Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің жабылуында сөз сөйледі. Президент жаһанда түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан кезеңде дін көшбасшылары барша халыққа адамгершілік қасиеттер мен гуманистік құндылықтардың шамшырағы болуы тиіс екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Екі күн ішінде сіздер Съезд жұмысының басты бағыттары мен келешек күн тәртібі туралы ортақ ұйғарымға келдіңіздер. Ол бірлескен қорытынды Декларацияда көрініс табады. Барлық форум қатысушыларын, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерін осы Декларацияның идеяларын белсенді насихаттауға шақырамын. Сіздердің климат өзгерістерімен күрестегі дін басшыларының рөлі туралы құжат әзірлеу, сондай-ақ дін және гуманизм тұрғысынан жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың жалпыға бірдей қағидаттарын қалыптастыру туралы Съезд Хатшылығына берген ұсынымдарыңызды толық қолдаймын. БҰҰ Өркениеттер альянсының сессиясын айрықша атап өткім келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы тарихи ескерткіштерді, мәдени әралуандықты және адамзаттың рухани мұрасын сақтау үшін діни нысандарды қорғау өте өзекті екенін жеткізді.
«Қазақстанда мұндай іс-шараларды өткізу Орталық Азия аймағында аталған мәселе үлкен маңызға ие екенін көрсетеді. Жас діни көшбасшылар форумы өскелең ұрпақтың сабақтастықты сақтауға, диалог пен өзара түсіністік жолын жалғауға ұмтылатынын байқатты. Яғни әлемнің келешегі бар деген сөз. Сарапшылардың дөңгелек үстелі рухани дипломатияның әлеуетін кеңінен түсінуде ғылым мен діни ілім синергиясы маңызды екенін танытты. Бұл бағытты халықаралық ынтымақтастықтың құрамдас бөлігі ретінде күшейту қажет деп санаймын. Съезде дін көшбасшыларының бейбіт қатар өмір сүруге шақырып, бейтарап, саяси реңк бермей, ортақ үн қату идеясы талқыланды. Осы арқылы жаңа, анағұрлым орнықты әрі әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыруға елеулі үлес қосуға болады», деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан барлық деңгейдегі дінаралық және мәдениетаралық диалогты толық қолдайтынын және Съездің жаһандық пікірталас алаңы ретінде ықпалын арттыруға тырысатынын атап өтті.
«Біз Съезд Хатшылығының БҰҰ институттарымен және басқа да құрылымдармен серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Оған халықаралық серіктестеріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады. Бейбітшілік – ең басты байлығымыз. Бұл – барша елдерге, халықтар мен діндерге ортақ аса маңызды құндылық. Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық баянды болашақтың мызғымас кепілі саналады. Сіздер осы жолда аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі басқосуды соның жарқын көрінісі болды деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Съезд табысты өтті. Баршаңызға зор алғысымды айтамын. Игі мақсат жолындағы ынтымағымыз одан әрі нығая береді деп ойлаймын», деді Президент.