• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Еңбек 24 Сәуір, 2025

Курьер табысы қанша?

60 рет
көрсетілді

Таң бозынан түн ауғанша қалада сары сөмкесін асынып, велосипед не самокатпен әрлі-берлі зулап жүрген жастарға көзіміз үйренген. Біразы курьер қызметін қосымша табыс көзі емес, негізгі кәсібіне айналдырған. Көше пейзажының үйреншікті көрінісіне айналғандардың табысы қанша, жай-күйі қандай?

Орташа жасы – 36

Интернетте «Айына 900 мың теңгеге дейін табыс тап» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Бұл қызметті ұсынатын компаниялар да көбейген. Жастар да жатсынбай нәпақасын тауып жатады. 2019 жылы елімізге қатарынан 3 ірі жеткізу қызметі келді: «Яндекс», «Glovo» және «Wolt». Әуел­де тек «Chocofood» бар-тын. Каран­тин уақытында, одан кейін де азық-түлікті, тағам мен дәрі-дәрмекті жеткізіп беретін бұл қызмет өрісін кеңге жайды.

Жақында копенгагендік зерт­теу­шілер 23 елдегі курьер­лердің өмір салтын зерттеді. Саралау объектісі ретінде «Wolt» компаниясын алған. «Copenhagen Economics» сауалнамасына сәй­кес 23 елдегі курьерлердің өмірі мен жұмыс тәжірибесі сан алуан. Зерттеуге қатысқан 20 мыңнан астам курьер­дің 42%-ы – тұрақты немесе жартылай жұмыс істейтіндер, 21%-ы – студенттер, 17%-ы – жеке кәсіп­керлер, 8%-ы – отбасына қарайтын жандар.

Ал «Wolt» курьерлерінің орташа жасы – 36. Зерттеуге сәйкес олардың 40%-ы орта мектептен кейін білім алған, 22%-ы – жоғары білімді. Бұл курьерлердің жеткізіп беру қызметін уақытша табысқа  емес, кәдімгі күнкөріс құра­лына айналдырғанын айқын­дап отыр.

 

Кеңседен – мопедке

Арман Сапаралиев – бұрын кеңседе жұмыс істеген жігіт. Таңғы 9-да келіп, кешкі 6-да кете­тін кәдім­гі қызметкер болған. Бір күні бәрін тастап, курьерлікке ауысты. Басын­да шешімі көпшілікке оғаш кө­рін­ген шығар, бірақ Арман өкін­бейді.

– Алғашында жаяу жүретін курьер болдым. Күніне 10 мың теңге табыс түсетін. Кейін ойланып, мопед сатып алдым. Қазір күніне 40-50 мың теңге табамын. Кестем – 6/1, таңғы 10-нан кешкі 8-ге дейін. Жалақы күнде түседі. 50 мың тапсам, 10%-ы компанияға кетеді, – дейді ол.

Сөйтіп, Арман кеңседегі бір айлық табысты бір аптада табу­ға көшкен. Ешкім сағат санап тұрмайды, өзі – қожайын, өзі – қызметкер. Алайда бәрі керемет емес. Былтыр қатты суық тигізіп алыпты. Қазір 30 жаста. Келешекте бұл жұмыспен ұзақ айналыса алмайтынын түсінеді. «Шамамен 35 жасқа дейін істей аламын. Одан кейін ұят болып көрінуі мүмкін. Жас кезде жарасымды», дейді ол.

 

Ақша жинауға ыңғайлы

– Ақша жаман емес. Бірақ бұл – уақытша тірлік. Болашақта маман­дығым бойынша жұ­мыс істегім келеді. Бүгінде күн соңында қалтамда 10-12 мың теңге қалады. Бұл – қуантарлық жағ­дай. Себебі табысты бірден аласың. Бірақ тұрақты тірлік емес, – дейді курьер Ұлан Матай.

Оның бұл сөзі бүгінгі курьер­лер­дің күйін дөп басады. Жет­кізуді – жай ғана тағам тасу деп түсі­нетіндер көп. Алайда бұл – көрінбейтін, есепке кірмейтін, жанды қажытатын еңбек.

Ұлан қала көшелерін кезіп, күніне 10-нан аса тапсырыс орындайды. Әр жеткізуге шамамен 350-400 теңге алады. Арақашықтық ұл­ғайса, әр шақырымға 110 теңге қосылады. Тапсырыс күткен уақы­тына да, қолайсыз ауа райына да қосымша төлем бар. Егер аптасына 100 тапсырыстан асыра орындаса, 35 мың теңге бонус беріледі. Бірақ мұның бәрінен компания 21% ұстап қала­ды.

Курьерлік жүйеде рейтинг – барлығын анықтайтын өл­шем. Жоғары рейтингтегі курьер­лерге орталықтағы құнды тапсырыстар беріледі. Төмен рейтингтегілерге – шеткі аудандар мен арзан жеткізілімдер тиесілі. Тапсырыс­ты нашар орындасаң, рейтинг көтерілмейді. Бас тартсаң – одан бетер төмендейді. Осылай бір шеңбердің ішінде шыр айналып жүре береді.

– Кейде тапсырыстарды жаяу жеткізуге мәжбүрмін. Ондай күндері 3-4 мың теңгеден аспайды. 10 сағаттық еңбектің өтеуі осы ғана. Әрине, мұндайда күйінесің. Бірақ таңдау жоқ. Электрсамокат пен мопед – арман. Себебі оларды сатып алуға да, күтіп ұстауға да қаржы керек. Курьер болу – тек жүру мен жеткізу емес. Бұл – адам­дармен үнемі бетпе-бет келе­тін мамандық. Бірі жылы қар­сы алса, екіншісі ашумен қабыл­дайды. Қолдау қызметінен көмек сұрасаң да, нақты шешім емес, дайын жа­уап аласың, – дейді Ұлан.

Сөйте тұра Ұлан тапқан табысын жинауға тырысады. Себе­бі оның сөзінше, «ертең бір қиын­дық болса, қол ұшын созатын ешкім жоқ». Сол себепті күн сайын шотына түскен ақшадан бір­азын іркіп қалады. Күнделікті та­бы­сының шамамен 4 000-5 000 теңге­сін жинақ шотына аударып отырады. Бұл – қаржыгерлер ұсы­натын классикалық әдіске ұқсас. «50/30/20» қағидасына сай, табыс­тың 20%-ы жинаққа бағыт­талуға тиіс. Ұлан мұны өзінше бейімдеген.

– Психология мен нейроэкономика саласында жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, кішігірім қаржылық жеңістер – адам миын­да дофамин бөлінуіне әсер етеді. Бұл – мотивация мен шешім қа­был­дауға жауап беретін гормон. Демек күн сайынғы шағын жи­нақ – адамның болашаққа сені­­мін арттырып, өзін-өзі баға­лауын көтереді. Курьерлік жұмыс сон­дықтан да ұнайды. Қазір 6 ай жұ­мыс­сыз қалсам, өмір сүретін жина­ғым бар, – дейді жас курьер.

Еліміздегі жастардың 60%-ға жуы­ғының төтенше жағдайға ар­налған арнайы жинағы жоқ («Halyk Finance», 2023). Яғни күтпеген жағдай туындағанда қарызға батып немесе табыссыз қалады. Қаржы сарапшысы Стивен Дьюбнер «Small Habits, Big Changes» атты еңбегінде «Күн­делікті 1 доллар жинаған адам жыл соңында тек 365 доллар емес, өзін жеңген адам болады», дейді.