Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар отандық тауар өндірушілердің қызметіне қатысты заңды қарады. Сондай-ақ отырыста депутаттық сауалдар жолданды.
Өндірілген тауарлар есепке алынады
Сенат төрағасы, алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясында ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді атап өтті. Мәулен Әшімбаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, осы бағыттағы бастамаларды іске асыруға барлық ел азаматтары күш жұмылдыруы қажет екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Сенат қызметінің негізгі басымдығы екенін еске салып, палата жұмысының алдағы бағыттарына тоқталды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде аталған институттың ел дамуындағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімділігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Бұл міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының және жалпы Сенаттың назарында болады. Осы бағытта депутаттардың барлық мүдделі тараппен жүйелі диалог құруының маңызы зор, – деді М.Әшімбаев.
Бұдан соң палата отырысында сенаторлар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
– Мақұлданған заң отандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы тетіктерді одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заң арқылы жаңа отандық тауар өндірушілердің тізімін жүргізудің қағидалары мен ережелері айқындалды. Олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер де енгізілді. Сондай-ақ ірі тапсырыс берушілерге елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеуге қатысты қосымша ережелер көзделген. Заң отандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге оң ықпалын тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат спикері.
Осы құжат арқылы 3 кодекске және 19 заңға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, отандық тауар өндіруші, қарсы міндеттемелер, цифрлық верификация бағыттары айқындалды. Уәкілетті орган отандық тауар өндірушілердің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеп, бекітеді. Сондай-ақ осы тізілімді жүргізудің жаңа функциялары толықтырылды. Көрсетілген тізілімді қосу және одан шығару тәртібі де бар. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік орган тауарлардың ұлттық каталогін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді, онда тауарларды тіркеу жөніндегі функция енгізілген. Тиісті заң тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сыныптаудағы біріздендірудің бірыңғай жүйесін қамтамасыз ететін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы сыныптауышын жүргізу жөніндегі нормалармен толықтырылды.
Тізілімді қалыптастырудың жаңа тетігі қолданысқа енгізілгенге дейін берілген тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды.
Күріш шаруашылығын зерттеуге кедергі көп
Палата отырысында алғашқы болып депутаттық сауал жолдаған Андрей Лукин монополияға қарсы тергеулер жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтары жиі бұзылатынын айтып, алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, кейінгі уақытта бизнес өкілдері негізсіз тексерулер жүргізілетінін айтып жиі шағымданады.
– Мұндай әрекеттер әділ бәсекелестікті қалыптастыруға кедергі болып отыр. Әсіресе шағын және орта бизнес заңның тек формалды түрде орындалуын емес, логикаға сай, ашық әрі мемлекетпен өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты күтеді, – деді сенатор.
Ал Руслан Рүстемов Арал өңіріндегі күріш шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін көтерді. Ол Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мемлекеттік қолдауға зәру екенін алға тартты.
Сенатор Президент ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында ауыл шаруашылығы ғылымын, соның ішінде тұқым шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өткенін еске салды. Алайда қаржыландырудың тұрақты болмауынан және техникалық базаның ескіруіне байланысты күріш шаруашылығы институтының әлеуеті толық пайдаланылмай келеді. Сондай-ақ қаржы бөлінетін ғылыми-техникалық тапсырмаға орай жарияланған конкурстар шартына Арал өңірінің су тапшылығы жағдайына бейімделген күріш және басқа да дақылдардың жаңа сорттарын өсіру, сондай-ақ су және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу жөніндегі зерттеулері сай емес болып шыққан.
– Күріш институты – Арал өңірінің суармалы егіншілігін, суды тиімді пайдалану, топырақтың құнарлылығын арттыру және тұздануымен күресуді зерттейтін орталық. Сонымен қатар аймақтың негізгі дақылы күріш және әртараптандыру дақылдарының селекциясын, бастапқы тұқым шаруашылығы және агротехнологиясын әзірлеп, климат өзгерісін бағалап, болжайды, экологиялық және шөлейттену бағытындағы өзгерістерді зерттеп, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізеді. Қаржыландыруға жетекші ғалымдарды ғана емес, кіші қызметкерлерді, лаборанттар мен техникалық қызметкерлерді де қосу керек, – деді сенатор.
Ол осыған байланысты Үкімет басшысына Арал өңірінің жағдайына бейімделген күріштің жаңа сорттарын, балама дақылдарды әзірлеу жөніндегі ғылыми-техникалық тапсырманы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға конкурстық құжаттамаға енгізуге ықпал етуді сұрады.
Дәстүрлі емес медицина қауіпті
Бибігүл Жексенбай дәстүрлі емес медицинаның жүгенсіз кеткенін айтып, мәселе көтерді. Оның айтуынша, бұдан адамдардың денсаулығына қауіп төніп жатыр. Өйткені көрсетілетін қызметтердің сапасы төмен әрі ондағы қызметкерлердің медициналық білімі жоқ. Сенатор сонымен қатар халықаралық тәжірибе болғанына қарамастан, елде дәстүрлі емес медициналық қызметті реттейтін нормалар 2006 жылы жойылғаннан кейін бұл сала мүлде құқықтық кеңістіктен тыс қалған.
– Дәстүрлі емес медицина саласындағы қызметтердің сапасын арттыру үшін осы саланы заңнамалық реттеу шараларын қабылдауды қарастыру керек. Лицензиялау, сертификаттау жүйесін енгізіп, дәлелдерге негізделген рұқсат етілген әдістер мен практикалардың тізілімін жасау қажет. Бұл азаматтардың денсаулығын қорғауға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және тиімді әрі қауіпсіз дәстүрлі емес медицина әдістерін көлеңкелі аймақтан шығаруға мүмкіндік береді, – деді Б.Жексенбай.
Депутат Жанна Асанова болса адамдардың есірткілік және токсикоманиялық масаю күйін әсіресе, жаңа психоактивті заттарды, сондай-ақ ұшпа ингалянттардың уытты әсерін медициналық жүйелер анықтай алмай отырғанын айтты. Оның айтуынша жыл сайын мас күйіндегі адамдардың «мас емес» деп танылу жағдайлары артып келеді. Қазіргі қолданылып жүрген зертханалық әдістер синтетикалық каннабиноидтар, катинондар және жасөспірімдер жиі қолданатын ұшпа ингалянттарды анықтауға қауқарсыз. Аталған заттардың әсері тез өтетіндіктен әрі олардың саудасы шектеусіз болғандықтан, полиция мен медицина қызметкерлері мұндай жағдайларға тиімді әрекет ете алмай отыр. Сенатор медициналық куәландыру саласындағы нормативтік және техникалық базаны кешенді түрде жаңғыртуды ұсынды.
Жекеменшік мектептер көбейіп кетті
Сенатор Наурызбай Байқадамов жеке меншік мектептердің көбейіп кеткенін мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, елде жекеменшік мектептер қарқынды дамып келеді және мемлекет бұларға айтарлықтай қолдау көрсетіп жатыр. Алайда жекеменшік мектептер саны артып, оны реттеу назардан тыс қалған.
– Жер телімдері бастапқыда жекеменшік құқығындағы кәсіпкерлік немесе жеке тұрғын үй ретінде алынып, кейін нысаналы мақсаты өзгертіліп, мектеп ретінде ашылып жатыр. Салынатын мектеп құрылысының құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетін типтік жобасы бекітілуі керек. Жекеменшік білім ұйымдарының атауы ономастика саласындағы заңнамалармен реттелуі керек. Мектеп құрылтайшылары бала санын көбейту үшін орталыққа елді мекендерден балалар тасымалдап жатыр. Ал ол балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі – алаңдатарлық жағдайда, – деді сенатор.
Ол оқу орындарын салу кезінде жергілікті билік органдарының пікірлерін ескеру қажеттігін, сондай-ақ жекеменшік мектептерді қаржыландыру және оқушылардың әлеуметтік қамсыздандырылуын ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауды ұсынды.
Сондай-ақ Жанболат Жөргенбаев Алматы облысындағы газдандыру және сумен жабдықтау мәселелеріне Үкіметтің назарын аударып, қордаланған түйткілдердің шешімін ұсынды. Онда депутат Кеген және Райымбек аудандарын газбен қамтамасыз етуге «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральды газ құбырының құрылысы 2020–2025 жылдарға жобаланғанын мәлімдеді. Алайда бұл жоба әлі қаржыландырылмаған. Нәтижесінде, жобаның сметалық құны өсуі мүмкін. Қазір 32,3 млрд теңге көлемінде қаржы жетіспеушілігі байқалады, ал бұл 2025 жылға арналған жоспарлардың орындалуын қиындата түседі.
Сенатор бұған қоса облысты орталықтандырылған сумен жабдықтау проблемасын көтерді, оған 2025 жылға 24 нысан бойынша сумен жабдықтауды салу және жаңарту үшін 17,9 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік өтінім берілген. Атап айтқанда, Талғар ауданының Бесағаш, Кіші Байсерке ауылдары мен Іле ауданының «Жомарт» тұрғын үй кешеніне тиісті қаржы бөлу керек. Бұл жобаларды іске асыру өңірдегі ауылдық елді мекендердің 99,7 пайызын ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.