• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Сәуір, 2025

Мойын ісігімен туған нәрестеге ота жасалды

30 рет
көрсетілді

Алматы перзентханаларының бірінде 23 наурыз күні құрсаққа біткеніне 34 апта толған ер бала сирек кездесетін, туа бітті кеселмен дүниеге келген еді. Сәбидің мойнының оң жағында үлкен кистозды лимфангиомасы болған. Онымен қоса тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі де ісіктің асқынуына себеп болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салмағы 3844 г, бойы 46 см болып туған нәрестені емхананың неонатологиялық бригадасы кесар тілігінен кейін бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосып, Алматы қаласының Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді.

Бала ауруханаға өте ауыр жағдайда келіп түскендіктен, жағдайы бірден бақылауға алынып, шұғыл көмекті талап етті. Ультрадыбыстық зерттеу деректері бойынша, құрсақішілік кезеңде өлшемі 12 см-ге жуық түзіліс бар деген диагноз қойылған. Бұл босану барысында ерекше акушерлік және хирургиялық тәсілді қажет деген сөз.

Сонымен 24 наурызда балалар жедел жәрдем бөлімінің дәрігерлері ісік тәрізді түзіліске пункция жасап, 500 мл-ден астам сұйықтықты алып тастады. Бұл нәрестенің тұншығу қаупін азайтуға көмектесті. Баланың жағдайын бөлім меңгерушісі Ұлықпан Болатбекұлы Әлсейітов бақылауға алды. Сәбиді Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер жансақтау бөліміне жатқызып, ота жасауға дайындады. Ал 26 наурызда операция арқылы лимфангиома түбегейлі алынды. Операцияны балалар хирургі Мырзахмет Саматбек пен ассистент Жалғас Күниязов эндотрахеальді анестезиямен жасады. Неонатолог, хирург және анестезиологтардың үйлесімді жұмысының арқасында ота сәтті өтті. Бала тағы үш апта бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында болды. Кейін жағдайы дұрысталған соң үйіне шығарылды.

Бұл оқиға - Алматы қаласының Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының ұжымының сирек күрделі кеселмен туған нәрестенің өмірі үшін күрестегі кезекті жеңісі. Операциядан кейін тігістер жазылып, уақыт өте келе мүлдем көрінбейтін болады.