• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат 29 Сәуір, 2025

Закиржан КУЗИЕВ: Міндетіміз – ынтымақ пен бірлікті нығайту

20 рет
көрсетілді

Еліміздің өркендеуі мен тұрақты дамуы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікке тікелей байланысты. Бүгінде бұл ұстаным ішкі саясаттың өзегіне айналып отыр. Мемлекет этносаралық тату­лық­ты сақтау үшін құқық­тық, мәдени және әлеуметтік те­тік­терді ұтымды үйлес­­тіріп келеді. Бұл жұмыстар қағаз жүзінде ғана емес, нақты істермен дәлелденіп отыр. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Парламентте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы құрылды. Алаңның қызметі, атқарылған жұмыс төңіре­­гін­д­е топ мүшесі, Сенат депу­таты Закиржан Ку­зиевпен әңгімелескен едік.

– Закиржан Пірмұхамедұлы, қан­дай заң жобаларының әзірле­нуі­не, қабылдануына белсенді атса­лыс­тыңыз?

– Сенатқа Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының атынан сайландым. Әлбет­те, институттың қоғамдағы рөлін ны­ғайтуға бағытталған бірқатар бастаманы көтердім. Осы уақытқа дейін оты­рыс­­тарда 18-ден аса депутаттық сауал жолдадым. Басым бөлігі аграр­лық мәселелерге, елді мекендерді дамы­туға, ирригация жүйесіне, ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтарды сақтауға, қоқысты қайта өңдеуге арналды.

Жұмыс барысында елді мекен тұр­ғындарының жағдайын жақсартуға, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім­ділікті арттыруға бағытталған «Ауыл ша­руашылығын дамыту туралы» және қазіргі уақытта Мәжіліс қа­рауында жатқан «Топырақты қор­ғау туралы» заң жобаларына бастама­шылық еттім.

Сонымен қатар мүгедектерге арнал­ған арнайы квоталар, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жақсарту, қайы­рым­ды­лық қорларының жұмы­сын реттеу бо­йынша заңнамалық өзге­ріс­тер енгіздік. Көпбалалы отба­сы­ларға берілетін жәрдем­ақы мөл­ше­рін арттыру, оларды тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мәселе­ле­рін де қа­радық. Осылайша, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, инфра­құ­ры­лымды дамы­туға, білім мен ден­сау­лық саласын­дағы сапаны көте­руге, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қостық.

– Сенаттағы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық құрылымның қоғамдағы орны мен маңызы туралы айтып берсеңіз.

– Қазіргі жаңа Қазақстандағы жаңғырудың басты шарты – әр мәсе­леде, шешімде біртұтас ұлт қағидатын сақтай білу. Әсіре­се жаһандағы геосаяси ахуал күр­­делі кезеңде заманның сын-қате­­ріне барынша қарсы тұрып, ел бір­лігін бекемдей түсу маңызды. Бұл БАҚ беттерінде жарияланған мақала, ақпарат не хабарлармен ғана шектелмей, экономикалық-саяси реформаларда, мемлекеттік бастамаларда нақты көрініс табуға тиіс. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобын құру туралы бас­тамасы нағыз саяси қадам болды. Осылайша, Сенатта арнайы корпус жасақталып, бүгінде алаң Парламент пен азаматтық қоғам институттары және Ассамблея арасында күн тәртібіндегі этносаралық қатынас саласындағы маңызды мәселелер турасында ой алмасып, пікір айтуға арналған тұғырнама ретінде қызмет етіп келеді.

Басты жаңашылдық, топ бұрын­ғыдай Мәжілісте ғана жұмыс істемейді. Палатааралық болып есептелінеді. Құрамда Сенаттың 10 және Мәжілістің 20 депутаты бар. Біздің міндет – еліміздегі ынтымақ пен бірлікті нығай­туды негізге алып, әр азаматтың мүд­де­сін ескеріп, құқын қорғауда мем­лекеттік саясатты заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету.

Ашып түсіндірсем, ҚХА облыс, қала және аудан әкімдіктерімен белсенді жұмыс істейді. Бұл жедел ақпарат алмасуға, туындайтын проблемаға дер кезінде ден қоюға, этносаралық ахуалдың мониторингін жүргізуге және бірлескен бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Осылай­ша, Ассамблея этносаралық саясатты әзір­леуде және іске асыруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесіп, маңызды кон­сультативтік функцияны орындайды.

Бүгінде азаматтық қоғам институттарымен әлеуметтік келісім және ұлттық бірлік, еліміздегі этносаралық қатынастарды үйлестіру бойынша бірқатар маңызды іс атқарылды. Кез­де­сулер, семинарлар, кеңестер өтті. Этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени дәріптеу тақырыбындағы жиын­дарда да ұйымдастырылды.

– Парламент пен Ассамблеяның ынтымақтастықты көздейтін тағы қандай бастамалары бар?

– «Ассамблея. Парламент. Мәс­лихаттар» жобасын ерекше атап өту керек. Бұл – Қазақ­стан халқы Ассамблея­с­ы құрылымда­рының мемлекеттік орган­дармен, Парламентпен және мәсли­хат­тармен өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған бастама. Іс-шаралар мәс­ли­хаттар депутаттарымен кездесулер ұйымдастыруды, республикалық конференциялар мен семинар-кеңестер өткізуді, сондай-ақ «депутаттық сағаттар» мен консультациялар арқылы тұрақты өзара іс-қимыл орнатуды көздейді.

Өңірлерге іс-сапарларымыз кезін­де этносаралық қатынасқа әсер ететін тілдік, ономастикалық, діни, білім, денсаулық, жер қатынастары, шаруашылық даулар, тағы басқа проб­лемалық мәселелерді жергі­лікті мәслихат депутаттарымен, әкім­дермен, тұрғындармен кезде­сіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, талқылай­мыз. Бұл да өз деңгейінде заңнамалық шешімдер қабылдауға көмектеседі.

– Ассамблея 30 жылда тұрақты­лық пен бейбітшіліктің тірегіне ай­­налды. Қазіргі таңда ұйымның бас­­ты назарында қандай мәселелер тұр?

– Иә, расында, Ассамблея құрылға­лы бері этносаралық келісім мен диа­логті дамытуда үлкен рөл атқарып ке­леді. Осы уақыт аралығында  мем­ле­­кеттік саясатты жүзеге асырушы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сананы қалыптастырушы, ұлтты бірік­тіруші құрылым ретінде де қызмет етіп отыр. ҚХА-ның одан арғы қыз­меті этностардың интеграциясына, этносаралық келісімді нығайтуға және этносаралық қатынастарды ха­лықаралық аренада үйлестірудің отандық моделін ілгерілетуге топтас­ты­рылады. Бейбітшілікті сақтау және этнос өкілдерін ортақ құндылық айналасына біріктіру жұмысы жалғаса береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»