• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Жастар 25 Сәуір, 2025

Жапон компаниясындағы жас қазақ

160 рет
көрсетілді

Жасанды интеллект – заманауи әлемнің жаңа тынысы, жаңа тілі. Бұл салада көш бастап, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті маман атану – әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі іс. Алайда қазақ жастарының арасында осы шыңды бағындырған, әлем мойындаған мамандар бар. Солардың бірі – Шыңғыс Ойнар. Ол Астанада туып, Кореяда оқып, Жапонияда ең ірі маркетплейсте еңбек етіп жүрген ЖИ маманы, деп жазады Egemen.kz. Limon.kg сайтына сілтеме жасап.

Шыңғыстың балалық шағы ғылым мен білімнің ортасында өткен. Мектепте оқып жүргенде математикаға ерекше ықылас танытып, осы бағытта жетістікке жетуге ұмтылған. Оның өмірлік бағыт-бағдар берген алғашқы ұстазы – туған атасы, профессор Рысқұл Ойнаров.

Ол өз ортасында үнемі үздік болуға тырысқанын айтады. 37-лицейде оқып жүргенде, сыныптағы белсенді әрі білімді оқушылардың бірі болған. Бірақ бір күні досының Назарбаев Зияткерлік мектебіне ауысқанын естіп, өзі де НЗМ-ге түскен.

«НЗМ-ге түскен алғашқы кездерде біраз қиналдым. Бұрын тек «бестік» алып жүрген оқушымын, ал мұнда кей сабақтардан «төрт» пен «үш» ала бастадым. Бірақ уақыт өте келе, НЗМ-нің маған берер мүмкіндігі көп екенін түсіндім. Сол мектеп менің ойлау қабілетімді, білімге деген ынтамды оятты. Атам мені үнемі қолдап отырды. Ол маған ғылыми дүниелер жайлы қызықты әңгімелер айтып, логикаға құрылған есептерді шешуге баулыды. Әкем де, анам да атамды үлгі етіп отырады. «Ол қандай білімді, еңбекқор жан, сен де сондай бол» дейтін. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік еді. Өз ортамда да үнемі үздік болуға тырыстым», дейді ол.

Орта мектепті үздік аяқтаған соң, Шыңғыс жоғары білім алу Оңтүстік Кореяны таңдаған. «SKKU» Шыңғысты қабылдап, Samsung Foundation шәкіртақысын ұсынған. Бұл оған үлкен жігер беріп, төрт жылда жаңа белестерге жол ашқан білім ордасы болды.

«Кореяны мен әу бастан технологиялық жаңашылдықтың ордасы ретінде қабылдадым. Әпкем оқып жатқан университетке барып жүрген кездерімде, елдің тазалығы, тәртібі, білімге деген талабы қатты әсер етті. «KAIST» пен «UNIST»-ке түсе алмадым, бұл мені бір сәтке тоқтатып тастады. Бірақ «SKKU»-ден қабылдау хатын алған сәт – менің өмірімдегі ең елеулі күндердің бірі болды. Ол хаттан кейін араға 20 минут салып, «Samsung» шәкіртақысы тағайындалғаны туралы хабар келді. Бұл мен үшін тосын әрі қуанышты жаңалық болды. Университеттегі алғашқы семестр өте қиын өтті. Уақыт өте келе мен үздік студенттер тізіміне еніп, марапатталдым», дейді ол.

Шыңғыстың кәсіби жолы Кореядағы университет қабырғасынан басталған. Оқу мен ғылымды қатар алып жүрген студент бола тұра, ол тәжірибе жинауға ұмтылып, стартап саласына қадам басады. Үшінші курста ол электроника мамандығында оқитын бразилиялық студентпен танысып, университеттік стартапқа қосылуға шақырту алады. Бұл стартап – ел көлеміндегі ең ірі «AI Grand Challenge» байқауына қатысып жатқан жоба еді. Команда қоқысты тану мен классификациялау жүйесін жасап, Корея бойынша үшінші орынды иеленеді.

«Сол стартап менің тағдырымды өзгертті. Бастапқыда маған ұсыныс түскенде, жобаның масштабы мен байқау туралы толық білмейтінмін. Қоқыс классификациялау жобасы қызық көрінді, бірақ уақыт өте келе бұл саланың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Біз жасаған жүйе – камералар арқылы түсірілген суреттерден қоқысты танитын, әрі оны түрлі категорияларға бөлетін алгоритм болды. Менің міндетім – жүйенің дәлдігін арттыру жолдарын табу, жаңа тәсілдерді енгізу болды», дейді Шыңғыс.

Стартаптан кейін Шыңғыс Кореядағы профессорлардың бірінің зертханасына жұмысқа орналасады. Ол – жасанды интеллектіні зерттейтін ғылыми топтың мүшесіне айналады. Уақыт өте келе АҚШ-тағы «University of Southern California» университетімен бірігіп, «YouTube» платформасындағы балаларға тиым салынған контентті анықтайтын автоматты жүйе әзірлейді. Осы зерттеу нәтижесі ғылыми мақала ретінде жарияланып, Шыңғыстың кәсіби беделін нығайта түскен.

«Бір профессор менің пәндердегі жетістігімді байқап, өзінің лабораториясына шақырды. Ол кезде AI маған тым күрделі әрі түсініксіз көрінетін. Бірақ ішімдегі «қорықпа, үйренуге тырыс» деген дауысты тыңдадым. Содан бері бұл саланы тереңірек зерттей бастадым. Мен тек зерттеумен ғана шектелмей, осы сала бойынша көп оқып, түсінгендерімді блог ретінде жазып отыруды шештім. «Medium» платформасында жеке парақша ашып, онда ғылыми мақалалар мен тәжірибелеріммен бөлісе бастадым. Бұл өзімді де шыңдауға, өзге мамандармен байланыс орнатуға көп көмектесті», дейді ЖИ маманы.

Бакалавриат аяқталған соң Шыңғыс Жапонияда жұмыс істеуді таңдайды. Себебі 1990 жылдары әкесі де Жапонияда программист болып жұмыс істеген. Өзінің айтуынша осы бір рухани байланыс Шыңғысты да сол елге жетелеген. «Mercari»-ден шақырту алғаным – өмірімдегі ең күтпеген сәттердің бірі. Мен ол компания жайлы бұған дейін көп білмейтінмін. Олар маған стажировка ұсынды. Ұшу билетін, тұратын орынды – бәрін өздері қамтамасыз етті. Бұл маған жаңа ортаға тез бейімделуге, жұмысқа еркін кіруге көп көмектесті. Кейін стажировкадан соң олар мені тұрақты жұмысқа алды. Солайша «Mercari»-де жұмысымды бастадым. Біз тауарларды іздеу мен ұсыну жүйесін жасайтын командада болдық. Сонымен қатар, AI жүйелердегі қателіктерді түзетумен де айналыстым. Өз жұмысымның арқасында мен Вьетнамда, Германияда, Токиода өткен халықаралық конференцияларға қатыстым, дейді Ш. Ойнар.

«Mercari»-дегі тәжірибеден кейін Шыңғыс «Tripla» компаниясына ауысады. Бұл компания Жапониядағы қонақүйлерге арналған брондау жүйесін, төлем интерфейстерін және AI негізіндегі чат-боттарды әзірлеумен айналысады. Бүгінде Tripla – 7000-нан астам қонақүймен жұмыс істейтін ірі жобаға айналған. «Mercari» менің кәсіби жолымның үлкен мектебі болды. Бірақ мен әртүрлі тәжірибе жинап, өзімді жаңа салаларда сынап көргім келді. «Tripla»-да мен аға инженер ретінде жұмыс істеймін. Біз қонақүйлерге арналған чат-боттар жасаймыз», дейді ол. 

Шыңғыс «Tripla»-да жұмыс істеп жүріп, білімін тереңдетуді ойлап әлемдегі ең беделді бағдарламалардың бірі Оксфорд университетінің жазғы мектебінде білім алған. «Алғаш рет өтініш бергенде өтпей қалдым. Сосын тәжірибе жинап, тағы тапсырып, қабыодандым. Жазғы мектепте машиналық оқудың терең математикалық негіздерін меңгердік. Бұл теориялық білім менің практикалық дағдыларымды айтарлықтай арттырды. Жұмыстан кейін онлайн оқып, әрбір лекцияны жібермей тыңдадым. Өзімді тек инженер емес, зерттеуші ретінде де дамытқым келді», дейді зерттеуші маман.

Жас маманның ендігі мақсаты – білімін әрі қарай шыңдап, магистратура оқу. Нью-Йорк университетінен шақырту алғанымен, виза мәсклесімен оқуға бара алмаған.

«Мен NYU-ға түстім, бірақ виза берілмеді. Бұл маған оңай соққан жоқ. Бірақ мақсатыма сенемін. Ұсақ-түйек кедергі мені тоқтата алмайды. Жақсылап дайындалып, қайта тапсырамын. Менің арманым – әлемдік деңгейде білім алып, оны өз елімнің дамуына бағыттау», дейді Шыңғыс.