жан еді. Оның спортқа деген адалдығы, кәсібилігі және әрбір спортшыға ерекше көзқараспен қарай білуі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ол Қазақстандағы бокстың дамуына өлшеусіз үлес қосып, тұтас бір дарынды спортшылар буынын тәрбиелеп шығарды.
Орын толмас ауыр қазаға байланысты шын жүректен көңіл айтамын. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады», - дейді Геннадий Головкин.
Айта кетейік, Виктор Дмитриев 1953 жылы 26 шілдеде Қарағандыда дүниеге келген. Әскерде қызмет етті. Еңбек жолында алдымен тау-кен техникумында мамандық алды, кейіннен Костенко атындағы шахтада жұмыс істеді, артынша педагогикалық институттың «Дене тәрбиесі» факультетін бітірді. 1987 жылдан бастап оның жаттықтырушылық қызметі басталды. Алдымен «Еңбек резервтері» қоғамында, содан кейін Қарағанды спорт ұйымдарында еңбек етті.
Жаттықтырушылық өтілі 40 жылдан асады. Виктор Константинович бокстан облыстық олимпиадалық резерв мектебінде балаларды жаттықтырды. Ол Қазақстанның 10-нан астам спорт шеберін, спорт шеберіне 20 үміткерді тәрбиеледі. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Ал еңбегінің ең үлкен жетістігі Геннадий Головкин болып саналады.