• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект 24 Сәуір, 2025

Жасанды интеллект: жаңа стратегия, инфрақұрылым, адам капиталы

30 рет
көрсетілді

Елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынып жатыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтылды. Іс-шараға Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов, «Astana Hub» технопаркінің бас директоры Дания Ахметова қатысты.

Алты бағытты қамтиды

2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы алты негізгі бағытты қамтиды: деректер, инфрақұрылым, адам капиталы, ғылыми зерттеулер, құқықтық реттеу, акселерациялық бағдар­ламалар. Қазір бұл тұжырым­даманы ұлттық стра­тегияға айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Мемлекет басшысының тіке­лей тапсырмасымен жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру – білім беру, ғылыми зерттеу­лер, инфрақұрылым, норматив­тік-құқықтық база, кәсіп­кер­лік сынды бірнеше ірі компонент­­ті қамтиды. Біз жасанды ин­теллектіні дамытудың кешен­ді тәсілін ұстанып отырмыз: мек­теп оқушыларынан бастап мем­лекеттік қызметшілерге дейінгі барлық деңгейде адам капиталын дамытып, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды құрудамыз», деді Ғ. Байтұрсынов.

Министрлік өкілінің баян­дауын­ша, 2024 жылдың 27 сәуі­рінде Үкіметтің №342 қаулысы бойынша министрлік жанынан Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту коми­теті құрылған. Бұл орган — са­ладағы нақты істер мен страте­гиялық шешімдерді үйлестіретін орталық құрылым.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын дайындаған. Құжат жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу мен енгізуді кешенді түрде реттеуге бағытталған. Онда мем­лекеттің салалық саяса­ты­ның шекарасы белгіленіп, ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі, ашықтығы және жауапкершілігі жөніндегі ұстанымдар айқын көрсетілген. Сонымен қатар аталған технологияларды қоғам өмірінің түрлі салаларына этика­лық әрі бақыланатын түрде ен­діру жолдары қарастырылған.

 

Инфрақұрылым мен технологиялық даму

Министрлік жасанды интеллект үшін технологиялық инфрақұрылымды құру шең­бе­рінде «NVIDIA» есептеу қуаттарын ел аумағына экспорт­тауға өтінім берген. Сонымен қатар «NVIDIA L40s» арнайы графикалық видео­картала­ры сатып алынып, олар «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жұмыс істеп тұрған дерек­терді өңдеу орталығында орналастырылған. Бұл ресурс­тар «KazLLM» қазақ үлкен тілдік моделіне негізделген мемлекеттік өнімдерді орналастыруға пайдаланылады.

«KazLLM» моделі 148 мил­лиард токеннен тұратын көптілді деректер жиынтығында оқытыл­ған. Модельдің 8 және 70 миллиард параметрлі екі нұсқасы әзірленген.

«Дамып келе жатқан супер­ком­пью­терлік инфрақұры­лым Ұлттық жасанды интеллект плат­­формасымен біріктіріліп, мем­лекеттік цифрлық өнімдерді әзірлеу мен енгізудің негізгі элементі болады. Платформа деректер жиынтығын, есептеу ресурстарын, жасанды ин­теллект модельдерін әзірлеуге, оқытуға арналған құрал­дар­ды қамтиды. Оның негізін­де мемле­кеттік қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетуге әрі мемлекеттік органдар қыз­метінің тиімділігін арт­тыруға бағытталған жасанды интеллект агенттердің 11 прототипі әзірленді», деді министрлік өкілі.

 

Білім беру

«Astana Hub» технопаркінің бас директоры Дания Ахметова­ның айтуынша, «Industrial AI Accelerator» бағдарламасы аясында тау-кен өндірісі, энергетика, медицина, қаржы технологиялары және мемлекеттік қызметтер салаларында жасанды интеллектіні енгізуге 27 қанатқақты жоба іске қосылған. Бағдарламаға 116 компания өтінім беріп, 32 компания іріктеуден өтіп отыр. Олардың ішінде 4 жобаның тиімділігі дәлелденіп, қолдануға ұсынылып отыр.

Ал адам капиталын дамыту мақсатында министрлік алдағы 5 жылда 1 млн адамды жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларына үйретуді жос­парлап отыр. Бұл бағытта «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылып, онда білім беру, зерттеу, стартаптарды қолдау бағытындағы жобалар жүзеге асырылады.

Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Astana Hub»-пен бірлесіп, еліміздің азаматтарын цифрлық болашаққа дайындауға маңызды қа­дам­дар жасап жатыр. Жасанды ин­­тел­лектіні дамыту бағы­тын­­­да елімізде қолға алын­ған маңыз­­­­ды бастамалардың бірі – «Decentrathon» деп аталатын ірі кө­­лем­­ді хакатон. Бұл – еліміздің түк­­­пір-түкпірінен келген жас ма­­ман­­дарды біріктіретін көп лока­ция­лы технологиялық жарыс.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдыларына 1 миллион отандасымызды оқытуды жоспарлап отыр. 5 жыл ішінде 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент, 90 мың мемле­кеттік қызметкер, 80 мың бизнес өкілі мен түрлі салалардағы азаматтар қамтылмақ. Мақсат – технологияларды тек тұты­на­тын емес, оларды жасай ала­тын, қолдана білетін ұрпақ қа­лыптастыру», дейді Д.Ахметова.