• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Тәрбие 26 Сәуір, 2025

Табиғатты аялау балабақшадан басталады

90 рет
көрсетілді

Экологиялық мәдениет, қоршаған ортаға жанашырлық – тәрбиеден. Табиғатты аялап, қызғыштай қоруды балалар балабақшадан түйсінсе, келешекте жадынан шығармайды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мектепке дейінгі ұйымдарда іске асып жатқан «Жасыл балабақша» жобасының мақсат-мұраты осы түсінікпен үндеседі.

Жас буынға экология тақырыбында білім беріп, санасына ізгіліктің дәнін себуге бүкіл әлем құлшынып отыр. Қалалар көбейіп, инфрақұрылым мен өндіріс дамыған сайын эко­логиялық мәселелер қиындап барады. Жаһандық жылыну, табиғи ресурстардың сарқылуына да бейжай қарауға болмайды. Бүгінгі бөбектер есейгенде қай салада еңбек етсе де, табиғатты аялау керегін ұмытпағаны жөн. «Жасыл балабақша» жобасының негізгі мақсаты – осы. Бүгінге дейін елдегі 80 мектепке дейінгі білім мекемесі «Жасыл балабақша» жобасына қосылыпты. Жоба аясында шамамен 20 мыңнан аса балдырған өсімдіктерді тәрбиешілермен бірге күтіп-баптайды. Өсімдіктермен, жануарлар әлемімен танысады.  Балабақша ауласына гүлдердің, көкөністер, жеміс-жидектің небір түрін отырғызады. Сондай-ақ балалар қалдықты сұрыптауды үйренеді. Суды, электр энергиясын тиімді пайдалану туралы түсінік қалыптастырады. Осылайша, балдырғандар эко­логиялық мәдениеттің алғашқы дағдыларын үйренеді. Көрінген жерге күл-қоқыс тастамай, қор­шаған ортаны таза ұстаудың қадір-қасиетін бала жастан біліп өседі. Таным көкжиегі кеңейеді.

Жобаның тағы бір артық­шылығы – балалар тек теориялық біліммен шектелмейді. Табиғат аясында экология тақырыбына қатысты ойын ойнайды. Бақша өсімдіктерін егудің қыр-сырын меңгереді. Еккен дәннің қылтиып көтерілгенін, көгергенін, кейін піскенін бәрін-бәрін бақылайды. Бұл тәжірибе баланың ең­бекке қызығушылығын оятып, жауапкершілігін арт­ты­руға септеседі. Осындай сәтті мысал­дың бірін Тараз қала­сын­дағы мектепке дейінгі ұйым көрсетіп отыр. Балабақшаның шағын жылыжайында балалар құлпынай өсірген. Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманованың айтуынша, жаңа тәсіл балалардың экологиялық мәдениетін ерте қалыптастыруға көмектеседі.

– Жобаның бала болашағына пайдасы көл-көсір. Балалар та­биғатты қорғаудың маңызын ұғып, қоршаған ортаға жанашыр болып жетіледі. Өсімдіктерден бөлек, құстарға, жәндіктерге қамқорлық танытуды үйренеді, – дейді М.Ерманова.

Баланың экологиялық мәде­ниетін қалыптастырумен қатар дамуына көмектесетін жо­баны елдегі басқа да бала­бақшалар қолдап, қатар толығып жатса, нұр үстіне нұр. Өйткені мұндай балабақ­шалардың тәжірибесі әлемде оң нәтиже беріп келеді.